2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас өз алдына отау көтерген екен. Шаңырақ көтеріпті. Бірақ ажырасушылардың саны көбейген. Еліміз бойынша 54 797 отбасы ажырасқан. Ажырасу жағынан ТМД елдері арасында алғашқы ондыққа еніппіз. Қазақстанда әрбір екінші некенің тағдыры ажырасумен аяқталады, осылардың 83 пайызының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар.
Британдық The Economist басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-орында тұр екен. Әлеуметтанушылар неке бұзылғаннан кейінгі балалардың тұратын жері мен ата-аналардың баламен қарым-қатынас уақыты туралы дау-дамайдың да айтарлықтай өсіп кеткенін айтады.
Статистикалық дерек бойынша, Астанада әрбір үшінші отбасы ажырасады. Мәліметтерге қарасақ, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалатын көрінеді.
Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаментінің директоры Дархан Игембаевтың айтуына қарағанда, Әділет министрлігінің қызметкерлері (сот орындаушылармен бірге) жыл басынан бері 800-ге тарта алимент төлемей жүрген борышкерге жұмыс тауып берген. «Осының арқасында борышкерлер әлеуметтік берешегін өтеп жатыр. Бүгінгі таңда 230 мыңға жуық алимент өндірісі бар. Оның ішінде проблемалық істері 14 мыңнан асады. Яғни, 14 мың алименттік іс бойынша өндіру мәселесі толығымен шешілген жоқ. Демек, 14 мың борышкер өз әлеуметтік берешегін 3 ай және одан да ұзақ уақыт бойы төлемей жатыр».
Шайқалған шаңырақ. Жәудіреп жетім қалған бала. Жағдайсыз ана. Алименттен жалтарған еркек. Осындай келеңсіз көрініс өмірдің нақты бейнесіне айналды. Мұны тоқтатудың амалы бар ма?
Ажырасуды азайту үшін сотқа жүгінгенде екі жақтың да төлейтін ақысын көтерсе, қалай болар еді? Мәселен, ажырасатын жұптың әрқайсысы кемінде 2 миллион теңге төлейтін болса...Отбасын құру және сақтау ісі сонда, қаржылық жауапкершілікпен бекемделген болар ма еді?!. «Шөміштен қысу» саясаты енгізілсе, сәл ашу-реніштен кейін сотқа арыз бере салғыштар саны күрт азаяр ма еді, кім білсін?!.
Қалай болғанда да, отбасы – мемлекеттің өзегі. Отбасы құндылығын сақтау – маңызды мәселе. Біз отбасы дегенде тек екі адамның ғана емес, отбасындағы балалардың, елдің, мемлекеттің тағдырын негізге алуға тиіспіз. Қазір батыс жұрты мен алыстағы америкаңыздың өзі отбасы құндылығын бірінші орынға шығарды. Бізге де сондай көзқарас керек.