Дәрігерге марапат көз жұмған соң берілді
Дәрігерге марапат көз жұмған соң берілді
137
оқылды
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарағанды облысының бірқатар медиктері қызметтік борышын үлгілі орындағаны және жанқиярлығы үшін ордендер мен медальдарға ие болды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек дәрігерлер мен медбикелерге Мемлекет басшысының атынан наградалар табыс етті. Бұқар жырау ауданының санитарлық дәрігері Бақберген Айжігітов қайтыс болғаннан кейін «Парасат» орденімен марапатталды. Облыс әкімі марапатты марқұмның жұбайы мен балаларына табыстады. Бақберген Айжігітовтың жесірі олардың отбасына көңіл білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
– Бұл марапат есте қалады. Менің күйеуім әрдайым алдыңғы қатарда болды. Өз жұмысын өте жақсы көрді. Әріптестеріне үлкен құрметпен қарады. Ол Астанаға дәрігерлер қажет болғанда, бірден ниет білдірген еді. Біз оны сапардан бас тартуға көндірмек болдық: мүмкін бармай-ақ қоярсың, жас емессің ғой дегенімізде, мен дәрігер-эпидемиологмын, парызымды орындауым керек, баруым керек деді. Бір ай Нұр-Сұлтанда жұмыс істеп келді. Ол үшін жұмыс әрдайым бірінші орында болды. Бірақ отбасын жақсы көрді, қолдады. Әрине, қазір бізге өте қиын. Туған адамымызды ерте жоғалтамыз деп ойлаған жоқ едік, – деді Әлия Баяхметова.
Жеңіс Қасымбек дәрігерлердің кәсібилігі мен Гиппократ антына адалдығы үшін алғысын білдірді. – Бүгін біздің еліміз сіздердің иықтарыңызда. Күн сайын сіздердің күндеріңіз осы бір көрінбейтін жаумен және мыңдаған тағдырларды құтқару үшін күреспен өтеді. Тіпті өз денсаулықтарыңыз бен әл-ауқаттарыңызды қиясыздар. Ел үшін бұл қиын кезеңде сіздердің ерліктеріңіз, іске берілгендіктің, қамқорлықтың және сіздердің көмектеріңізге мұқтаж адамдарға жанашырлық танытудың үлгісі болып табылады. Қарағанды медицина қызметкерлері өз кәсібилігін, ұйымшылдығын және ауызбірлігін тағы да дәлелдеді. Пандемия біздің барлығымызға мемлекеттің басты құндылықтары – азаматтардың өмірі мен денсаулығы және сенімді мықты медицинаның маңыздылығы туралы еске салды, – деді аймақ басшысы. – Осы үш айда көп нәрсе өзгерді. Және дәрігерлер де өзгерді, көп нәрсені үйрендік. Адамдардың өзіне және өз денсаулығына және жалпы болып жатқан жағдайларға қарым-қатынасы өзгерді. Ең қиыны – қолдан келер шара қалмағанын көру. Қалғаны – бұл жай ғана білім, күнделікті еңбек. Ауыр халде болған науқас өз аяғымен үйге кетіп бара жатқанын көру ең үлкен қуаныш. Мұндай оқиғалардың бірі – өкпесі 95% зақымданған медбике әріптесіміз емделіп шыққанына қуанғанымыз, – деп еске алады «Құрмет» орденінің иегері, Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Ким. Облыста 15 медицина қызметкері марапатталды. Олар «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Қарағанды облысы