Қазір жоғары технологиялардың қатты серпін алған заманы. Осындай жағдайда Қазақстан да өршіл дамығысы келеді. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, оны жүзеге асыруға 141 млрд теңге қаражат қарастырылған. Технология атаулы қанша қарқын алса да, оны игеретін де, басқаратын да адам капиталы. Білікті маманың, білгір адамың болмаса, бәрі қағаз жүзінде қалып қоюы да мүмкін...
Алға озып кеткен алпауыт елдің бәрі IT әлемін игеріп алған. Ал бізге кәдімгі технологияның өзін игеру қиынға соғып жатыр. Күн сайын жүз жаңалық қосылып жатқан қазіргі технологиялық трендтер үдерісін қуып жетудің өзі үлкен мәселе.
Қазақстандағы ІТ саласы бойынша әлем болмаса да, жан-жағымыздағы елдер мойындайтын қанша компания бар? Инновацияны, ғылымды дамыту шағын компаниялардың қолынан келе ме? Неге біз шетелдік дайын бағдарламаларды орасан қаржыға сатып алуға құмармыз? Отандық компаниялар ортақ мақсат жолында біріге ала ма?
Paypal мен Tesla тәрізді ғарыштық коммерциялық жобаларды өмірге әкелген Илон Маск жасанды интеллект адамзат баласына қауіп төндіреді деген пікірде. Ал Faсebook әкесі Марк Цукерберг мұны адамзат дамуының заңды бір бөлшегі санайды. Қалай болғанда да прогресті тоқтату мүмкін емес.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бес жылға 141 млрд теңге бөлініп отыр. Осы қаржы тиімді игеріле ме, жоқ әлде баяғы «кластерді дамытамыз» дегендей, су аяғы құрдымға сіңіп жоқ бола ма?
Қазақстанда қандай мекемеге бас сұқсаңыз да, қағаздан бас көтере алмай жатқан адамдарды көресіз. Күн сайын мыңдаған құжат қағаз жүзінде толтырылады. Электронды құжатқа көшу деген ЦОН-дарда барына шүкір дейсіз. Арнайы электронды цифрлы қолтаңбаның (ЭЦҚ) кілтін бір жылда бір рет Халыққа қызмет көрсету орталығына барып ала аласыз. Осы Documentolog жобасын 2007 жылы қазақстандық IT мамандар ойлап тапқан болатын.
Бір кезде Үкімет тапсырмасымен Қазақстанда IT кеңесін құру туралы бастама көтерілген еді. Оған ең тәжірибелі деген мамандарды іріктеп аламыз деген сияқты болған... Соның соңы қалай екенін, кім білген?!. Еліміздегі цифрландыру саясаты республикамыздың шалғайлығына байланысты толық жүзеге асырыла ма деген де алаңдаушылық бар. Кей өңірлерде қарапайым телефон байланысы жолға қойылмағанын да жақсы білеміз. Елдімекендерге кабель тарту өте қымбатқа түседі.
Осы ретте 1 жарым миллиард халқы бар Үндістанның тәжірибесі қолданысқа жарайтын тәрізді. Бұл ел компьютерлік технологиядан мобильдік технологияға жедел бетбұрыс жасады. Қытай да нешетүрлі функциясы бар мобильдік телефондарды пайдаланып отыр.
Ең бастысы – білікті мамандар шоғырын қалыптастыру. Бізде осы жағы ұмыт қалған сияқты...