Қала әкімі Мұрат Айтенов Instagram парақшасында Kazmedpribor Holding директоры Рахат Байзақовпен пандемиямен күрес мәселелерін талқылағанын жазды.
Рахат Тұрғанбекұлы қала тұрғындарына 150 дана төсек-орын, инфузия құюға арналған 400 дана штатив және 40 дана медициналық бағана сыйлағанын айтқан. Кәсіпкерге өзінің алғысын білдірген шаһар басшысы жақын арада әкімдік қолдауымен «Kazmedpribor Holding» ЖШС-і ӨЖЖ аппараты шығарылатындығын жеткізді.
«Біз бұл жобамен үш ай бойы жұмыс істедік. Ендігі кезекте қажетті сертификатты алсақ, аппаратты шығара бастаймыз. Алдымен, қаланы толығымен қамтып, содан кейін еліміздің өзге қалаларына көмектесетін боламыз. Бүгінгі басты жағымды жаңалық – осы», деді Мұрат Әйтенов.
Әкімнің айтуынша, бүгінде қаладағы медициналық мекемелерде 323 ӨЖЖ аппараты бар. Оның ішінде, 130 аппарат портативті саналады. Сондай-ақ емдеу мекемелері 250 «Бобров» тыныс алу аппараты мен 10 монитормен қамтамасыз етілген.