«Коронавирусты емдейтін хаттама 10 рет өзгерді» – Бақыт Көшерова
«Коронавирусты емдейтін хаттама 10 рет өзгерді» – Бақыт Көшерова
492
оқылды
Коронавирус инфекциясын диагностикалау және емдеу хаттамасын әзірлеушілер тобының жетекшісі, Қарағанды медициналық университетінің проректоры, дәрігер-инфекционист Бақыт Көшерова науқас тек дәрігердің бақылауымен ғана ем қабылдауы қажет деп есептейді. Профессор әлеуметтік желіні пайдаланып, көмекке зәру болған халықты адастыру ауруды асқындыратынын айтады. Инфекционист маман шымкенттік дәрігер Айна Бакеева айтқан ескертулердің біразымен келіспейді. – Бақыт Нұрғалиқызы, короновирус инфекциясы әлемге жайылғалы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы емдеу хаттамаларын бекітті. Барлық мемлекет осы қауіпті індетпен күресуге жұмылды. Қазақстанда бұл хаттама қалай жасақталды? – Ең  алғашқы қазақстандық клиникалық хаттама 2020 жылдың 3 ақпанында жасалды. Одан бері үздіксіз өзгерістер енгізіліп келеді. Қазақстандық хаттаманы Еуропа, Қытай және Америка елдерінің үздік халықаралық тәжірибелері негізінде республиканың жетекші ғалымдары әзірледі. Бірақ кез келген жағдайда, дәрі-дәрмектерді қабылдау кезінде дәрігермен кеңесу керек. Біз халықаралық журналдарда жарияланған мақалалаларды, шетелдердің тәжірибелерін негізге ала отырып, үнемі жетілдіріп отырмыз. Бүгінгі күні хаттамаға оныншы рет өзгеріс енгізілді. Клиникалық хаттама ол тек ұсыным, дәрігер емдер алдында әр науқастың ауру белгілеріне, талдауларға қарай жеке ем тағайындайды. Әр адамның дәрілерді қабылдауы, қосымша ауруы әртүрлі. Хаттама бойынша барлық науқасқа бірдей ем тағайындалады деген сөз емес. Сол себепті әлеуметтік желілерден, таныстардан естіген емді қабылдамас бұрын дәрігермен кеңескен дұрыс. – Шымкенттік дәрігер Айна Бакеева әлеуметтік желі арқылы қазақстандық ауру­ханаларда ем дұрыс жүргізілмей жатқанын айтты. Клиникалық хаттаманы жасаушы маман ретінде не уәж айтасыз? – Айна Бакеева желідегі видеода «Кли­никалық хаттамамен таныс емеспін», –  дейді. Алайда оның клиникалық хаттамамен жақсы таныс екені көрініп тұр. Видеода біздің хаттамадағы емдеу сатыларын, дәрілерді тізбектегенінен-ақ байқалды. Хаттамадағы емді халыққа түсінікті тілмен түсіндіріп отыр. Ол жақсы реабилитолог шығар, бірақ инфекционист емес. Бұл хаттама тек дәрігер мамандарға арналған. Оны жұртшылыққа жариялаудың қажеті жоқ. Бұл емді тек дәрігердің бақылауымен қолдану керек. Ауруы асқынғандарға ем тағайындау үшін әуелі талдау нәтижесін алу керек, қосымша ауруларына байланысты басқа мамандардың кеңесі қажет. Оның барлығы тек стационарда ғана жүзеге асады. Науқасы жеңіл өтіп жатқандарға телефонмен кеңес беруге болады, емдеуге болмайды. Инфузионды емдеу туралы айтқаны дұрыс. Ол хаттамада көрсетілмеген. Оны қай дәрігерлер тағайындап жүргенін білмеймін. Хаттамада бактерияға қарсы терапия да көрсетілмеген. 30 жыл дәрігер болып қызмет істейтін менің өзім ауруы асқынғандарға зертханалық талдауларсыз сырттай ем тағайындамаймын. Дәрігер мамандарға ғана емдеу жолдары туралы кеңес беремін. Ал Айна әлеуметтік желінің мүмкіндігін жақсы меңгерген, дегенмен мұндай қысылтаяң жағдайда халықты дүрліктіргені дұрыс емес. Жұртшылық алдында өз әріптестерін айыптау этикаға жатпайды. Біз әлем дәрігерлері ұсынған, ғылыми дәлелденген нұсқауларды Қазақстанның жетекші мамандарымен бірлесе отырып, емдік хаттамада қабылдадық. Коронавирусқа қарсы емді арнайы дайындықтан, оқудан өткен дәрігер ғана тағайындауы керек. – Коронавирус инфекциясын диагностика­лау және емдеу хаттамасын әзірлеушілер тобын басқарасыз. Хаттама бойынша вирусты емдеу сатылары мен сауықтыру жолдары қандай? – Команда құрамына инфекционистер, пульмонологтар, клиникалық