Бұл сұраққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн форматтағы кездесуде жауап берді. «Біріншіден жалпы дайындық жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Аяқталған оқу жылының төртінші тоқсанында да дайындық жұмыстары тоқтап қалған емес. Бұл туралы бұрын да айтқанбыз. Екіншіден, бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігінің жалпы жоспары бар. Күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз әу бастан үш негізгі нұсқаға дайындалдық. Болжамымыз дұрыс болып шықты», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің онлайн форматтағы тілшілермен кездесуінде. Министрдің айтуынша осы үш бағыт бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Осы үш нұсқа Денсаулық сақтау министрлігімен, басқа да мемлекеттік органдармен талқылану үстінде. Оның қыр-сырын зерттеу бойынша жұмыс топтары бар. Іске ғалымдар мен педагогтарды, мектеп директорлары мен сарапшыларды тарттық. Сол себепті қазіргі уақытта барлы өңірде үлкен талқылау жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен слайд-материал Білім және ғылым министрлігіне тиесілі емес. Оны мектеп деңгейінде талқылағандардың бірі таратуы мүмкін», - деді ол. Асхат Аймағамбетов ең маңызды сұрақтардың бірі – педагогтердің қазіргі жаңа жағдайға дайындығы екенін айтты. Қандай нұсқа қабылданса да педагогтерге жаңа дағды керек. Оны төртінші тоқсанда айқын байқадық. Сондықтан бес модульден тұратын осы курстар – ІТ-дағды, цифрлық педагогика мәселелерін қамтиды. Қандай нұсқа қабылданса да – осы курстарды жүргіземіз. Сондай-ақ комьпютер мен серверлер, интернет мәселесі. Қашықтан оқысақ та, қалыпты оқысақ та – мектептерге компьютер керек. Әкімдіктер осы мәселеге жіті назар аударып отыр. Егер мектепте бір компьютерге 20-25 баладан келсе, онда олардың ІТ-дағдысын дамытамыз деген сөз бекер», - деді министр.