Биыл өздеріңіз жақсы білетіндей, суға шомылу науқанын бастау үшін демалыс базаларын пандемия жағдайына байланысты тексеру және дайындау қажеттігі туындады. Маусымның 5-нен шілденің 1-не дейін арнайы топ оларды тексеріп, көпшілігіне жұмыс бастауға рұқсат берді. Сонымен қатар 10 дәмханаға, 2 дәріханаға, 1 медпунктке, 16 азық-түлік дүкеніне тексерістен кейін демалушыларға қызмет етуге мүмкіндік берілді. Атап өтерлігі, Алакөлде жыл сайын демалушыларға көрсетілетін қызметтер аясы кеңейіп келеді. Көл жағалауында Үржар ауданы әкімдігінің және Шығыс Қазақстан облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстанның алғашқы туристік Tourіst Іnfo ақпараттық орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Орталық «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істеп, келушілерге тегін ақпараттық-консультациялық көмек көрсетеді. Ақпарат ретінде қоса кетсек, табиғи көркі мен ерекшелігі көз сүйсінтіп, көңілге қуаныш ұялататын тұзды, ағынсыз Алакөл көлі теңіз деңгейінен 347 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 104, ені – 52 шақырым. Көлде демалыс орындарының көптеп орналасуы – суының минералдарға аса бай болуында. Оның құрамында Менделеев кестесіндегі элементтердің көбі бар. Құрамы жағынан планетада Канаданың Атабаска көліне және Қара теңізге ұқсайды. Суының жаздық орташа температурасы +26 градус. Судағы минералдар тыныс алу, сүйек-бұлшық ет, жүйке жүйелері ауруларымен қоса, тері, радикулит, өкпе, обыр ауруларының алғашқы кезеңдерінде шипалы. Бүгінде демалыс аймағында 250 кәсіпкерлік нысан қызмет көрсетуде. Сонымен қатар жағалауда жаңадан Orient Alakol, «Атлант», «Темірлан», «Номад», «Достық», «Кәрім», «Жағалау», «Хансұлтан», «Нұржау», «Дольче Вита», Roval Relax, «Ермада», «Достар» секілді демалыс үйлері ашылды. Демалушылар саны жылдан-жылға көбейіп, демалыс үйлерінің саны да артып келеді. Көл халықаралық деңгейде де танымал болуда. Былтыр Ресейдің Алтай өлкесінен, Омбы, Түмен, Челябі облыстарынан, Украинадан келушілер демалушылардың 22 пайызын құраған. Жағалауға былтыр күн сайын 10-15 мыңға дейін адам келетін. Көл жағалауын дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жыл сайын облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей басшылығымен бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жағалауды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Демалыс үйлерінің де инфрақұрылымы жақсаруда. Алакөл жағалауын дамыту мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Парус», «Інжу», «Алакөл-Арасан», «Әйгерім», «Керуен», Nomad, Alakol Famіly Club, «Көксала» сияқты заманауи ірі демалыс орындары салынып, аймақтың сәнін келтіріп тұр бүгінде. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2013 жылы демалыс үйлерінің саны 89 болса, 2018 жылы 161 болды, бүгінде 250-ге жетіп отыр. Алайда биыл жағалаудағы жағдай жылдағы жағдайлардан өзгеше. Адам қарасы да бұрынғыдай нөпір емес. Әлемді жайлаған қазіргі коронавирусқа байланысты демалыс үйлерінің иелері келгендерден осы сырқаттан таза екенін дәлелдейтін анықтама талап етуде. Заманауи талаптарға сай, демалушыларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында суда құтқару, өрт қауіпсіздігі, медпункт барлығы да алдын ала қарастырылған. Суға түскенде де демалушылардың арақашықтықты сақтауы қатаң қарастырылған. Дегенмен соған қарамастан, шіліңгір шілдеде шипалы көлдің жағасында демалып қалуға асығушылар жетерлік. Бұған дейінгі жылдарда бірнеше жыл қатарынан облыс басшысының қолдауы аясында облыстық және аудандық әкімдіктердің ұйымдастыруымен «Алакөл алаулары» фестивалі ұйымдастырылып келген-ді. Демалушылар көңілінен шыққан бұл шараның биыл өтуі екіталай. Қалай десек те, бүгінде суы шипалы Алакөлдің жағасы адам танымастай өзгерген, алдағы уақытта осы қарқынмен бұл демалыс аймағы халықаралық деңгейге жетері анық.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы