Қазақстан COVID-19 құрбандарын еске алды
Қазақстан COVID-19 құрбандарын еске алды
167
оқылды
Бұл күні Қазақ­стан­ның әр елді ме­ке­нінде және мемлекетіміздің шетел­дердегі дипломатиялық өкілдіктерінің ғимаратында Мемлекеттік ту төмен түсірілді. Өңір­лерде ойын-сауық шараларына тыйым салынды. Телеар­налар мен радио­толқындар хабар тарату желісін өзгертіп, көңіл көтеруге ар­налған бағдарламаларынан бас тартты.  

Тоғызыншы траур

Теле-радио хабарларын және интернет-телевизияны таратушы операторлар бір тәулікке көңіл көтеру және жарнамалық контен­ті бар шетелдік телеарналарды та­­ратуды тоқтатты. Бұл күнде басты шара ретінде сағат 12.00-де бүкіл Қазақстан бойын­ша бір минут үнсіздік жария­ланды. Осы кезде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев биік лауазымды тұлғалармен бір­ге Ақорда сарайының алдында жи­налып, індеттен қаза тапқан­дарды құрметпен еске алу рәсімін өткізді. Ел басшылығымен бір мезгіл­де облыстардың және мегаполис­тер­дің әкімдері де өз әкімдіктері ғи­маратының алдына шығып, ко­ронавирус салдарынан опат болған жандарды бір минут еске алды. Бұдан бөлек, әр өңірде ор­та­лық ауруханалардың және ем­ха­налардың бас дәрігерлері ұжым өкілдерімен бірге мерт болған әріп­тестерінің рухына үнсіз тағ­зым етті. Бұл ретте барлық рә­сім­дерде бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, санаулы адам­ның ғана жиналуы секілді карантиннің барлық талаптарын сақтау міндеттелді. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы, яғни 1991 жылдан бері осымен то­ғызыншы рет Ұлттық аза тұту күнін жариялап отыр. Бұған дейін 2006 жылғы 20 қыркүйекте – Қара­ғ­анды облысындағы Ленин атындағы шахтада жарылыс 41 кен­шінің өмірін жалмағанда; 2008 жылғы 11 қаңтарда – Қара­ғанды облысының Абай қаласын­да шахтадағы жарылыста 30 шах­тер қаза болғанда; 2010 жылғы 11 наурызда – Қызылағаш бөгені бұзылуы кесірінен тасқын су 45 адам­ның өмірін үзгенде; 2012 жыл­ғы 5 маусымда – Арқанкерген ше­кара бекетінде 14 шекарашы жә­не қорықшы өлтірілгенде; 2012 жылғы 25 желтоқсанда – Шым­кент­те 27 адам, негізінен шекара­шы­лар мінген АН-72 ұшағы апат­қа ұшырағанда; 2013 жылғы 31 қаңтарда – 16 жолаушы және 5 экипаж мүшесі отырған Chellenger-200 жолаушылар ұшағы Алматы жанында құлағанда; 2016 жылғы 5 маусымда – Ақтөбеде 8 адам өлтірілген террористік шабуыл­ға байланысты және 2019 жыл­ғы 27 желтоқсанда – Алма­тыда Bek Air ұшағы әуеге көтеріле алмай, тұрғын үйге соғылып, адам шығыны болғанда республикада осындай қаралы рәсім өткізілді. Енді қазақтың тарихында ал­ғаш рет әлемдік коронавирус пан­­демиясы кезінде ел азамат­та­рының қайтыс болуына байла­ныс­ты ұлттық аза тұту күні жа­рия­­ланып отыр. Қазақстанда COVID-19 дертіне 59 899 адам шал­дықты. 34 190 адам аурудан айы­ғып шыққан. Алайда 375 адам осы індет кесірінен дүние салды.  

