Қазақ әдебиетінің тарихына ХХ ғасырдың 60-90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы сыршыл және сыншыл туындылары мен елеулі үлес қосқан көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қажытай Ілиясұлының (1939-2013) шығармашылығын да сөз арқауындағы классикалық дәстүр жалғастығы тұрғысында бағалаймыз. Көрнекті ақынның шығармашылық ғұмырнамасындағы журналистік-қаламгерлік еңбек жолы басты орын алады. Қазіргі Шыңжаң (ҚХР) өлкесіндегі педагогикалық тіл институтының қытай тілі мамандығы бөлімін, одан кейін Қазақстандағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін (1962) бітірген. Шыңжаңдағы өлкелік «Шыңжаң» газетінің аудармашысы, Іле, Тарбағатай аймақтарындағы меншікті тілшісі болған. Қазақстандағы университетті бітіргеннен кейін «Ара – Шмель» журналында фельетонист-тілші, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім бастығы, Қазақ теледидарында аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакциясында, «Жазушы» баспасында редактор, «Азамат», «Астана», «Астана дауысы»- «Голос Астаны» газеттерінде бас редактор қызметтері бойынша еңбек етті. 2000-2010 жылдары ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды.
Қазақ поэзиясына сыршылдық пен сыншылдық тұтастығындағы ұлттық және жалпыәлемдік классикалық әдеби дәстүрді жаңғырта жырлаумен даралана танылған Қажытай Ілиясұлының шығармашылық ғұмырнамасы «Шыңжаң» (ҚХР) газетінде жарияланған «Дастархан» (1959) атты тұңғыш өлеңінен басталған. Мерзімді баспасөз беттерінде ХХ ғасырдың 60-90-жылдары мен ХХІ ғасыр басында мерзімді баспасөз беттерінде үздіксіз жарық көрген өлеңдері, сонымен бірге кітаптары оқырмандар арасына кеңінен таралды, танылды. Атап айтқанда, «Қайран жастық: Өлеңдер мен поэма» (1974); «Усойқы: Сықақ өлеңдер мен мысалдар» (1978); «Маймылдың мәдениеті: Сықақ өлеңдер мен мысалдар» (1981); «Біле білсең: Сықақ өлеңдер» (1985); «Қалақай қамшы: Бір томдық сатиралық өлеңдер» (2001); «Тас жарған: Лирикалық өлеңдер» (2001); «Таңдамалы шығармалары. Бірінші том: лирикалық өлеңдер, толғаулар, дастандар. - Астана: Нұра-Астана.-208.Т.1; «Таңдамалы шығармалары. Екінші том: Әзіл-оспақ өлеңдер, пародиялар, күлдіргі айтыстар, мысал-баллада, мысал-дастандар.-Алматы: Баспалар үйі, 2009.
Қажытай Ілиясұлы поэзиясының басты сипатын азаматтық-отаншылдық рухты өлеңдері құрайды. Ұлы даланы мыңжылдықтар бойы мекендеп, ұрпақтарға адамгершілктің алтын желісі рухани жомарт мінезділікті, адалдықты, мәрттікті, батырлықты, туған жерді, ата-бабалық әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді ұлықтау ұлағатын жырлаған. Ақынның азаматтық лирикасындағы өлеңдерінде ата-бабалық ірі мінезділік-биік ұстаным тұғырнамасы аясында адамдар ортасындағы күйкі қасиеттер (күншілдік, қызғаншақтық, көргенсіздік, тарпейілділік, т.б.) қарама-қарсы салыстырыла бейнелене жырланған. Мысалы, «Беташар», «Арман айнасы», «Жол алдында», «Өлеңге өлшем», «Қолтаңба орнына», «Полонез», «Құт», «Ақсуға барғанда», «Түркістан топырағы», «Сарбаздар сазы» (ән-өлең), «Уа, дариға, вальс!», «Ән осындай», «Мінезім», «Асығамын», «Азаматтар», «Ақынбыз», «Өнер бәсекесінде», «Ұлыма өсиет», «Жарқын», «Шақалаққа шапан», «Көршілер мейрамы», «Үйлену тойында», «Ұлыстың ұлы күнінде», «Жамбыл мүсініне», «Момышұлы», «Жүсекең» (Жүсіп Алтайбаевқа), «Ғабеңнің қалпы» (Ғ.Мүсіреповке), «Бір ауыз сөз» (Ғ.Мүсірепов рухына), «Ағаға арнау» (М.Базарбаевқа), «Қабдеш хақында», «Жомарт жолы» (Мұхтар Құл-Мұхаммедке), «Табиғат талиматы» (профессор О.Сыдықовқа), «Таңдайдың табиғаты», «Сүйегі асыл сұңғыла», «Бір бидай» (Рудаға үй-ішінің одасы), «Қайран, Шәке!» (Ш.Қалдаяқовқа), «Сүрінген тұяқ», т.б.
