Ақын, аудармашы Саят Қамшыгер тәржімалаған башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, АНА» кітабы оқырман тарабынан оң баға алып, қызыға оқылған кітаптар санатына енді.
Иә, әркімнің өмірі өзінше өріледі. Бірі – бақытқа кенелсе, енді біріне жоқшылықтың қамытын кигізіп, үнемі тарылтып қояды. Барлығы жеткілікті, төрт құбыласы тең адам кедейшіліктің не екенін қайдан білсін. Ал «Тастамашы, АНА» кітабын оқыған адам әділетсіздіктің не екеніне көз жеткізеді. Меніңше, жазушының да көксеген негізгі ойы – осы. Демек, шығарма өзі көздеген мақсатына жетті.
Дағыстан халық ақыны Расул Ғамзатов «Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек, өзгені де тану үшін кітап керек» деген екен. Қолымызға тиген еңбек адамзат атаулы арасындағы немқұрайдылықтың, бейсауаттылықтың соңы немен аяқталатынын көрсетіп береді. Балалар үйінің басшысы тек істеп отырған қызметінен айырылмас үшін ауызында ана сүті кеппеген бейкүнә балаларды атып тастаудан тайынбайтынын аңғару қиын емес. «Сонымен, таңертең қонақтар келеді. Егер түнде үсік жүрсе директордың кәріне іліктің дей бер. Бірақ Мавлида Нұрғалиқызы ауа райын алдаудың жолын тапты... Жоғары сыныптың ұлдары бұл түнді ұйқысыз өткізді. Алдымен әр гүлдің түбін ескі шүберектермен жаптық. Одан кейін гүлдер өсіп тұрған маңға от жақтық. Әрқайсымызға суықтан сақтау үшін гүлдер бөлініп берілді. Біз таңға дейін отын әкеліп, отты үзбей жағып тұрдық» деген жолдардан аса бір суреттеуді байқамайсыз. Бірақ қызметі үшін басшының бала тағдырын ойыншыққа айналдырғаны анық байқалып тұр. Ұйықтаса түсіне кіретін басшының әділетсіздігіне қарсы тұрар дәрмен жоғына еріксіз көз жеткізесіз. Бұл жерде бейкүнә балдырғандарды баяндай отырып, бүгінгі қоғамда да кездесіп жатқан келеңсіздікті көрсетуді автор негізгі бағыты ретінде алған секілді көрінді.
Шығарманың әр бетін парақтаған адам әке мен шеше баланың ең негізгі қорғанышы екенін ұғына түседі. Шешелерінен ерте айырылып, әке қамқорында асыр салып ойнап жүрген ауыл балалары жалғыз қамқоршысын көз алдында о дүниеге шығарып саламын деп ойламаса керек-ті. Дәл осы секундтардан кейін ауылдың қара домалақ балаларының тағдыры ойда жоқта үш жүз алпыс градусқа өзгеріп сала берді. Әкелерін жер қойнына берген сәттен бастап өкіметтің «жанашыр» адамдары аяқасты пайда болып, балаларды қалаға алып кетудің әрекетіне кіріседі. Бірақ... Әлі оң-солын тани қоймаған балалар туған жер мен қарашаңырақты қиып тастай алмайды. Сол үшін әлгі өкіметтің жандайшаптарына қарсы шығады. Өкінішке қарай, енді олардың «шырылын» еститін не әке, не шеше жоқ... Сондықтан олардың тағдыры балалар үйіне байланады. Аса бір қатты суреттеу де жоқ. Десек те, бүгінгі таңда ақша көрсе туған елін, тіпті, қасиетті қара шаңырағын сатып кетуге даяр жандарға кіп-кішкентай ғана Ілиястың іс-әрекеті үлгі боларлық. Тәрбиелік жағынан алып қарасаңыз да шығарма ондыққа дәл тиіп тұр.
Ал осындай еңбектің қазақ оқырмандары арасына таралуына ең бірінші мүмкіндік жасаған – Саят Қамшыгер бауырымыз. Өзімізді танытуға мүмкіндік берген автордың еңбегін қарапайым түсінікті тілде аударып, шығарманың шырқын бұзбай жеткізудің өзі үлкен шеберлік.
