17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
179
оқылды

Мемлекет басшысы облыс, аудан басшыларының жұмысын бағалау олар басқаратын жерлердегі жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты жүзеге асырылады дегелі аймақтарда халықты еңбекпен қамтуға елеулі түрде көңіл бөліне бастады.

Алматы облыстық жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­масының басшысы Зайда Ілімжанованың айтуына қара­ғанда, Жетісу жеріндегі жұрт­шылықтың екі қолға бір күрек тауып беру ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар. Биылғы бірінші жар­тыжылдықта Алматы облы­сы бойынша барлығы 17 101 жұмыс орны құрылыпты және оның басым бөлігі, нақтырақ айт­қанда 14 038-і – тұрақты жұ­мыс орны болса, қалған 3 063-і – уақытша еңбек. Сонымен бірге, мұн­дағы мемлекеттік және үкі­­­меттік бағдарламалар шең­берінде ашылғандардың да үлесі қомақты – 6 746 болса, жеке бас­та­малар бойынша 10 355 жұмыс орны ашылған. Тұрақты жұмыс орындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау салаларында екенін де ай­рықша атап өткен жөн.

Алматы облысы тұрғын­дары­­ның 80 пайызға жуығы ауыл­ды жерлерде тұратынын ескер­сек, жаңа жұмыс орын­да­рындағы ауыл шаруашылығы­ның басымдығы айтпаса да түсінікті. Сонымен бірге, об­лыс­та құрылыс қарқынды, өнер­кәсіп те өркендеп келеді. Ал көлік пен логистикада жаңа жұ­мыс орындарының көптеп ашылуы шекаралық аймақ­тар­да, оның ішінде Жаркент өңі­рін­де халықаралық тасымалдың артып отырғанына байланысты.

Биыл облыста нәтижелі жұ­мыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» бағдарламасының бірінші ба­ғы­ты аясында 3,5 млрд теңгеге 10 477 адамды оқыту жос­пар­лан­ған. Атап айтқанда, тегін кә­сіптік-техникалық білім беру­ге қарастырылған 1,7 млрд тең­геге 15-24 жастағы 1 535 жас пен қысқамерзімді кәсіптік оқы­туға бөлінген 1,8 млрд тең­ге­ге орта жастағы 8 942 адам оқы­тылмақ.

Техникалық және кәсіптік білім бойынша кадрларды даяр­лау қыркүйек айында басталады. Қазіргі таңда оқитындар құрамы қалыптастырылуда. Қазіргі кезге дейін өңірдегі 26 колледж бен 22 оқу орталығына 65 сұра­нысқа ие мамандық бойынша қыс­қамерзімді кәсіптік оқытуға 4 473 адам жіберілді. Оның 1 711-і оқуды аяқтап, 575-і тұ­рақ­­ты жұмыспен қамтылған.


Болат АБАҒАН
Алматы облысы