Қажытай ақынның халықтық-этнографиялық өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман сырлары арқылы қазақ ұландарының табиғат пен біртұтастық жағдайында ержеткен дүниетанымы суреттелген. «Бұлдырап шабатұғын құлынға ұқсап», «Жорыққа тағалаушы ек жас лақты», «Өлең жазып отырған мына саусақ, ол күнде садақ тартты, асық атты» бейнелеулері арқылы шалшықтағы шұбар балықты қуалап балшыққа былғанса да, жіліншігі жарылып қан шықса да ойынға тоймайтын балалық шақ ойындары оқырманның да көңілін елжіретеді. Қазақ балаларының күшік асырайтыны («Ұялас»), тұлпар таңдап мініп бәйгеге қатысатыны, көкпар тартатыны («Сұркөжек»), қыран құсты баулып аңға салатыны («Қыран хиқметі»). Аңшылық құмарлығы («Саятта»), дала құстарымен («Бозторғай»), домбырамен сырласу («Домбыра»), т.б. Бәрі де дала перзенттерінің ата-бабалық дәстүрімен қалыптасатын романтикалық сарынды іс-әрекеттерін, болмыс-бітімін көз алдымызға әкеледі.
Қажытай ақынның поэзиясының негізгі ерекшелігі – халықтық-этнографиялық сипатпен жырлануы. Ақынның лирикалық өлеңдерінде де, эпикалық толғауларында да, дастандарында да мыңжылдықтар бойы Ұлы даланың ұлан-ғайыр географиялық кеңістігін мекендеген халқымыздың көшпелі және отырықшы мәдениеті, дәстүр тұтастығындағы тұрмысы жырланған. Әсіресе, жазғы жайлаудағы төрт түліктің қозғалысы, жаратылыс ауқымындағы қазақ ауылының тіршілік-тынысы («Төлі туып, жусаны бұрқыраса», «Бүркіті томағалы тұғырында, шолпы, теңге бұрымында», «Жылқышы, мерейі үстем түйешінің», «Сары ала уыз, сүрі табақ сонда», «Кигені жасыл мақпал, қара манат күтеді отағасы қадағалап», «Дереңде тықыршиды жараған ат») Ұлы даладағы ата-бабалар қалыптастырған халықтық мәдениет сипатын танытады.
Қажытай – ойшыл ақын. Философиялық сарынды өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның толғаныстары мен тіршілік құбылыстарының қасиеттерінің қайшылықты-қақтығысты болмысы негізіндегі хал-ахуалдың себебі мен салдарын, амалсыздық бірлігі мен бітіспес күресін суреттеп жырлаған өмір сипатының сыртын да, ішкі сырын да білуді, кесек тұлғалардың ұсақтайтынын, ұсақтардың ірінің орнын алатынын, ылдидың да, өрдің де, көздінің көруінің де себепті салдар болатынын ұғындырады. Жаратушыдан қорқуды ұмытқандардың пенделерді өлімге қия беретін рақымсыздығын жомарт періштедей адалдық пен сараңдық, арамдық ниет тайталасқан әлеусеттік ортадағы кемел азаматтық ұстаным иесінің биіктігі дәріптелген:
Қажытай ақынның поэзиясының негізгі ерекшелігі – халықтық-этнографиялық сипатпен жырлануы. Ақынның лирикалық өлеңдерінде де, эпикалық толғауларында да, дастандарында да мыңжылдықтар бойы Ұлы даланың ұлан-ғайыр географиялық кеңістігін мекендеген халқымыздың көшпелі және отырықшы мәдениеті, дәстүр тұтастығындағы тұрмысы жырланған.
