Карантин кезінде 50 адамға арнап сауық кешін ұйымдастырған әйел ұсталды
Карантин кезінде 50 адамға арнап сауық кешін ұйымдастырған әйел ұсталды
194
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының 28 жастағы тұрғыны карантинге қарамастан 50 адамға арнап сауық кешін ұйымдастырған, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Полицияға түн ортасында Сарайшық көшесінде орналасқан коттедждердің бірінде сауық кеші болып жатқаны туралы хабар түскен.
«Тексеру барысында 28 жастағы қала тұрғынының жабық сауық кешін ұйымдастырғаны анықталды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қонақтар «Есіл» аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Тексеру нәтижесінде 42 адам ҚР ӘҚБК 441-бабы бойынша жекелеген қоғамдық орында темекі өнімдерін және электрондық сигаретті тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін, ҚР ӘҚБК 437-бабы бойынша тыныштықты бұзғаны және ҚР ӘҚБК 440-бабы бойынша алкогольді ішімдік ішкені немесе қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін, сондай-ақ 1 адам ҚР ӘҚБК 492-бабы бойынша Қазақстанда тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды», - деп жазылған хабарламада.
Сауық кешін ұйымдастырған әйел тергеу барысында бұған дейін елордадағы дәмханалардың бірінде жұмыс істегенін айтты. Оның жұмыс орны санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болмағандықтан жабылған.
«Сол себепті әйел коттедж жалдап, келушілерге әлеуметтік желі арқылы іс-шараның өтетін жерін хабарлаған», - деді полиция өкілдері.