Негізінде, шығармамен мектеп оқушылары, тіпті жоғары оқу орындарының студенттері танысып, оқып шықса құба-құп болар еді. Өйткені қоғамымыздағы түрлі келеңсіздіктер көбіне-көп осы жастардың арасында орын алып жатқаны жасырын емес. Бірі – некесіз бойына біткен баласын тоғыз ай көтеріп, туған соң жай қоқыс тастағандай жәшікке лақтырып кетіп жатса, екіншілері барын аузына тыққан әке-шешесін қарттар үйіне тапсырып, тайраңдап жүргенін жасырып қала алмаймыз. Міне, осылай шалыс басып жатқан жастардың ақылына ақыл қоса білетін еңбек. Өйткені балалар үйіне келіп түскен жетімектер тасбауыр тәрбиешілердің арқасында талай қысымды басынан өткергенін оқығанда өз-өзіне ой түйер. Сабақ алар. Олай деуімізге басты кейіпкер Ілиястың жан қысылып, шырмауықша шырмалған әділетсіз ортадан өзінше жол іздеуі жүрегі бар адамның ет жүрегін езеді. Тіпті, көзіңізге еріксіз жас үйіреді. Әкесі мен шешесі барда жарасқанын киетін жеткіншектер балалар үйіндегі біркелкі киімнің сапалысына қол жеткізу үшін істеген әрекеті үшін немесе қызығушылықпен кәстөм-шалбар киген шенеуніктен кәмпит алғаны үшін жазаға тартқан мекеме басшысының әрекеті Гитлерден бірде-бір кем түспейді. Оқиға желісін одан ары бойласаңыз бұл бір балалардың тәрбие мекемесіне емес, бейне бір «түрмеге» тап болғандай күй кешесіз. Тісі ауырып тәрбиешілерден дәрі сұрағаны үшін Ілиястың жазалы ретінде жауапкершілікке тартылуы кез келген адамның көзіне жас үйіреді. Осы тіс ауруы салдарынан қаншама балалардың өлім құшқаны, олардың іздеушісі болмағандықтан іс қозғалмай жылы жабылып кетуін жазушы кейіпкердің аузына сала отырып, тамаша баяндайды. Қысқасы, тағдырдың түрлі тәлкегімен осы жерге түскен балаларға интернат директоры Мавлиданың әке-шешесі ішіп, балаларға қарамай кетті деген бір-ақ «диагнозы» жаныңызды қажытады. Менің ойымша, бүгінгі таңда өте өзекті тақырыпты ашқаны үшін жазушының бұл еңбегі оқырман тарапынан оң баға алды. Ал осындай еңбектің қазақ оқырманы арасына таралуына ең бірінші мүмкіндік жасаған – Саят Қамшыгер бауырымыз. Өзімізді танытуға мүмкіндік берген автордың еңбегін қарапайым түсінікті тілде аударып, шығарманың шырқын бұзбай жеткізудің өзі үлкен шеберлік. Гүлдің су сұрап тұрғанын алыстан байқаған бағбан секілді қазақ оқырманының осындай дүниені іздеп жүргенін, жаңа авторлардың қажет болып тұрғанын дер кезінде байқаған аудармашыға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Айтпақшы, бұл кітап мектеп оқушылары арасында да тез таралыпты. Жастардың қызығушылығының арқасында қайта басылып шығыпты. Қызығы сол, оқыған жас өреннің әрбірі бейжай қалмай, кітапты талқылаған. Оң пікірлерін білдірген.
Әркімнің өз орны бар екенін анықтап берген шығарманы көз жасын ағызып отырып оқыған оқырманды әкесі мен шешесін құшақтатып, ешбір қиянатшылық жасамауға серт бергізді. Керісінше, баласына көңілі толмай көкірегінен итеріп жүрген ата-ананы тәубесіне келтіргені анық. Шығарманың аяғына жеткен кезде шынында да «Тастамашы, АНА» деп өз-өзіңізге еріксіз сыбырлайсыз!
Нұрғиса САХОВ