...Бергенім бар, көп әлі берерім де,
Сондықтан сүңгимін өз тереңімде.
Менің құтым, қуатым өнерім де,
Кертіп берем жұртыма керегімде.
Пысқырмай кещесіне, кереңіне,
Алшаң-алшаң баспай ма ер елінде?!
(«Құт» өлеңінен).
Пейзаждық суреттеулер – табиғат лирикасының алтын арқауы. Көркем өнердегі эстетикалық таным бірлігі тұтастығымен өрнектелетін пейзаждық суреттеулерде табиғат құбылыстары, көріністері, сан алуан кейіптеулік бейнелеулермен баламаланып, ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі үндестіктердің, өзгешеліктердің көп бояулы қозғалыстарының, құбылыстарының келбетін романтикалық-реалистік сарындармен байқатады. Осындай өрнекті суреттеулермен жырланған Қажытай ақынның табиғат суреттеріне арналған лирикалық өлеңдерінен ойшылдық-суреткерлік дүниетаным тереңдігін сезінеміз. Мысалы, «Еміл», «Алатау», «Алатаудың кей сәті», «Жайсаң», «Ертіс», «Қоңыр дөң», «Қосағаш», «Жайлау таңы», «Жайлаудағы шаңқай түс», «Жайлау кеші», «Жайлау түні», «Кемпірқосақ», «Дала», «Бәйгетөбе», т.б. Табиғат лирикасы сарынындағы аталған өлеңдердегі пейзаждық суреттеулерден Ұлы дала перзенттеріне мыңжылдықтар бойы қаһармандық-жауынгерлік рух қуатын дарытқан атажұрттардың-атамекендердің көркемдік-эстетикалық ықпалын ұғынамыз. Мысалы, «Дулыға киген басың мұз құймалы, сайыңнан өреді өзен жүз бұйдалы» («Алатау»), «Жырға қос құлжаларын сай тасындай», «Алатау иығына бұлт ілінсе, өштескен буралардың шайқасындай», «Ақ бура, қара бура, қоңыр бура, түксиген келе мұнда, шоғыр мұнда» («Алатаудың кей сәті»), «Кемері кілкілдеген құба белге», «Көгерген көркі бейне көсегем ғой», «Қандай ғажап табиғат, жер шетінде аспанның тұйық басын төсегендей», «Толқыннан тұғылына тұнған көбік», «Тірісінен іздедім ұқсас белгі тобылғыдай түрімді суден көріп» («Жайсаң»), «Мың толқын бір толқынның ырқыменен Ақ Ертіс алқын-жұлқын күркіреген», «Түбінде төңкеріліп жатыр аспан ап-анық Ай, жұлдызы бұлтыменен», «Толқындар тебіседі, өріп аулақ», «Ақ тақыр шағалалар арпалысып, жебедей шаншылады балық аулап», «Тым оқыс шошынғанда ерке шабақ бауырынан жалт-жұлт етіп шығады ұшқын» («Ертіс»), «Бармысың кит жонындай қоңыр дөңім?», «Құйқалы қоңыр дөңім, момын дөңім», «Келіскен кит мүсіндес қоңыр дөңім», «Сетіркей серпетін кит құйрығындай табиғат қалай сызған со бір жерін?!» («Қоңыр дөң»), «Жайнатып, жайған кезде көктем гүлін», «Атан бойы ақ шиге қос бәйтерек әйгілеп тұрады екен өктемдігін», «Ақ орда саясында алты