Тіпті, шетелге де отандық өнімдерді экспорттай бастадық. Ауыз толтырып айтатындай дүниелер баршылық. Дегенмен өндірістегі қазақстандық өнертабыстың үлесі қандай?
Қазақтың озық ойлы оқымыстылары жыл сайын ғылыми жаңалық ашып, патент алып жатады. Көп жағдайда отандық өнертабысқа әлемнің маңдайалды ғалымдары таңдай қағып, тәнті болады. Елдегі инновациялық идеялар өндіріске енгізіліп жатыр ма?
Шикізатқа бейімделген экономикамен даму даңғылына түспейтінін түсінген Үкімет 2003 жылдан бері индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырып келеді. Елбасының бұйрығымен қолға алынған мемлекеттік бағдарлама инновациялық экономиканың тамырына қан жүгіртіп, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан жаңғыртуды және ғылымға сүйенген өндіріс орындары арқылы экспорт әлеуетін арттыруды көздейді. Бірақ тақыр жерге ештеңе өспейді ғой. Сондықтан шенеуніктер бұл шаруаны «отандық автокөлік», «отандық тікұшақ», «отандық пойыз», «отандық планшет» сияқты өнімдерді Қазақстанда құрастырудан бастады. Түп-тұқияны шетелдік болғанымен, олар «Қазақстанда жасалған» деген жапсырмамен шығады. Бірақ шын мәнінде солай ма? Мысалы, KazSat жерсеріктерін қарастырайық. Ішкі құрылысы мен сыртқы құрылымы түгел франциялық. Электроникасы мен өзге құрал-жабдығы Қытай, Жапония, АҚШ-та жасалады. Сонда оның қай жері қазақстандық?
Отандық автокөлік мәселесі – өз алдына ауқымы бөлек әңгіме. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, көлік құрастыру – ең қарқынды даму үстіндегі сала. 2019 жылы елімізде 50 мыңнан артық автомобиль жиналыпты. Ал 2020 жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 22,9 мың дананы еңсерген. Министр Қостанайда қосалқы бөлшектер өндірісі жолға қойылатынын мәлімдеді. Осы арқылы Қазақстанда құрастырылатын автомобильдердің отандық үлесін 70 пайызға жеткізу межеленіп отыр екен. Алайда кейбір сарапшылар машина құрастыру ісін отандық автоөндіріс деп атаудың өзі күлкілі дейді. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесіне қарап, қазіргі деңгейін бағамдау қиын емес. Мәселен, Қазақстанда бұл сала ЖІӨ-нің 0,06 пайызына тең болса, Ресейде – 2,3 пайыз, Өзбекстанда – 6,6 пайыз. Елдегі жеңіл көлік өндірісі Еуразиялық экономикалық одаққа, әсіресе ресейлік үлгілерге тікелей тәуелді. Құрастырылатын бөлшектердің басым бөлігі сырттан тасымалданады.
Автоөнеркәсіп әлі күнге дейін субсидия мен мемлекеттік дотацияға мұқтаж. Жақында «Қазақстанның Даму Банкі» жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасын қаржыландыру мақсатында банктерге 20 млрд теңге транш таратты. Екінші деңгейлі банктер осы ақшаны халыққа 4 пайыз мөлшерлемемен автонесие ретінде үлестіруі керек. Несие 7 жылға беріледі. Ең қызығы, қаржының қомақты бөлігін Ресей банктерінің еншілес ұйымдары алған. Нақтырақ айтқанда, 20 млрд теңгенің үштен бірі соларға бұйырған. Транш аясында бөлінген 20 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі Ресей банктерінің еншілес ұйымдары – «Сбербанк» АҚ (8 млрд теңге) мен «Банк ВТБ» АҚ-на (5 млрд теңге) аударылған. Ал ForteBank АҚ – 5 млрд теңгені, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 2 млрд теңгені місе тұтқан. Осыған байланысты қазақстандық банктің бір топ-менеджері: «Ұлттық бағдарламалар шетелдік банктер арқылы қаржыландырылады қызық. яғни, біз Ресейден автобөлшек сатып алу үшін ресейлік банктерге субсидия бөліп отырмыз» деп қынжылған.
