«Анаға тағзым» ескерткіші бой көтерді
«Анаға тағзым» ескерткіші бой көтерді
553
оқылды
Монумент Маңғыстау облысының Бейнеу ау­данында тұрғызылды. Мұнда сондай-ақ «Білеулі» деп аталатын тарихи керуен сарайдың қақпасы ашылды. Қос архи­тектуралық нысанға бюджет қаржысы жұмсалмады, ол – бизнесмендердің туған жерге тартуы. «Білеулі» керуен сарайы – Ұлы далада сонау XIV ғасырдан бері сақталып қалған сәулет өнерінің ескерткіші. Жібек жолының бір тармағы заманында Ноғайлы жолының бойымен, Үстірттің Қарақалпақ бөлігі арқылы өтіпті. Бір қызығы, бұл – еліміздегі қос теңізді жалғаған жол болды: орта ғасырларда осы сауда жолы арқылы тең-тең жүк артқан керуендер Сарайшықтан Қиуаға дейін, Арал теңізінен Каспий теңізіне дейін Үстірт арқылы жөңкілген. Еліміздің түскей мен теріскейін жалғастыратын стратегиялық керуен жолы болғандықтан, қазақ билеушілері оның бойына әрбір 25 шақырым сайын керуен сарайлар салғызыпты. Кейін жаугершілік заманда, бертіндегі ақ пен қызыл соғысында күйреген ғимараттың бүгінге тек 8 метрге жуық екі бағанасы мен қақпасы жетті. «Білеулі» керуен сарайы 2 қабаттан тұрады, батыс пен шығыс қабырғаларының өн бойында жеті-жетіден 14 бөлме бар. Тарихи-мәдени нысанның ішкі ауласында терең шыңырау құдық болыпты. Ескерткіштің өн бойында Маңғыстау өңіріне тән айшықтар, нақыштар бейнеленген. Жаңа сәулет нысанының реконструкцияланып, қайта бой түзеуіне аудан кәсіпкерлері қаржы бөлді. Сонымен қатар Маңғыстаудың төл перзенті, сәулетші Болатбек Салаев Бейнеу ауданына «Анаға тағзым» ескерткішін сыйға тартты. Жаңа туындыда ананың балаға деген мейірім-шапағаты сомдалған. Мүсінші Б.Салаев әйел бейнесі арқылы қазақ қызының инабаттылығын, биязылығын, қазаққа тән сыпайы мінезін сипаттауға тырысқан. «Ананың оң қолына сәбиін ұстап, алға қарай бір қадам жасап тұруының мәні бар. Бұл түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен, сәбиін құнды қасиеттерге тәрбиелеген, ақ сүтімен адамгершілік дарытқан, сөйтіп ұрпақты алға бастаған аналарға тағзымымыз. Ал оның киім-кешегіндегі әр ою-өрнек салт-дәстүріміздің болмысын сипаттайды. Жас мүсінші ретінде осындай ауқымды тақырыпта үлкен мүсін жасау – өмірлік мақсаттарымның бірі. Жұмыс барысында аналарымыздың мейірімге толы бейнесін, ұлтымыздың бай дәстүрін жеткізгім келді», – дейді Болатбек Еркебайұлы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әрбір азамат туған жерін көркейтуге атсалысуы керек деп айтылған. Өңірде алғаш рет ашылған бұл стелланы қоғамдағы, отбасындағы ана мәртебесін көтеру бағытындағы бір қадам ретінде қабылдауға болады.  

Айхан ШӘРІП