қанат, жапқандай жасыл түбек жалпы манат», «Бұл менің кіндік кескен жұртым еді, жүрегім соған ылғи нұр тіледі!» («Қосағаш»), «Қоңырқай дүниені сәндегелі сазан төс самалалап таң келеді», «Ару Күн күлім көзін қадап еді, көк аспан жирен тартып сала берді. Көлеңке жұлым-жұлым түлеп кетті», «Бусанып күнгей тастың шар тарабы, меруерт шық мөлт-мөлт түсті аршадағы» («Жайлау таңы»), «Күн еңкейсе көлеңке өсіп бауырда соңғы сәуле менің биік тауымда», «Ой салады шаңыттанған түз қандай?...», « Топ етіп кеп үркіп қонған бөдене тас тәрізді мал алдына лақтырған» («Жайлау кеші»), «Қатпарлы қара ала бұлт сеңі жасырса, жалаңаш Ай жүзін», «Қоңыр түн самарқау мүлгиді дірілдеп ұйыған қалпында» («Жайлау түні»), «Керіліп кіреуке аспан иығына алқызыл, сары жиек жасыл сағым», «Айнала уылжиды құбылып гүл», «Тамаша табиғаттың Әйгерімі Шүкімән аты бірақ өзгермеген» («Кемпірқосақ»), «Ат тұяғын бояса, қой бүлдірген, аспаны-жуған әйнек, мөлдір мүлдем!», «Құбылтса торғын самал, қас асылдай, құныққан құмарымды басасың қай?!» («Бәйгетөбе») т.б.
Қажытай Ілиясұлы – ХХ ғасырдың 60-90-жылдары мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі сыншылдық-сатиралық поэзияның көрнекті өкілдерінің бірі. Қоғамдық-әлеуметтік ортадағы келеңсіздіктерді, әділетсіздіктерді әшкерелеген әзіл-оспақ, сын-сықақ, мысал, мысал-баллада, мысал-дастан, пародия жанрларындағы жырлары арқылы ақын тіршілік қарым-қатынастарындағы теріс пиғылды адамдардың мінез-құлық психологиясын аяусыз сынайды. Ата-бабалардың ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік-имандылық ұстаным қасиеттерін бұрмалаған қылықтарының қоғамды, мемлекетті аздыратын-тоздыратын қырсықтарын халықтық көзқараспен әділ айыптайды. Дарынды, талантты ақындар шығармаларын әдейі дұрыс бағаламайтын сыбайластықты, тамыр-таныстықты айыптаған өлеңдерінде («Антология ағаттығы», «Жымқырма ақынға», «Сыбағаң бар», «Ақынбыз», т.б.) жалған дақпыртпен, көтерме мадақпен қасиетті сөз өнерін бүлдіріп жүрген пысықтардың әрекеттері айыпталған. Көркемдік сапасы жоғары өлеңдерді әдейі қасақана қысқартатын, шыншыл көркем туындыларды тәлкекке айналдыратын дүмбілез редакторсымақтар сыналады.
Қажытай ақынның жоқтауларында («Шәкәрім қажыны жоқтау», «Ақын аруағына» (Қ.Аманжоловты жоқтау), «Жұматай жолы», «Жұматай жөні», «Жұматай жер ошағы») қазақ сөз өнерінің киелі дәстүрін жалғастырған ойшыл-сыршыл ақындар тұлғалары тарихи-поэтикалық бейнелеулермен сомдалған.
Мысал – әлем әдебиетіндегі классикалық дәстүрі қалыптасқан эпостық сатиралық жанр. Қажытай ақынның мысал-өлеңдерінде («Тоқмейіл торғай», «Аттың арманы», «Бүркіт пен жапалақ», «Қарлығаштың қаупі», «Көжектің қулығы», «Қоянның көңілі», «Тышқанның тірлігі»), мысал-балладаларында («Аң туралы ақиқат», «Шауқарға мен көкқұтан», «Қанденнің қалыңдығы», «Тоқтының түсі», «Бақытты бақа») аллегория бейнелеулері мен адамдар мінез-құлық психологиясындағы қызғаншақ, қарау, іштар, жалақор, озбыр. Өтірікші, айлакер, аңқау, т.б. айшылықты болмыс шындығы бейнеленген. Жартылай жалаңаштанып жүруге құмар жеңілтек қыз-келіншектер қылығы («Ешкінің эстетикалық көзқарасы») өткір сыналады. Ақынның мысал-дастандары («Құстардың құпиясы», «Мысыққа мінездеме») да аллегориялық бейнелеулер арқылы адамдар ортасындағы жағымпаздық пен сыбайластықпен, ептілікпен өмір сүретіндер мен өрлік-асқақтық биіктігіндегі тұлғалары ирония мен сарказм поэтикасымен жырланған. Ақынның «Мысыққа мінездеме» атты мысал-дастанының кіріспесі – алып асылдарын аяққа таптаған әділетсіз қоғамдық ортадағы өзімшілдердің пендешілік іс-әрекеттерін айыптау жыры.
Қажытай ақынның пародиялары да, тентек термелері де, достық әзілдері де, баталары мен мақал-мәтелдері де сыншыл қаламгердің азаматтық-қайраткерлік тұғырнамасын айқындай түседі. Жазбаша және ауызша поэзия дәстүрін қатарлас ұстанған Қажытай ақынның айтыстары («Қажытай мен Қалжыңтайдың айтысы», «Қалжыңтайдың дүкеншімен айтысы», «Кертаңдай мен Жымыңғайшаның айтысы», «Тасмаңдай мен Жүгірмектің айтысы», «Ақтабан мен Жүгірмектің айтысы», «Қыз бен жігіт айтысы», «Қотыр қой айтысы», «Тамаша» айтысы», т.б.) сыншыл ойларымен халықтың материалдық және рухани салаларындағы жетістіктер мен кемшіліктер қатарласқан тұрмыс шындығын айқын бояулармен суреттеген. Ақын поэзиясындағы азаматтық сарынымен жырланған арнау өлеңдер де мол. Өлеңдерде қазақ тарихындағы аса көрнекті қайраткер тұлғалардың (Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Қалихан Алтынбаев, Шәмші Қалдаяқов, Сәкен Жүнісов, Қабдеш Жұмаділов , т.б.) асыл сапалы қасиеттерін, шығармашылық еңбек жетістіктерін көркем бейнелеу өрілімдерімен өрнектей жырлағанын оқимыз.
Жоқтау – қазақ поэзиясының ежелден қалыптасқан ежелгі дәстүрлі жанрларының бірі. Адамзат ұрпақтарына мәңгілік өнегелі сұлу өмір сүрген, рухани азық болатын құндылық қазынасын қалдырған тарихи тұлғалардың ғасырлар бойы жоқталатыны мәлім. Қажытай ақынның жоқтауларында («Шәкәрім қажыны жоқтау», «Ақын аруағына» (Қ.Аманжоловты жоқтау), «Жұматай жолы», «Жұматай жөні», «Жұматай жер ошағы») қазақ сөз өнерінің киелі дәстүрін жалғастырған ойшыл-сыршыл ақындар тұлғалары тарихи-поэтикалық бейнелеулермен сомдалған.
Эпикалық шығармалар – көрнекті ақындар поэзиясындағы классикалық дәстүр жалғастығының көрсеткіштері. Ақын поэзиясындағы балладалары («Ахмет қажы» (А.Ясауи туралы баллада), «Баукеңнің ашуы»), дастандары «Абаймен әңгіме», «Серт», «Ақнайман», т.б.) уақыт пен кеңістікті тарихи-философиялық таным ауқымында суреттей жырлауымен ерекшеленеді. «Абаймен әңгіме» толғау-дастанында автор екі кезең құбылыстарының сабақтас болмысын сыншыл бағалауларымен жырлаған.
Қорыта айтқанда, көрнекті ақын Қажытай Ілиясұлының әдеби мұрасыТәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғырудағы жаңа тарихындағы қазіргі және болашақ ұрпақ үшін мәңгілік ұлттық қазына құрамында ұлықтала береді.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор