ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жарты жылда бір рет бөлшек және көтерме сауда үшін дәрі-дәрмектің шекті бағасын бекітеді. бұл дегеніміз - нарықтағы алыпсатарлықтың алдын алады және бағаның негізсіз өсуіне жол бермейді. Енді әрбір препараттың бағасы бөлек жазылған. «Қоғамдық мониторинг және бағаны бақылау үшін DARI.KZ мобильдік қосымшасы әзірленді, ол арқылы әр адам дәріханадағы дәрі-дәрмектің бағасын бақылай алады. Баға негізсіз қымбаттаса, қосымшаға шағым жазуға болады. Шағымды ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері тексереді. Жыл басынан бастап DARI.KZ мобильді қосымшасына дәрілік заттардың бекітілген шекті бағасына қатысты жеке тұлғалардан 191 өтініш түсіпті. Сондай-ақ өңірлер бойынша дәрілік заттардың бар-жоғы және бағасы туралы мәлімет ұсынатын анықтамалық қызметтердің (I-Teka, MPI, Фармгородок, Гиппократ, 103.kz, Биосфера) ақпараты талданады. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы« кодексіне сәйкес, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы көтерме және бөлшек саудада сату ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға – 70, лауазымды адамдарға – 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Дәрілік заттарға шекті бағаны көтерген барлық факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.