Азаматтарды ынталандыру жүйесі
2019 жылдың 13 маусымында Президент Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта құрылды, бірнеше департамент жасақталды, соның бірі – превенция департаменті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу – аталған департаменттің негізгі қызметі. 2019 жылдың басынан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, «Қазавтожол», Денсаулық сақтау министрлігінде, Дәрілік сараптау ұлттық орталығында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде, Мемлекеттік кірістер комитеті және Ұлттық олимпиада комитетінде талдаулар жүргізілген. Оның негізінде, тіпті бұрын істі болған, жауапқа тартылған адамдардың лауазымды қызметте отырғандары анықталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалиннің сөзінше, агенттіктің 1 424 желісіне күн сайын 10-15 шағым тіркеледі. Олардың басым бөлігінің деректері нақты дәлелденіп, халықтан түскен арыз-шағымдардың нәтижесінде бірнеше іс қозғалған. 2018 жылы келіп түскен шағымдар бойынша 32 іс қозғалса, 2019 жылы 40-тан асқан. Жемқорлық фактілерін хабарлаған адамдарға заңнама бойынша бір жолғы сыйақы беріледі. Яғни, Үкімет азаматтарды ынталандыру жүйесі туралы қаулы қабылдаған.Сыйақы бірден берілмейді
Биыл 4 ақпанда Үкіметі қаулысымен Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидаларына түзетулер енгізілді.Сөйтіп, жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға сыйақы төлеу қағидалары өзгерді. Енді нақты сыйақының берілу тәртібіне тоқталайық. Параның, келтірілген залалдың сомасы 1 000 АЕК-тен аспайтын болса, онда сыйақы көлемі бұрынғы тәртіпте 30-100 АЕК аралығында болады. Яғни, 79 530-дан 265 100 теңге аралығында қалады. Ал егер пара сомасы 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асса, онда сыйақы осы аталған соманың 10 пайызын құрайды. Сыйақының ең жоғарғы мөлшері 4 000 АЕК, теңгеге шаққанда 10 млн 600 мың теңгеден аспауы тиіс. Мысалы, 5 млн теңге пара беру фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабарлама түсті делік, хабарлаған адамға осы соманың 10 пайызы, яғни 500 мың теңге төленеді. Бұрынғы көтермелеу жүйесі бойынша дәл осы қылмыста 500 мың теңгенің орнына 135-185 мың теңге сыйақы берілетін. Ал сыйақының ең жоғары сомасы 265 мың теңге болған еді. Сыйақы бірден берілмейді. Алдымен қылмыстық іс қозғалады. Соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін ғана төленеді, ол шамамен 15 күн - 1 ай аралығы. Бұл сыйақы барлық азаматтарға бірдей беріледі. Тіпті, шетелдердің азаматтары да қылмыс фактісі туралы хабарлап, қаражат ала алады. Хабарланған жемқорлық фактілері шындыққа сай болуы тиіс, әйтпесе сыйақы төленбегені былай тұрсын, өзіңіз де жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Сол себепті ақпараттың шынайылығына толық көз жеткізілуі тиіс. Ақпарат берген тұлғалар мемлекет қорғауында болады.Жемқорлық азайған жоқ
Құқықтық статистика органдарының мәлімдеуінше, 2019 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 1 002 адам сотталған. Олардың арасында орталық мемлекеттік органдардың қызметшілері, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор және өзге де тұлғалар бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Анар Жарованың айтуынша, орталық мемлекеттік органдар ішінде алғашқы бестікке Ішкі істер, Қаржы, Қорғаныс, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Ауыл шаруашылығы министрліктері кіреді. Биыл қаңтардан маусымға дейін тіркелген аса ауыр деген сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өсіп кеткен. Шенділер соңғы 2,5 жылда 74,6 млрд теңгені жеп қойған. Бұл қаражатқа 37 мектеп немесе 70 балабақша салуға болады екен. Білім және денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық көбіне жұмысқа орналасу кезінде және қаржылық махинациялармен байланысты. Олардың көпшілігі әкімдіктерге бағынышты ұйымдарда жасалады. Осы мәселені шешу үшін бюджеттік мекемелердің басшыларын мемлекеттік сатып алуды өткізуден және бухгалтерияны орталықтандырудан толық босату көзделген. Бұған қоса, еліміздің барлық білім беру мекемелерінде «Адалдық негіздерін» міндетті түрде оқыту ұсынылды. Ал ісіне адалдық танытпағандарға адалдық туралы айтудан гөрі, нақты іс-әрекет қажет секілді. 2017-2019 жылдар аралығында 708 қазақстандық сыбайлас жемқорлық туралы хабар бергені үшін 99 миллион теңге алған екен. 2018 жылы 185 адам 23 миллион, 2019 жылы 116 адам 17 миллион сыйақы алған. Ал биылғы жылдың алғашқы бес айында жемқорлық фактілері жайлы 87 қазақстандық хабар берген. Оларға 13 млн 700 мың теңге ақшалай сыйақы беріліпті. Жемқорлықты хабарлаушыларды көтермелеудің мұндай жүйесі бірқатар шетелдерде табысты қолданылады. Мәселен, Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг секілді елдердің осы бағытта тәжірибесі мол. Сыбайлас жемқорлық бойынша ақпарат бергені үшін қаржылық ынталандыру мөлшерін ұлғайту жемқорлықты жояды деуге келмеді. Алайда жең ұшынан жалғасқан қоғамның індетіне қарсы күресте халықтың азаматтық ұстанымын жандандырады деген сенімдеміз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