Ресми тұлғалар көңіл айтты

Жалпыұлттық аза тұту күні уайым-қайғыға беріліп, жүнжуге емес, керісінше пандемиямен кү­­рес­­те билік пен халықтың бі­рі­гуі­не, ортақ мақсатқа жұмылуы­на септесуі тиіс. Бұл туралы белгілі тұлғалар пікір білдірді. 13 шілде күні  Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев пен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин коро­навирус құрбандарын бір ми­нут үнсіздікпен еске алу рәсі­мін ұйымдастырды. Осы күні қос палата ғимаратындағы Мемле­кеттік ту төмен түсірілді. Мәжіліс Төрағасы індеттен қаза тапқан азаматтардың туыс-туғандарына қайғыра көңіл айтты. Сенат басшысы Мәулен Әшім­­­баев бұл күні барша Қазақ­стан халқы аза тұтқанын жеткізді. – Өкінішке қарай, пандемия сал­дарынан көз жұмған жан­дар­дың қатарында елдік мұратты ту еткен арыс азаматтарымыз, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ өзгенің өмірі үшін соңғы сәтке дейін күрескен дәрігерлеріміз бар. Біз үшін дүниеден озған әр отан­дасымыздың орны бөлек. Осыған орай, індеттен қаза тап­қандардың туыстары мен жа­қын­дарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Енді еш­қашан мұндай қаралы күн бол­масын! Қабылданған шара­лар­дың арқасында пандемияның таралуына тойтарыс беріп, індетті ауыз­дықтаймыз деп сенеміз. Қа­зақ – сан қилы тарихында бұдан да ауыр сынақтардан сүрінбей өткен және талай тар жол, тайғақ кешуден аман қалған халық. Со­ның бәрінде бекем бірлік пен ырыс-ынтымағымызға табан тіре­дік. Бұл жолы да дәл солай ауыз­біршілік танытсақ, аурудың әрі қарай асқынуына жол бер­мей­тініміз сөзсіз, – деді М.Әшімбаев. Ол қазақстандықтарды жақын­дарына жанашырлық танытып, мамандар анықтап берген талап­тарды орындауға ерекше көңіл бөлуге, әр азаматымыздың аман­дығы үшін бірге күресуге ша­қырды. asa tyty kyni2 Премьер-Министр Асқар Мамин де КВИ салдары­нан о дүниелік болған қазақстан­дық­тардың отбасына көңіл айтты. – Осынау күрделі кезеңде Қа­зақстан коронавирус індетімен күресуде. Өкінішке қарай, қауіпті індеттің салдарынан біздің отан­дастарымыз да көз жұмуда. Қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына аса қайғыра отырып көңіл айтамын. Мемлекет басшысының шешімі бойынша 13 шілде COVID-19 індетінен қай­тыс болған қазақстандықтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қабылданып жатқан шаралар хал­қымыздың табандылығы мен ерік-жігерін және өз күшіне деген сенімін тағы бір көрсете отырып, бізге індеттің таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Үкімет басшысы. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ниеттестік білдіріп, індет кесірінен туған-туыс, бауыр­ларынан, әріптестерінен айы­рылған еліміздің барша тұрғын­дарына көңіл айтты. – Осы күндері менің әріптес­терім – дәрігерлер мен медицина қыз­меткерлері өмірден озды, олар күтпеген қауіп-қатермен бетпе-бет келді, соңғы демдері қал­ғанша күресті. Бұл қайғылы жағдай біз үшін орны толмас қаза. Олар өмірінің соңына дейін дәрі­герлік борышын жанқияр­лық­пен атқарды. Біздің есімізде олар нағыз батыр болып мәңгі қалады. Бұл індетті тоқтату үшін серпінді және тиімді шаралар қажет. Қауіп-қатерді тоқтату үшін әріптестеріммен бірге тәулік бойғы жұмысты жалғастырудамыз. Үкімет медициналық ұйымдарға және дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдауда, қосымша төсек-орындар ашылуда. Шетелдік сарапшылармен бір­лесіп коронавирусты емдеу әдіс­тері жан-жақты зерделенуде және жетілдірілуде. Біз біргеміз, біз пан­демияны жеңіп шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Бұл қиындықты жұмыла отырып жеңе алатынымызға сенімдімін! – деді Алексей Цой.  

Берік бол, халқым!