2019 жылы Қазақстан ғаламдық инновация индексінде 126 елдің ішінде 79-орынды иеленіпті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда бес саты төмен көрсеткіш. Рейтинг жасау кезінде ондаған параметр ескеріледі. Патент алуға түсірген арыз саны, инновацияны ойлап табу мен оны өндіріске енгізуге жұмсалған қаражат сынды жайттарға назар аударылады. Қазақстан үкіметтік онлайн-сервистерді дамытуға жұмсалатын қаржы бойынша 32-ші, бағдарламалар жүйесі бойынша 120-шы, білім саласына бөлінетін қаржы бойынша 105-орынды місе тұтқан. Посткеңестік кеңістікте Ресей (46-орын), Украина (47-орын), Грузия, (48-орын) Молдова (58-орын), Армения (64-орын) Беларусь (72-орын) бізді артқа тастапты.
Швейцария бірнеше жыл бойы бірінші орынды бермей келеді. Неге? Жауабы қарапайым ғана. Жан саны аз, жері кіп-кішкентай мөлтек мемлекет ғылым мен бизнестің әріптестігін бірінші кезекке қойған. Инновация жаңалықтарын дереу өндіріске енгізуді үйреншікті үрдіс қылған. Бізде жағдай керісінше. Кәсіпкерлер инновацияға қаржы құюға құлықсыз. Олар өнертапқыштарды қолдағанша мейрамхана немесе ойын-сауық орталығын ашқанды жөн көреді. Ал шетелде, оның ішінде Жапония мен Кореяда ақшасы барлар инновациялық бизнестің тасын өрге домалатуға тырысады. Себебі шетелдік кәсіпкерлер инновациялық бизнес арқылы ұлттық экономиканың дамуына үлес қосуды абырой санайды.
Бірқатар мамандардың пайымдауынша, экспортқа бағытталған және бәсекеге қабілетті экономиканың көшін алға жылжыту үшін отандық кәсіпкерлер инновациялық бизнеске бет бұруы керек. Бизнес өкілдері дәстүрлі экономиканы инновациялық экономикамен ұштастырып, заманауи техника мен технологияның тілін табуы қажет. Германияда жүздеген шағын және орта инжинирингтік компаниялар Daimler, BMW, Volkswagen сынды атынан ат үркетін компанияларға автокөлік бөлшектерін, ал Siemens компаниясына электроника әзірлейді. Дәл осы инжинирингтік компаниялар нарыққа IT саласы мен био және нанотехнологияға қатысты жобаларын да шығарады. Финляндия, Дания, Ирландия мемлекеттеріндегі шағын және орта бизнес өкілдері де осындай іспен айналысады. Ұлыбритания өз азаматтарын кәсіпкерлікке мектеп жасынан баулиды. Қытай да қарап отырған жоқ. Соңғы 15 жылда шығыстағы көршіміз шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 60 пайызға арттырып, инновациялық бизнеске серпін берді.
Белгілі ғалым Мұрат Жұрыновтың ойынша, біздегі кәсіпорындардың көбі шетелдік инвесторлардың қолында, ал олар қазақстандық ғалымдардың жетістігін енгізуге мүдделі емес. Себебі трансұлттық компаниялардың өз елінде жекеменшік зерттеу институттары бар.
Көпшілік IT салаға қатысы бар өндіріс орнын немесе заманауи техникамен жұмыс істейтін кәсіпорынды инновациялық бизнес деп біледі. Шын мәнісінде бұл – инновациялық бизнес емес. Біз сөз етіп отырған кәсіптің технологиямен, ғылыммен, қаржымен, жаңа тауар түрлерімен, экспортпен тікелей байланысы болуы керек. «Ғылым қоры» АҚ президенті Әнуарбек Сұлтанғазиннің сөзінше, инновациялық бизнес идеядан басталады.
– Озық ойды бизнестің бір бөлшегіне айналдыру үшін кәсіпкерлер жаңару мен жаңғыруға жол салуы тиіс. Түсінік таяз, таным тар болса, кәсіпкерлер инновациялық бизнесті жіктей алмайды. Осының кесірінен олар инновациялық бизнестің техникалық, технологиялық, ұйымдастыру-басқару, ақпараттық-талдау және әлеуметтік жауапкершілік сынды тармақтары бар екенінен бейхабар, – дейді сарапшы.
Қазба байлыққа сүйенген экономика көсегемізді көгертпесі анық. Қазірдің өзінде білім жүйесі шикізат секторына бейімделген мамандарды қаптатып жіберді. Сондықтан өзіміз ойлап тауып, өзіміз өндіретін инновациялық бизнеске иек артқанымыз абзал. Сонда экономика қарыштайды, табыс еселенеді, импортты экпорт алмастырады.