фарма­кологтар, анестезиолог-реаниматологтар кірген. Клиникалық хаттама бүкіл әлемде жүргізілген зерттеулер негізінде және халықаралық стандарттарға сәйкес жасалды. Әдістемені қытайлық сарапшылар жоғары бағалады. Хаттамаға сәйкес пациенттерге этиотропты емдеу – дексометазон, анто­гулянттар және басқа да емдеу түрлері ұсы­нылады. Дозаны, емдеу жиілігі мен ұзақтығын пациенттің ауырлық дәрежесіне, зертханалық және аспаптық тексеру әдістерінің нәтижелеріне байланысты емдеуші дәрігер ғана анықтай алады. Өкпесі қабынғандарға оттегі берудің бірнеше тәсілі бар. Респитормен, бетпердемен, инвазимдік жолмен желдету, тағы басқалар.  Вирус ескі ауруларды қоздырады. Қант диабеті, қан қысымы, жүрек-қан тамырлары секілді ауруларды асқындырады. Бұл науқастардың қанында ауруға төзімділік аз, сәйкесінше тромб қалыптасу деңгейі жоғары. Оларға антикоагулянтты ем тағайындалады. Дерт өршісе, гормональды ем беріледі, бірақ ол қауіпті, кері әсерін тигізуі мүмкін. – COVID-19 вирусы балаларға жұғуы мүмкін бе? – Әлемдік практикада балаларда COVID-19 вирусының өршіп, асқыну белгілері көп байқалмайды. Балалардың иммунитеті бұл дертке төзімді. Бес жасқа дейінгі балада иммунитет қалыптасу үстінде. Одан ересек балалар да вирусты жеңіл қабылдайды. Балалар, керісінше ата-аналары мен қарт туыстары үшін вирус тасымалдаушы болып табылады. Үнемі иммунитетті көтеріп, алдын ала сақтанып жүрген жөн. – Біз алдын алу екпелерінің арқасында жұқпалы аурулар туралы ұмыта бастаған едік. Күні кеше Мемлекет басшысы атышулы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойды. Ин­тернет-ресурстарда вакцинацияны жақ­тамайтын пікірталас көп болды. Кодекстің короновирустан сақтануға әсері бола ма? – Елімізде вакцинация тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген көлем­інің пакетіне кіреді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс халық үшін сау болудың тағы бір мүмкіндігі дер едім. Қазақстанда профилактикалық егулер күнтізбесіне 11 вакцина кіреді, оларды халық тегін алады. Олар: А гепатиттен, менингококк инфекциясынан, адам папилломасы вирусынан, пневмокк және басқа да ауруларға қарсы вакциналар. Адам папилломасы вирусы жас әйелдердің репродуктивті функциясына әсер етеді. Бірнеше жыл бұрын вакцина біздің ұлттық күнтізбемізге енгізілді, жекелеген аймақтарда пилоттық түрде егіле бастады. Осы екпеден кейін  жас қыздарға жағымсыз реакция берді. Жұртшылық арасында бұл үлкен қарсылық тудырған соң вакцинация тоқтатылды. Бұл вакцина әйелдердің жатыр мойны обырының және басқа да онкологиялық аурулардың алдын алуды қамтамасыз етеді. Статистикаға сәйкес, осы ауруларға қатысты операциялар саны да азаяр еді. Мен инфекционист ретінде вакцинация жасау аурудан сақтанудың бірден-бір жолы деп есептеймін. Ал коронавирус вакцинасына келетін болсақ, ол әзірленуде. Жақында  пайда болмайды, клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардың барлық кезеңінен өтуі керек. Тиімділігі дәлелденген кезде –  вирустың үш штампы бар, ол мутацияланады, содан кейін біз оны пайдалана аламыз. Бұған дейін ДДҰ дәрі ретінде екі препараттың сынағын тоқтатты. – Жұқпалы аурулар саласында қандай мәселелер бар? – Елімізде инфекция саласындағы ақ халаттыларға психикалық және эмоциялық тұрғыда қысым көп түседі, соған қарамастан айлықтары төмен. Әрі оларда сырқат жұқтыру қаупі жоғары. Жұмыс барысында басын қауіпке тігетіндіктен, жалақылары қайта қаралса деймін. Сондай-ақ бұл саладағы кадрлардың жетіспеушілігі анық білініп отыр. Ауылдық елді мекендерде және медициналық-санитарлық қызмет саласында мамандар жетіспейді. Инфекция саласындағы дәрігерлерді қайта даярлау мүмкіндігін қарастыру керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы