«Субсидия жол-жөнекей жоқ болады, шопанға жетпейді» – Аралда қаракөл қойы жойылып бара жатыр
«Субсидия жол-жөнекей жоқ болады, шопанға жетпейді» – Аралда қаракөл қойы жойылып бара жатыр
Фото: Интернеттен алынды
282
оқылды
Сыр елінің шопандары қаракөл тұқымы жойылып кетудің алдында тұр деп дабыл қақты, – деп хабарлайды «Хабар24». Өткен ғасырдың аяғында республика бойынша 6 миллиондай асылтұқымды ұсақ мал болған. Шенділердің шекпені мен баскиімі тігілетін жұмсақ елтіріні Азия, Еуропа тіпті мұхиттың арғы жағындағы құрлық елдері аттай қалап алатын. Тоқырау жылдары қолдағы түлік басы бірнеше есе азайып, қазір қаракөлдің 98%-інен айырылып қалдық. Шопандарға мемлекеттің қолдауы керек. Себебі, қойдың терісі мен жүнін өткізе алмай дал болған шопандар салаға жаңа көзқарас, инвестиция керектігін айтады. Жеңіл, жұмсақ әрі жұқа елтірі сақылдаған аязды күндерде өңменіңнен жел өткізбейді. Өңірде қаракөл қой өсіру кеңшарлары 70 жылдардың басында құрыла бастады. Елтірісі алтынмен пара-пар бағаланатын мыңғырған малдың бүгінде Қазақстан бойынша жүз мыңдайы ғана қалған. Жаңақорған ауданының бірнеше шаруа қожалығы асылтұқымды түлікті қазірде өрбітіп отыр. Бірақ бұрынғыдай көл-көсір пайда жоқ.
Шопан Бағлан Тұртанов: «Жүн өтпейді болса да, жүн дегенді қазір кез келген жерге қырқып, тастап, өртеп кетеміз. Терісі болса да өтпейді. Оны бұрындары алатын еді қазір мүлдем сұрамайды. Тері деген жатыр, оны да өртейміз. Жүн алатын, ет алатын, терісін алатын жер болса келіп бізге тиімділеу болады», – дейді.
Шопан Алшынбай Тұртанов субсидия бөлінсе де, шопанға жетпейді дейді. «Қазақтың қаракөл қойы бір ғасыр ішінде көбейіп, дәрежемізді асырды. Осыдан айырылып қалсақ біздің еліміз бұл ғасыр қасіреті болады. Жүз жылда келген нәрсе орнына қайтып келмей қалады. Сондықтан билік басында отырғандарға дұғай сәлем. Беріліп жатқан субсидиялар әлі де мақсатсыз, негізсіз, дәлелсіз кетіп жатыр. Нақты бару керек. Мал шаруашылығына берілетін субсидия малшыға берілу керек. Жол-жөнекей шашырап кетпеуі керек», – дейді.