Карантиндегі түрлі шектеу әлемдік сауданы тұралатып қойды. Табыссыз қалған азаматтар сауда-саттығын кемітті. Бұл дүкендер желісінің жабылуына, өндірістің тоқтауына, сәйкесінше жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соғып жатыр. Кезінде атауы дүркіреген талай бренд банкрот екенін жариялай бастады. Себебі қарызы шаш етектен. Бұл дағдарыс бізге келе ме?
Егер есіңізде болса, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы АҚШ-тағы Lehman Brothers атты көне әрі ірі инвестициялық банктің күйреуінен басталған еді. Осы елдегі тұрғын үй нарығы құлдырап, ол өзге салаларға, кейін басқа мемлекеттерге домино принципімен әсер етті. Себеп көп. Соның бірі – әлемдік сауданың басым бөлігі АҚШ долларында жүзеге асады. 2020 жылы да жаһанды осыған ұқсас сценарий күтіп тұрғандай. Мұндай қауіпті болжам айтуға негіз бар ма? Тек бір ғана деректі келтірейін. Биыл АҚШ-та алғашқы жартыжылдықта 3 600-ге жуық компания банкроттыққа өтініш берген. Себеп – коронавирус. Егер дүниежүзіндегі төлем операцияларының 60 пайызға жуығы әлі де доллармен жүргізілетінін ескерсек, онда 2008 жылғы жағдай 2020 жылы да қайталануы бек мүмкін секілді. Оған қосымша екі себепті келтіруге болады. Алғашқысы – коронавирус тек АҚШ-тың ғана емес, әлемдегі көптеген мемлекеттің экономикасына соққы жасап, ғаламдық дағдарысқа жақсы жағдай жасап қойды. Екіншісі – әлемдік саудада орны ерекше ірі корпорациялар, бренд иелері жабыла бастады. Мыңдаған дүкеннің есігіне қара құлып салынды.
Карантинде киім керек емес. Коронавирус ушыққан кезде көптеген мемлекет карантин енгізді. Бұл күнделікті сауданы тоқтатты. Бұдан, әсіресе киім-кешек сатушы алып компаниялар шығын көрді. Мәселен, испандық Zara брендінің қожайыны Inditex компаниясы әлемде 1 200 дүкенін жапқан, себебі сатылым 44 пайызға немесе 3,3 млрд еуроға құлаған. Компания енді шығынды өтеу үшін онлайн саудаға күш салмақ. Ағылшынның Victoria's Secret брендінің иесі L Brands (LB) компаниясы да 250 дүкенін сыртынан кілттеп қойды. Себебі биыл сауда 46 пайызға немесе 821 млн долларға азайған. Сондықтан компания кредиторлардан қорғану мақсатында банкроттыққа өтініш берді. Биыл компания брендті 1,1млрд долларға бағалап, оны сатып жібермек болған. Өйткені тек Солтүстік Америкада оның 849 дүкені бар (оның басым бөлігі әлі жабық). Дегенмен келісіп қойған жерінен Sycamore Partners компаниясы пандемия барысында ниетінен бас тартты. Осылайша, қымбат киім сататын брендтің басына қара бұлт үйірілді.
Жоғарыда айтылған тек қымбат брендтер ғана емес, қолжетімді, барлығы үшін деп саналатын casual киім сататын компаниялардың да жағдайы жақсы емес. Себеп көп. Соның бірі – карантинде үйінде отырған жұрттың киімге сұранысы өте төмен. Бұл фактор АҚШ-тың атақты Gap брендіне де соққы болған. Компанияның жағдайы былтыр да оңып тұрмаған еді, 141 дүкені жабылған тұғын. Биыл олардың саны 170-ке жетті. Gap қазір сауда орталықтарына дүкендерінің жалға алу ақысын төлемейтін компанияның қатарында. 115 млн доллар қарызы бар. Пандемия аяқталса да, киім сатушы компаниялардың жағдайының оңалуы екіталай. Өйткені McKinsey жүргізген сауалнама бойынша, клиенттердің 67 пайызы киімге азырақ ақша жұмсамақ. Оған қоса, киім қоймаларын ұстау да тиімсіз болып барады. Сауда жүрмеген соң олар лық толған.
АҚШ-тың спорттық аяқкиімдерін өндіруші атақты Nike компаниясы биыл 790 млн доллар шығын көрді. Ал былтыр осы уақытта 989 млн доллар пайда тапқан болатын. Вирустың ешбір компанияны аяйтын түрі жоқ. Оның өз себептері бар. Компанияның 90 пайыз дүкендері көктемде 2 ай бойы жабық тұрды. Бұл көтерме сауданың 50 пайызға кемуіне әкелді. Есесіне, спорттық аяқкиімді интернеттегі дүкендер арқылы тапсырыс беретіндер 75 пайызға өскен. Nike жыл соңына дейін шығынын өтеп алуды жоспарлап отыр. Себебі дүкендері қайта ашыла бастаған.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА