Қазір елімізде індет дендеп барады. Жалпы, коронавирустан қалай сақтануға болады? Бетперде қаншалықты көмектеседі, оны қалай пайдалану керек? Осы сұрақтарға педиатр-инфекционист Ақжарқын ҚОШЫМ-НОҒАЙ жауап берді.
Үйге сырттан келе салысымен қолды, сонымен қатар бетіңізді жақсылап сабындап жууды ұмытпаңыз. Мүмкіндік болса күнделікті даладан келген бетте шашты да жуған дұрыс. Себебі шаш микробтарды жинайтын магнит болып табылады. Вирустар организмге жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді. Адам организмі вирустармен кездескен сәтте бірінші кезекте жергілікті иммунитет қарсы жауап береді. Егер жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттары құрғап кетсе, жергілікті иммунитет өз қызметін атқара алмайды. Жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарын ылғалдандыру арқасында біз жергілікті иммунитетімізді нығайта аламыз. Ол үшін жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішіп, организмнің сусыздануын болдырмау қажет.Сонымен қатар, мұрын және ауыз бен жұтқыншақты тұзды сумен шайып тұру пайдалы. Созылмалы аурулардың өршіп, иммунитеттің түсуін болдырмау мақсатында суықтап қалудың алдын алу қажет. Күнделікті ауа райына сай киіну керек. Салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Мезгілімен және құнарлы тамақтану, стрессті болдырмау, ұйқы режімін қалыптастыру, гимнастика және спортпен шұғылдану, таза ауада серуендеу денсаулықты нығайтуға септігін тигізеді. ЖРВИ-дың белгілері пайда болса, бір реттік қолдануға арналған майлық-сулықтарды пайдаланған ыңғайлы. Көпшілік орындарда маскаларды қолдану қажет. [caption id="attachment_58148" align="alignleft" > ©Сурет интернеттен алынды[/caption] – Көпшілік орындарда масканы қалай қолдану керек? – Бүгінгі таңда медициналық және медициналық емес маскалар шығарылуда. Медициналық маскаларды қолдану ережелері мынадай: Жаңа масканы ұстамас бұрын қолды жақсылап сабындап жуу, ал жууға мүмкіндік болмаған жағдайда антисептикалық ерітіндімен өңдеу қажет; Масканы қолға алып, оның бүтіндігін тексеріңіз; Масканың қатты жерін жоғары қаратып, түсті жағын сыртқа аударып кию қажет. Масканың қатты жерін мұрынның формасына сай келтіріңіз.
Маска мұрынды, ауызды және иекті толығымен жауып, бетке тығыз тұруы қажет. Масканы қолдану кезінде оған қол тигізбеуге тырысыңыз. Егер де абайсызда маскаға қол тигізген болсаңыз, қолыңызды антисептикалық ерітіндімен өңдеңіз. Әр 2-3 сағат сайын (ылғалданып кетсе, одан да жиірек) масканы ауыстырып отыру қажет. Масканы құлаққа тағылатын жіптерді/резеңкелерді артқа тарту көмегімен шешу қажет. Қолданылған масканы кез келген жерге тастай салмай, қоқыс жәшігіне немесе арнайы маскаларды жинап, жоюға арналған жәшіктерге тастап, қолды қайтадан антисептикалық ерітіндімен өңдеу керек.Есіңізде болсын: бүтіндігі бұзылған маскаларды қолдануға болмайды; масканы мұрынды ашып киюге немесе мойынға түсіріп кию дұрыс емес; бір реттік маскаларды қайталап қолдануға болмайды. – Ал медициналық емес (матадан тігілген) маскаларды қолдану ережелері қандай? – Медициналық емес (матадан тігілген) маскаларды қолдану ережелері мынадай:
- Таза масканы ұстамас бұрын қолды жақсылап сабындап жуу, ал жууға мүмкіндік болмаған жағдайда антисептикалық ерітіндімен өңдеу қажет;
- Масканы қолға алып, оның бүтіндігін тексеріңіз;
- Масканы мұрынды, ауызды және иекті толығымен жауып, бетке тығыз тұратындай етіп киіңіз;
- Масканы қолдану кезінде оған қол тигізбеуге тырысыңыз;
- Масканы шешер алдында қолыңызды өңдеп алыңыз;
- Құлаққа тағылатын жіптердің көмегімен масканы шешіңіз;
- Егер маска құрғақ және таза болып, оны қайта қолданатын ойыңыз болса, масканы полиэтиленді пакетке салып қойыңыз;
- Масканы шешкен соң қолыңызды қайтадан өңдеңіз;
- Масканы қайта қолданар кезіңізде оны пакеттен құлаққа тағылатын жіптерінен ұстап шығарыңыз;
- Матадан тігілген маскаларды күніне бір рет сабынмен немесе кір жууға арналған ұнтақпен 60 градус ыстық суда жуып, үтіктеп, қайта қолдану қажет.
- Бүтіндігі бұзылған, кірлеген не болмаса бетке тығыз тұрмайтын, мүлдем ауа өткізбейтін маскаларды қолданбаңыз.