АҚШ ядролық келісімнің нүктесін қойды
АҚШ ядролық келісімнің нүктесін қойды
211
оқылды

АҚШ Ресеймен жасалған ядролық келісімнен шықты. Қысқа және орта қашықтықтағы зымырандардан бас тарту туралы келісімге 1987 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган мен КСРО басшысы Михаил Горбачев қол қойған. Оған сәйкес, 500 километрден 5 500 километрге дейінгі қашықтыққа ұшатын зымырандарға тыйым салынған. 1991 жылға дейін 2 700 зымыран жойылып, қос мемлекет келісімде көрсетілген талаптарды орындау барысын бір-біріне инспекторлар жіберіп, қадағалап отырған. Жыл басында АҚШ пен НАТО «Ресей жаңа үлгідегі 9М729 зымырандарын ұстау арқылы келісімді бұзып отыр» деп мәлімдеген. НАТО-ның ақпаратында ресейлік зымырандар санаулы минутта Еуропа мемлекеттеріне жетуге қабілетті, мобильді әрі нақты орнын анықтау қиын құрылғылар екені айтылады. «Ресей мәселені реттемесе, келісімді бұзамыз» деген АҚШ президенті Дональд Трамп әріптесіне 2 тамызға дейін уақыт берген. Ресей өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Путин Трамптың ескертуін «келісімді бұзу үшін айтылған сылтау» деп атады.

Ресми түрде АҚШ келісімнен шығу процесін алты ай бұрын 1 ақпанда бастаған. Дональд Трамп «Ресей ұзақ уақыт бойы келісім шарттарын бұзып, тыйым салынған зымыран жүйесін жасауды және сақтауды жалғастырып келді. АҚШ келісім бойынша өзіне алған міндеттерді орындауды тоқтатып, Ресейге белгіленген талаптар шеңберіне оралуға алты ай уақыт береді» де­ген. Сол күннің ер­теңіне ресми мәлім­демеге жауап қатқан Владимир Путин ядролық қару өндірісінің көбіне ғылыми мақсаттағы жұмыстар деп түсін­дірілетінін меңзеп, «Америкалық әріптестеріміз ғылыми-зерттеу, тәжіри­белік-құрастыру жұмыстарымен ғана айна­лысамыз деп айтады. Біз де солай жасаймыз» деп, Ресейдің де келісімнен шыға­ты­нын хабарлады. Путин АҚШ тең дәрежелі келіс­сөздер жүргізуге дайын болмайынша, жаңа келісім туралы сөз қозғалмайтынын кесіп айтқан. Ал өткен айда Путин қысқа және орта қашықтықтағы зымырандардан бас тарту туралы келісімнен шығу жөніндегі құжатқа қол қойды.

ВВС-дың қорғаныс саласы бойынша тілшісі Джонатан Маркустың пікірінше, АҚШ та, Ресей де ядролық келісімді бағаламай отыр. Ол «Кеңес Одағы құлағаннан кейін, жаппай қарулану процесін бақылауда ұстауға тиісті назар аударылған жоқ. Соңғы кезде елдер арасындағы текетірес қайта күшейген тұста, ядролық қаруға шек қоятын келісімнің болғаны тұрақтылықты сақтауға үлкен үлес қосар еді. Бұл дағдарыс ең қауіпті қару түрлері көз ілеспес қарқынмен дамып жатқан кезде болды» деп жазды. Сарапшының айтуынша, 2021 жылы қырғиқабақ соғыс кезінде қабылданған ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар қолданысына тыйым салатын келісімнің мерзімі аяқталады. Ал қос тараптың бүгінгі қарым-қатынасын ескеріп, ол келісім де ары қарай ұзаратыны күмән туғызады. БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гуттериш «Ертеңнен бастап әлем ядролық соғыс тежегішін жоғалтады. Бұл баллистикалық зымырандар қаупін күшейтеді» деді. АҚШ-тың Женевадағы ядролық қарудан бас тарту конференциясындағы тұрақты өкілі Лора Кеннеди «2 тамыз күні Еуропадағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарған келісім бітеді. Бұл Еуропада алаңдаушылық туғызып, Азия сияқты жаңа өңірлерде жаппай қарулану бойынша бәсекеге жол ашуы мүмкін» деген пікір қосты.