Qazaqstan Ardagerleri қауым­дастығының төрағасы Бақытбек Смағұл барша ардагер атынан коронавирустан мерт болған аза­маттардың туыс-туғандарына қайғырып көңіл айтты. – Ұлттық аза тұту күні – ұлт бо­лып бірігетін күн. Мұндай ауыр кезеңде билік пен халық тұтасып, ортақ қиындыққа қарсы біріге қарсы тұруы керек. Бір-біріне үлкен қайғыда өзара қолұшын беретінін көрсетуі қажет. Ұлттық аза тұту күні қайталана бермеуі үшін мемлекет өзіне жауапкершілік алуға тиіс. Халыққа қамқорлығын күшейтуі шарт. Қабырғаға қатты бататыны сол, қазақстандықтар күйзеліске беріліп барады. Негізсіз емес, әрине. Азаматтар «Иманды болсын!» деген сөзді қайталаудан қажығандарын айтады. Халықтың қабырғасы қайысқанын сезіп, Президент Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Осы орайда, мен халқымды мойымауға ша­қыр­­ғым келеді. Артық стресс адам­ды құртады. Батыр баба­лардың ұрпағы екенімізді ұмыт­пайық. Президенттің қатаң қада­ғалауымен билік қауырт қимылға кірісті. Оң бетбұрыс байқалуда. Енді қазақ қайта рухтануы керек. Бүгінгі ұлттық аза тұту күні – коронавирусқа қарсы сұрапыл күресіміздегі бір меже деп білейік. Ары қарай жағдай жақсаратынына бек сенейік! Рухты болсақ, ешбір індет сағымызды сындыра ал­майды. Әлемде коронавирус пан­демиясын жеңе алған алғашқы елдер бар. Қазақ елі де солардың қатарына қосылады. Осыған сеніңіз, ағайын! – деді Б.Смағұл. АҚШ-тың еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер де Қазақстан жұртшылығына қайырылды: – Құрметті Қазақстан халқы! Бүгін елде ұлттық аза тұту күні. КВИ індетінен қаза тапқандарды еске алу үшін АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де өз елінің туын төмен түсірді. Коронавирус індетінің салдарынан жақындарын, туған­дарын жоғалтқан азаматтарға көңіл айтамын. COVID-19 індеті Америкаға да зор залалын келтірді. Қазақстандағы секілді, АҚШ-та да вирус көптеген тұрғынның өмірін қиып кетті. Қазіргі кезде әрбір жан осы аурудан зардап шеккен адамды таниды. Пандемия аяқталғанға дейін ондай таныстардың қатары көбейе беруі ықтимал. Біз бұл қиын­дықты бірге өткерудеміз және бірге қайғырудамыз. Мен күн сайын жаһандық шайқастың алдыңғы шебіне шығып, өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз ба­сын қауіпке тіккен медицина қыз­меткерлеріне алғыс айтқым келеді. Тізе қоса отырып, біз бұл вирусты да жеңеміз. Бұған еш күмәнданбаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық тілеймін! Мезгілсіз қайтыс бол­ғандардың есімдері мәңгілік есімізде сақталады. Қазақстан, біз қайғыларыңызға ортақпыз! – деді АҚШ елшісі. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының дирек­торы Зарема Шаукенова жалпыха­лықтық аза тұту күні ұлт бірлігін паш ететініне назар аудартты. – Ұлттық аза тұту күнін жа­рия­лау – пандемия құрбаны бол­ған қазақстандықтардың аруа­ғына тағзым және адамгер­шіліктің ұлық актісі. Күн сайын жарияланып жатқан ауыр нау­қастар және жантәсілім еткендер туралы статистиканың ар жағын­да біз таныстарымыздың, доста­рымыздың, туған-туыстың есім­дерін естідік. Халыққа қайғыра көңіл айта отырып, Президент біз­дің бәрімізден ел басына түскен сынақ кезінде қайсарлық, тыныш­тық, жауапкершілік танытуға шақырды. Бүкіл әлем және біздің еліміз аяушылықты білмейтін, ашық әрекет етпейтін, қаупі жете бағаланбаған жаумен арадағы сұрапыл соғысқа килікті. Ұлттық аза тұту күніндегі бір минут үнсіздік кезінде қазақстандықтар Елбасымен және Мемлекет бас­шысымен бірге коронавирус пандемиясының құрбандарын еске алды. Бұл – бақиға аттанған адамдарға жоқтау айтылған күн. Сонымен қатар ол халық жаһанға жайылған аурумен күресте күш пен ниет біріктірген күн. Мұндай нәубеттер көп ғасырлық тарихта адамзат баласы басынан талай өткен. Адам өмір, болашақ үшін күрес арқасында қаншама індетті жеңіп келеді. Медицина және ғылым бұл жеңіске деген сенімімізді бекемдейді, – деп түйді ҚСЗИ басшысы.  

Айхан ШӘРІП