Адам сенгіш пе? Әлде бұл вирустан аман алып шығатын ем осы ғана дей ме? Әйтеуір, әлеуметтік желіде желдей ескен «ауруға осы ем» дегенді оқыса болды, соны пайдалана бастайды. «Зімбір» деді іздеп кетті, «қара зере» деді ішіп кетті... Дәрігердің дабылына да құлақ аспағандар жетерлік. Олар айтудай-ақ айтып жатыр.
Мысалы, сәуір айында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев ішімдік пен зімбір, қара зере майының коронавируспен күресте еш пайдасы жоқтығын айтқан еді.
– Бұл – алыпқашпа әңгіме. Қазір адамдар сенгіш, аңқау келеді. Кейбіреу жалған ақпарат таратып, саудасын жүргізуді көздейді. Зімбір бағасын 10 мың теңгеге дейін көтеру ешкімнің ойына келмейтін дүние. Ең дұрысы, адам карантинде болғаны жөн. Өзін оқшаулап отырса, одан артық сақтық жоқ, – дейді Досқалиев. Профессор Досқалиевтың айтуынша, иммунитетті көтерудің жалғыз жолы – уақытында дұрыс тамақтану.«Жалпы, зімбір мен қара зере майының адам иммунитетін кішкене көтеретін қасиеті бар. Алайда ол күнде уақытылы ішкен тамақтан артық емес. Көкөніс, бал, еттен артық иммунитет көтеретін ештеңе жоқ. Ет жегеннен иммунитет артады. Адамның табиғатына жаратылған тағамдарды жеу керек. Адамның ағзасы сыртқы микробтарға қарсы тұру үшін қалыптасқан», – дейді профессор.
Досқалиев иммунитетті арақ-шараппен көтеру дегенді бос әңгіме екенін айтты. Ішімдіктің инфекциямен күресте еш пайдасы жоқ. Ол, керісінше иммунитетті әлсіретеді, шектен тыс ішімдік ішу бауырдың зақымдануына алып келеді.
Иә, алыпқашпа әңгіме әлі де есіп жүр. Әлеуметтік желілерде, көбінесе WhatsApp-та жалған ақпарат таратушылар қояр емес. «Мен осы арақтың арқасында аурудан аман қалдым, мені ешқандай вирус алмайды» дегендерге қарап, ішімдікке салынғандар да жетерлік. Кейінгі екі апта ішінде Қостанай облысының Арқалық қаласында 3-4 шілде күндері «этанолдың уытты әсері» диагнозымен 13 адам жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейін оның 11-і қайтыс болды. Осы уақытта Ақмола облысы Жақсы ауданының Жаңа-Қима кентінде 4 адам көз жұмды.
– Өлімнің болжамды себебі – жалпы уыттану салдарынан пайда болған геморрагиялық панкреатит, – дейді істі тергеуге алған сақшылар.
Анығында, қаза болғандар 5 литрлік пластикалық бөтелкеге құйылған алкоголь өнімінен уланған. Тергеу барысында 4 шілде күні Ақмола облысында құймалы спирттік ішімдік шығаратын цех те анықталды. Полиция қызметкерлері үш күдіктіні ұстады. Олардан сатуға дайындалған өнімнің бір бөлігі де тәркіленді. Алайда күдіктілер өнімнің басым бөлігін сатып үлгерген. Бұл адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарды пластикалық ыдысқа құйылған, заттаңбасы жоқ, белгісіз алкоголь өнімдерін сатып алмауға және сақ болуға шақырды.
«Қауіпті өнім жасырын немесе базарларда сатылуы мүмкін. Оларды сату орындары туралы білген жағдайда жақын жердегі аумақтық полиция бөлімшесіне немесе 102 және 112 телефондарына дереу хабарлауыңызды сұраймыз» – дейді ІІМ баспасөз қызметі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жыл сайын алкоголь кесірінен әлемде 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Тиісінше, елдегі жағдай да мәз емес. 2018 жылы 23 мыңнан астам ішімдіктен уланып, олардың 1 мыңға жуығы қайтыс болған. Ішімдіктің мөлшері қандай болса да, аз не көп болсын, денсаулыққа зиян. Вашингтон университеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спиртті сусын тұтынады. Осыдан соң ішімдік қай кезде де адамзат баласы үшін зиян болғанын аңғаруға болады.
Емдейміз деп өзімізді-өзіміз құртып жатырмыз. Оған осы жалған ақпараттардың да әсері тиюде. Өтірікке емес, маман дәрігерге қашан сенер екенбіз?