Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері шаруа қожалығынан 1970 және 1982 жылы туылған екі әйелдің зорлықпен өлтірілген мәйітін тапқан.
Аталған дерек бойынша ҚК-нің 99-бабы 2-бөлімі (екі және одан да көп адамды өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
2020 жылдың 27 маусымында Т.Рысқұлов ауданында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында өзіне-өзі қол жұмсау белгілері бар (асылып қалған) мәйіттің табылғаны анықталып, алдын ала жеке заттары бойынша болжаммен күдікті анықталды.
Күдіктінің қайтыс болу себебін анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу мүддесіне сай қылмыстық істің егжей-тегжейі ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбайды», – деген ақпарат берді департаменттің баспасөз қызметі.
Әрине, тергеу амалдарына байланысты көп нәрсе құпия сақталатынын түсінеміз. Алайда екі бірдей мәйіт табылған шаруа қожалығы кімге тиесілі? Неге қожалық иесінің аты еш жерде айтылмайды? Әрі Өзбекстан азаматы онда малшы болып қайдан жүр? Күдікті екі бірдей азаматшаны қатыгездікпен өлтіргеннен кейін, бір ай бойы тығылып жүріп, енді қалай асылған күйі табылып отыр? Бір айдың ішінде ол ізін суытып үлгерген жоқ па еді? Тау асып кетсе, ешкім таппас еді ғой? Міне, осы сауалдар қазір көпшіліктің көкейінде жүргені даусыз. Біз де өз тарапымыздан бұл сауалдарға жауап таппақ мақсатта, Мамай ауылына қарасты Қайыңды ауылдық округінің әкімдігіне хабарластық. Округ әкімі Азамат Асанбай бірқатар жайттың бетін ашып берді.
– Негізі, қылмыс жасалған орын «Абир» шаруа қожалығына тиесілі. Оның иесі Тараз қаласында тұрады. Алайда қанды оқиға орын алмас бұрын қожалықты ауылымызға жауапты учаскелік полицейдің анасы сатып алмақ болып жатқан. 20 қойын әкеліп «Абир» қожалығының басшылығымен келіссөз жүргізе бастаған еді, мынадай жағдай орын алды. Естуімше, Өзбекстан азаматын малшылық қызметке де учаскелік полицейдің анасы алған көрінеді. Бірақ оның анық-қанығын білмедім. Бір білетінім, қазір қылмыс орын алған шаруашылықта тіршілік тоқтап тұр, – дейді округ әкімі.
Округ әкімі өтірік айтады дегеннен аулақпыз. Демек, мұнда тергеу амалдарын тереңірек қазатын дүниелер бар секілді. Сол себепті де қожалық иесіне қатысты еш ақпар айтылмай келген болар. Алайда ақиқаттың түбі айтылары анық. Әрине, біздің тергеу амалдарына келтірер еш күмәніміз жоқ. Ауыл тұрғындарының үрейін алған бұл қылмыстық оқиғаның ашығы айтылып, нүктесі қойылса деген ниет бар.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы