Руслан Шербаевтың айтуынша, зергерлік құралдарды реставрация жасағанда оның бастапқы табылған кездегі қалпын сақтап қалуға баса мән берген жөн.
«Күлтөбе қалашығын қазу, зерттеу барысында зергерлік бұйымдар жиі шығады. Жәдігерлер пішіні жағынан бір-біріне ұқсас келеді. Көбісінде қаңлылар дәуіріне жататын ертедегі полихромды стильдегі нақыш, ою-өрнек түріндегі бейнелер жиі кездеседі. Археологиялық қазба жұмыстарын зерделеу, сақтау, зерттеу кезінде жәдігерлер жиынтығы ежелгі және кейінгі орта ғасырлардағы зергерлік өнер жәдігерлерімен үнемі толықтырылады. Алтын, күміс, қола, мыстан жасалған қолөнер бұйымдары сол кездегі халықтың өмірінен хабар береді», – дейді археолог.
Ал «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау» жобасының ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітованың айтуынша, құралдармен бірге қалашықта мыстан жасалған құйма табылды. Түрлі-түсті металдардан жасалған құймалар Күлтөбе қалашығынан табылған қолөнер бұйымдарына әртүрлі заттар қолданылғанын растайды. Құйманың көлемі – 6х4 см. Ені – 0,8 см, салмағы – 150 грамм. Археологтардың болжамынша, құрал әйелдердің сырғасын құюға қолданылған.
Қалашықтан табылған зергерлер соққан бұйымдарда ақ түсті металдан құйылған білезік, оның беткі тұсында өсімдікке ұқсас ою-өрнек бейнеленген. Мыс білезікпен бірге мыстан соғылған жүзік те бар. Мыс бұйымдар әлі де зерттеліп жатыр.
Н.БАҚЫТ