Өлтірді, өзі де өлді
Өлтірді, өзі де өлді
156
оқылды
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында орын алған қанды оқиға  жалпақ жұрттың жағасын ұстатқаны жасырын емес. Аудан орталығынан шалғай жатқан Мамай ауылындағы шаруашылықта екі бірдей әйелді бауыздап өлтіріп, ізін суытқан қылмыскерді құқық қорғау саласының қызметкерлері тұп-тура бір ай іздеген болатын. Жуырда қандықол қылмыскердің денесі өлі күйінде табылды. Оқиғаны басынан баяндасақ. Мамыр айының соңында Мамай ауылында малшы болып жалданып жұмыс істеп жүрген 54 жастағы  Өзбекстан азаматы екі әйелді айуандықпен өлтіріп, денелерін бастырма астына жасырып, өзі қылмыс орнынан ізін суытқан. Қанды оқиғадан төбе шашы тік тұрған тұрғындар  сол кезде  екі әйелді  қаскөй алдымен азаптап, сосын барып өлтіргенін айтты. Таудағы екі бөлмелі үйде  қолы қанға боялған малшы жалғыз тұрған көрінеді. Осында екі айдан бері мал бағып жүрген. Ал қайтыс болған әйелдің бірі келесі қожалықта аспазшы болса,  екінші әйел қонаққа келген құрбысы болған. Бірақ 50 және 38 жастағы екі азаматша күдіктінің  үйіне не себепті барғаны белгісіз. Құзырлы органдар аталған оқиғаға байланысты ресми ақпаратты бірден бермегендіктен, көпшілік болған  жайды ауыл тұрғындарының аузынан естіді. Олардың айтуынша, қаскөй қылмыстық әрекеттен кейін атымен ауыл ішімен өтіп, кейін оны бағанаға байлап, теміржол бағытында ізін суытқан екен. Осылайша, ұшты-күйлі жоғалып кеткен күдіктіге полиция қызметкерлері  жаппай іздеу салды. Артынша   Жамбыл облысы ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі Әнуар Карипсейтов: «Аталған дерекке қатысты ҚК 99-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ бірқатар сараптама тағайындалды», – деп хабарлады. Осыдан кейін бір ай ішінде қара халық бұл оқиғаны  ұмыта бастаған еді. Алайда 27 маусым күні жоғалып кеткен күдіктінің өзі  өлі күйі табылып, қара халықтың назарын тағы өзіне аударды. Осы орайда, біз Жамбыл облыстық Полиция департаментінен оқиғаның мән-жайын сұрадық. «2010 жылдың 18 мамырында сағат 11:30-да Т.Рысқұлов ауданының полиция бөлімінің кезекші бөліміне Т.Рысқұлов ауданы Мамай ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығының аумағындағы үйде екі әйел мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Kylan Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері шаруа қожалығынан 1970 және 1982 жылы туылған екі әйелдің зорлықпен өлтірілген мәйітін тапқан. Аталған дерек бойынша ҚК-нің 99-бабы 2-бөлімі (екі және одан да көп адамды өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2020 жылдың 27 маусымында Т.Рыс­құлов ауданында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында өзіне-өзі қол жұмсау белгілері бар (асылып қалған) мәйіттің табылғаны анықталып, алдын ала жеке заттары бойынша болжаммен күдікті анықталды. Күдіктінің қайтыс болу себебін анықтау үшін бірқатар сараптама та­ғайындалды. Тергеу мүддесіне сай қылмыстық істің егжей-тегжейі ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбайды», – деген ақпарат берді департаменттің баспасөз қызметі. Әрине, тергеу амалдарына байланысты көп нәрсе құпия сақ­талатынын түсінеміз. Алайда екі бірдей мәйіт табылған шаруа қожалығы кімге тиесілі? Неге қожалық иесінің аты еш жерде айтылмайды? Әрі Өзбекстан азаматы онда малшы болып қайдан жүр? Күдікті екі бірдей азаматшаны қатыгездікпен өлтіргеннен кейін, бір ай бойы тығылып жүріп, енді қалай асылған күйі табылып отыр? Бір айдың ішінде ол ізін суытып үлгерген жоқ па еді? Тау асып кетсе, ешкім тап­пас еді ғой? Міне, осы сауалдар қазір көп­шіліктің көкейінде жүргені даусыз. Біз де өз тарапымыздан бұл сауалдарға  жауап таппақ мақсатта, Мамай ауылына қарасты Қайыңды ауылдық округінің әкімдігіне хабарластық. Округ әкімі Азамат Асанбай бірқатар жайттың бетін ашып берді. –  Негізі, қылмыс жасалған орын «Абир» шаруа қожалығына тиесілі. Оның иесі Тараз қаласында тұрады. Алайда қанды оқиға орын алмас бұрын қожалықты ауылымызға  жауапты учаскелік полицейдің анасы сатып алмақ болып жатқан. 20 қойын әкеліп  «Абир» қожалығының басшылығымен  келіссөз жүргізе бастаған еді, мынадай жағдай орын алды. Естуімше, Өзбекстан азаматын малшылық қызметке де учаскелік полицейдің анасы алған көрінеді. Бірақ оның анық-қанығын білмедім. Бір білетінім, қазір қылмыс орын алған шаруашылықта тіршілік тоқтап тұр, – дейді округ әкімі. Округ әкімі өтірік айтады дегеннен аулақпыз. Демек, мұнда тергеу амалдарын тереңірек қазатын дүниелер бар секілді. Сол себепті де қожалық иесіне қатысты еш ақпар айтылмай келген болар. Алайда  ақиқаттың түбі айтылары анық. Әрине, біздің  тергеу амалдарына келтірер еш күмәніміз жоқ. Ауыл тұрғындарының үрейін алған бұл қылмыстық оқиғаның ашығы айтылып, нүктесі қойылса деген ниет бар.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы