Осы орайда, «Nur Otan»-нан басқа әлеуметтік аз қамтылған жандармен нәтижелі жұмыс жүргізіп отырған бірде-бір партияның жоқ екенін айта кеткен жөн. Қабылдау бөлмесіне келген әр азаматтың өтініші көп жағдайда аяқсыз қалмайтыны да ақиқат. Бұл партия атқарған іс-шаралардың нәтижелілігін айғақтай түседі.
Сөзіміз дәлелді болу үшін қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметіне, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының статистикасына аз-кем тоқталып өтейік. Жалпы, жыл басынан бері қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 224,1 мың тұрғыннан өтініш келіп түскен. Бұл 2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 3,6 есеге көп. Мәселелердің 56%-ы (126,4 мың) оң шешімін тауып, 42%-ы (92,9 мың) нақтыланды, қалған 2%-ы (4,8 мың) бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қоғамдық қабылдау бөлмелері онлайн жұмыс режиміне көшкеннен кейін (13 наурыздан бастап) партияның қоғамдық қабылдау бөлімдерінің онлайн қызметтері күшейтілді. Партияның әр филиалында сенім телефондары ашылды. Соның арқасында 109 мыңнан астам тұрғыннан қоңырау келіп түскен. Партияға келетін онлайн-өтініштердің саны 5,3 есеге, оның ішінде әлеуметтік желілер (Facebook және Instagram) бойынша өтініштер – 17,5 есеге, Call-орталықтағы өтініштер– 2 есеге және Whatsapp-тан келетін өтініштер саны 9,5 есеге артты.
Айта кетейік, өтініштердің 25%-ы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген.Олардың арасында Алматы тұрғындарының 16,2%-ы (36,3 мың), Түркістан облысы тұрғындарының 10,8%-ы (23,2 мың), Нұр-Сұлтан қаласы азаматтарының 9,2%-ы (20,5 мың) және Алматы облысы тұрғындарының 9,1%-ы (20,4 мың) қоғамдық қабылдау бөлмелерінің көмегіне иек артқан.
Атап өтер бір жайт, өтініштердің 80%-ы (178,4 мың) карантин режимін енгізумен тікелей байланысты болды. Оның 69%-ы– ақша алу (50 мыңтеңге), 24%-ы– BIRGEMIZ қоры бойынша азық-түлік себеттерін алу, 3,4%-ы – медициналық бетпердемен қамтамасыз ету, 2,4%-ы– мемлекеттен әлеуметтік төлемдер алу (42,5 мың). Сондай-ақ осы жылдың мамыр айында коммуналдық қызметтерге ақшалай өтемақы төлеуге қатысты 2 мыңнан астам сұрақ келіп түскен. Сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша да (зейнетақылар, мүгедектік, әлеуметтік төлемдер, оның ішінде АӘК) тұрғындар тарапынан сан түрлі сауал көп жолданған.
Статистика бойынша өтініш иелерінің 67%-ы – әйелдер. 51%-ы – 30 жастан 44 жасқа дейінгі орта жастағы, 26,7%-ы– 45 жастан 60 жасқа дейінгі, 16%-ы – 60 жастан жоғары, 6,3%-ы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар екені анықталды. Сондай-ақ өтініш иелерінің 35,2%-ын көпбалалы және толық емес отбасылар, 20,8%-ын ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен зейнеткерлер құрады. Өтінішін жолдаған азаматтардың бәріне орталық қызметкерлері жауап беріп, олардың мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етті.
Міне, осындай ауқымды жұмыстарды атқарған қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметі бас бармақпен бағалауға әбден лайық. Әрі-беріден соң бұл орталықтардың халық үшін қаншалықты маңызды екенін де бағамдауға болады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық қабылдау бөлмелері елдің игілігіне жұмыс істейді. Ал «Nur Otan» партиясының мақсаты халықпен тығыз байланыс орнату, олардың үніне құлақ асу екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті де тұрғындар кез келген мәселе туындаған жағдайда әр кез партияның көмегіне жүгінеді. Әсіресе, қоғамдық қабылдау бөлмелері адамдардың өтініш-шағымдарын тыңдап, қордаланған проблемаларын шешуге қолайлы ортаға айналды. Орталықтың мол тәжірибесі қордаланған мәселелерді шешуде ұтқырлық танытып, соның арқасында көпшіліктің көңілінен шығып, азаматтардың алғысына бөленуде. Халық игілігі үшін жұмыс істейтін қоғамдық қабылдау жұмыстары алдағы уақытта да нәтижелі жұмысын жалғастыра береді деген үміттеміз.