Тоғызыншы траур
Теле-радио хабарларын және интернет-телевизияны таратушы операторлар бір тәулікке көңіл көтеру және жарнамалық контенті бар шетелдік телеарналарды таратуды тоқтатты. Бұл күнде басты шара ретінде сағат 12.00-де бүкіл Қазақстан бойынша бір минут үнсіздік жарияланды. Осы кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биік лауазымды тұлғалармен бірге Ақорда сарайының алдында жиналып, індеттен қаза тапқандарды құрметпен еске алу рәсімін өткізді. Ел басшылығымен бір мезгілде облыстардың және мегаполистердің әкімдері де өз әкімдіктері ғимаратының алдына шығып, коронавирус салдарынан опат болған жандарды бір минут еске алды. Бұдан бөлек, әр өңірде орталық ауруханалардың және емханалардың бас дәрігерлері ұжым өкілдерімен бірге мерт болған әріптестерінің рухына үнсіз тағзым етті. Бұл ретте барлық рәсімдерде бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, санаулы адамның ғана жиналуы секілді карантиннің барлық талаптарын сақтау міндеттелді. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы, яғни 1991 жылдан бері осымен тоғызыншы рет Ұлттық аза тұту күнін жариялап отыр. Бұған дейін 2006 жылғы 20 қыркүйекте – Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада жарылыс 41 кеншінің өмірін жалмағанда; 2008 жылғы 11 қаңтарда – Қарағанды облысының Абай қаласында шахтадағы жарылыста 30 шахтер қаза болғанда; 2010 жылғы 11 наурызда – Қызылағаш бөгені бұзылуы кесірінен тасқын су 45 адамның өмірін үзгенде; 2012 жылғы 5 маусымда – Арқанкерген шекара бекетінде 14 шекарашы және қорықшы өлтірілгенде; 2012 жылғы 25 желтоқсанда – Шымкентте 27 адам, негізінен шекарашылар мінген АН-72 ұшағы апатқа ұшырағанда; 2013 жылғы 31 қаңтарда – 16 жолаушы және 5 экипаж мүшесі отырған Chellenger-200 жолаушылар ұшағы Алматы жанында құлағанда; 2016 жылғы 5 маусымда – Ақтөбеде 8 адам өлтірілген террористік шабуылға байланысты және 2019 жылғы 27 желтоқсанда – Алматыда Bek Air ұшағы әуеге көтеріле алмай, тұрғын үйге соғылып, адам шығыны болғанда республикада осындай қаралы рәсім өткізілді. Енді қазақтың тарихында алғаш рет әлемдік коронавирус пандемиясы кезінде ел азаматтарының қайтыс болуына байланысты ұлттық аза тұту күні жарияланып отыр. Қазақстанда COVID-19 дертіне 59 899 адам шалдықты. 34 190 адам аурудан айығып шыққан. Алайда 375 адам осы індет кесірінен дүние салды.Ресми тұлғалар көңіл айтты
Жалпыұлттық аза тұту күні уайым-қайғыға беріліп, жүнжуге емес, керісінше пандемиямен күресте билік пен халықтың бірігуіне, ортақ мақсатқа жұмылуына септесуі тиіс. Бұл туралы белгілі тұлғалар пікір білдірді. 13 шілде күні Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин коронавирус құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімін ұйымдастырды. Осы күні қос палата ғимаратындағы Мемлекеттік ту төмен түсірілді. Мәжіліс Төрағасы індеттен қаза тапқан азаматтардың туыс-туғандарына қайғыра көңіл айтты. Сенат басшысы Мәулен Әшімбаев бұл күні барша Қазақстан халқы аза тұтқанын жеткізді. – Өкінішке қарай, пандемия салдарынан көз жұмған жандардың қатарында елдік мұратты ту еткен арыс азаматтарымыз, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ өзгенің өмірі үшін соңғы сәтке дейін күрескен дәрігерлеріміз бар. Біз үшін дүниеден озған әр отандасымыздың орны бөлек. Осыған орай, індеттен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Енді ешқашан мұндай қаралы күн болмасын! Қабылданған шаралардың арқасында пандемияның таралуына тойтарыс беріп, індетті ауыздықтаймыз деп сенеміз. Қазақ – сан қилы тарихында бұдан да ауыр сынақтардан сүрінбей өткен және талай тар жол, тайғақ кешуден аман қалған халық. Соның бәрінде бекем бірлік пен ырыс-ынтымағымызға табан тіредік. Бұл жолы да дәл солай ауызбіршілік танытсақ, аурудың әрі қарай асқынуына жол бермейтініміз сөзсіз, – деді М.Әшімбаев. Ол қазақстандықтарды жақындарына жанашырлық танытып, мамандар анықтап берген талаптарды орындауға ерекше көңіл бөлуге, әр азаматымыздың амандығы үшін бірге күресуге шақырды. Премьер-Министр Асқар Мамин де КВИ салдарынан о дүниелік болған қазақстандықтардың отбасына көңіл айтты. – Осынау күрделі кезеңде Қазақстан коронавирус індетімен күресуде. Өкінішке қарай, қауіпті індеттің салдарынан біздің отандастарымыз да көз жұмуда. Қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына аса қайғыра отырып көңіл айтамын. Мемлекет басшысының шешімі бойынша 13 шілде COVID-19 індетінен қайтыс болған қазақстандықтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қабылданып жатқан шаралар халқымыздың табандылығы мен ерік-жігерін және өз күшіне деген сенімін тағы бір көрсете отырып, бізге індеттің таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Үкімет басшысы. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ниеттестік білдіріп, індет кесірінен туған-туыс, бауырларынан, әріптестерінен айырылған еліміздің барша тұрғындарына көңіл айтты. – Осы күндері менің әріптестерім – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өмірден озды, олар күтпеген қауіп-қатермен бетпе-бет келді, соңғы демдері қалғанша күресті. Бұл қайғылы жағдай біз үшін орны толмас қаза. Олар өмірінің соңына дейін дәрігерлік борышын жанқиярлықпен атқарды. Біздің есімізде олар нағыз батыр болып мәңгі қалады. Бұл індетті тоқтату үшін серпінді және тиімді шаралар қажет. Қауіп-қатерді тоқтату үшін әріптестеріммен бірге тәулік бойғы жұмысты жалғастырудамыз. Үкімет медициналық ұйымдарға және дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдауда, қосымша төсек-орындар ашылуда. Шетелдік сарапшылармен бірлесіп коронавирусты емдеу әдістері жан-жақты зерделенуде және жетілдірілуде. Біз біргеміз, біз пандемияны жеңіп шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Бұл қиындықты жұмыла отырып жеңе алатынымызға сенімдімін! – деді Алексей Цой.Берік бол, халқым!
Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл барша ардагер атынан коронавирустан мерт болған азаматтардың туыс-туғандарына қайғырып көңіл айтты. – Ұлттық аза тұту күні – ұлт болып бірігетін күн. Мұндай ауыр кезеңде билік пен халық тұтасып, ортақ қиындыққа қарсы біріге қарсы тұруы керек. Бір-біріне үлкен қайғыда өзара қолұшын беретінін көрсетуі қажет. Ұлттық аза тұту күні қайталана бермеуі үшін мемлекет өзіне жауапкершілік алуға тиіс. Халыққа қамқорлығын күшейтуі шарт. Қабырғаға қатты бататыны сол, қазақстандықтар күйзеліске беріліп барады. Негізсіз емес, әрине. Азаматтар «Иманды болсын!» деген сөзді қайталаудан қажығандарын айтады. Халықтың қабырғасы қайысқанын сезіп, Президент Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Осы орайда, мен халқымды мойымауға шақырғым келеді. Артық стресс адамды құртады. Батыр бабалардың ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Президенттің қатаң қадағалауымен билік қауырт қимылға кірісті. Оң бетбұрыс байқалуда. Енді қазақ қайта рухтануы керек. Бүгінгі ұлттық аза тұту күні – коронавирусқа қарсы сұрапыл күресіміздегі бір меже деп білейік. Ары қарай жағдай жақсаратынына бек сенейік! Рухты болсақ, ешбір індет сағымызды сындыра алмайды. Әлемде коронавирус пандемиясын жеңе алған алғашқы елдер бар. Қазақ елі де солардың қатарына қосылады. Осыған сеніңіз, ағайын! – деді Б.Смағұл. АҚШ-тың еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер де Қазақстан жұртшылығына қайырылды: – Құрметті Қазақстан халқы! Бүгін елде ұлттық аза тұту күні. КВИ індетінен қаза тапқандарды еске алу үшін АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де өз елінің туын төмен түсірді. Коронавирус індетінің салдарынан жақындарын, туғандарын жоғалтқан азаматтарға көңіл айтамын. COVID-19 індеті Америкаға да зор залалын келтірді. Қазақстандағы секілді, АҚШ-та да вирус көптеген тұрғынның өмірін қиып кетті. Қазіргі кезде әрбір жан осы аурудан зардап шеккен адамды таниды. Пандемия аяқталғанға дейін ондай таныстардың қатары көбейе беруі ықтимал. Біз бұл қиындықты бірге өткерудеміз және бірге қайғырудамыз. Мен күн сайын жаһандық шайқастың алдыңғы шебіне шығып, өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз басын қауіпке тіккен медицина қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Тізе қоса отырып, біз бұл вирусты да жеңеміз. Бұған еш күмәнданбаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық тілеймін! Мезгілсіз қайтыс болғандардың есімдері мәңгілік есімізде сақталады. Қазақстан, біз қайғыларыңызға ортақпыз! – деді АҚШ елшісі. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова жалпыхалықтық аза тұту күні ұлт бірлігін паш ететініне назар аудартты. – Ұлттық аза тұту күнін жариялау – пандемия құрбаны болған қазақстандықтардың аруағына тағзым және адамгершіліктің ұлық актісі. Күн сайын жарияланып жатқан ауыр науқастар және жантәсілім еткендер туралы статистиканың ар жағында біз таныстарымыздың, достарымыздың, туған-туыстың есімдерін естідік. Халыққа қайғыра көңіл айта отырып, Президент біздің бәрімізден ел басына түскен сынақ кезінде қайсарлық, тыныштық, жауапкершілік танытуға шақырды. Бүкіл әлем және біздің еліміз аяушылықты білмейтін, ашық әрекет етпейтін, қаупі жете бағаланбаған жаумен арадағы сұрапыл соғысқа килікті. Ұлттық аза тұту күніндегі бір минут үнсіздік кезінде қазақстандықтар Елбасымен және Мемлекет басшысымен бірге коронавирус пандемиясының құрбандарын еске алды. Бұл – бақиға аттанған адамдарға жоқтау айтылған күн. Сонымен қатар ол халық жаһанға жайылған аурумен күресте күш пен ниет біріктірген күн. Мұндай нәубеттер көп ғасырлық тарихта адамзат баласы басынан талай өткен. Адам өмір, болашақ үшін күрес арқасында қаншама індетті жеңіп келеді. Медицина және ғылым бұл жеңіске деген сенімімізді бекемдейді, – деп түйді ҚСЗИ басшысы.Айхан ШӘРІП