Қосман Айтмұхаметов 1963 жылы 29 тамызда Целиноград облысының Ерейментау ауданының Бестөбе ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Ақмола инженерлік-құрылыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірді. Ол ең қарапайым жұмысшыдан ірі лауазымды тұлға деңгейіне дейін көтеріле алған маман еді: еңбек жолын 1983 жылы Целиноград облысының Сілеті ауданының «Изобильный» совхозында тракторшы, жүргізуші болып бастады. 1983 жылдан бері облыстық Бестөбе кенішінің, Целиноградтың инженері секілді қызметтерді атқарды. 2001-2009 жылдар аралығында Астана қаласының «Горкоммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшылық қызметтерінде болды. Бұл көзге көрінбесе де, жаңадан салынып жатқан шаһардың коммуналды саласын аяққа тұрғызған жауапты қызмет еді. Қосман Айтмұхаметов осы жылдары өзін нағыз шаруаның адамы ретінде таныта білді. Оның кәсіби қызметі жоғары бағаланып, 2009 жылы Ақмола облысының басшылығына ауысты. Облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. 2014 жылы ол бас қалаға оралып, Өңірлік даму вице-министрі, Комитет төрағасы болды. Қосман мырза осылайша өңірлік менеджерден республикалық деңгейдегі мәселелерді шеше алатын азаматқа айналды. Кейін 5 жыл Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарса, былтыр Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған-тын. Соңғы қызметке тағайындаларда оның құрылыс саласындағы бай тәжірибесі ескерілгені анық. Қ.Айтмұхаметовтің елге сіңірген ерен еңбегі 2012 жылы «Құрмет» орденімен, сондай-ақ «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Астанаға 10 жыл» (2008) секілді түрлі медальдармен марапатталған. Біз атпал азамат, мемлекетшіл қайраткер, білікті басшы Қосман Айтмұхаметовтің елді өркендетудегі рөліне қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік. Ақмола өңірін түлетуі. Өз кезегінде сарапшылар Қосман Айтмұхаметовтің білікті әкім болғанын еске түсіреді: 2014 жылы Рейтинг.kz зерттеу агенттігі «2013 жылғы әкімдер жұмысының сапасы рейтингін» құрғанда, сол сауалнамаға қатысқан, бизнес, үкіметтік емес сектор және сарапшылық қауымдастықты ұсынатын 40 сарапшының бәрі Ақмола әкімі Қосман Қайыртайұлының басшы ретіндегі біліктілігін жоғары бағалаған. «Облыс әлеуетінің өзгелерге қарағанда шағын екеніне қарамастан, Ақмола өңірінің әкімі Қосман Айтмұхаметов қолында бар мүмкіндіктерді және Астананың жақындығын толық көлемде пайдалануға ұмтылуда. Соның арқасында өңірде елорданың қажеттіліктерін өтеуге бағытталған салалар қарқынды дамып жатыр» дей келе сарапшылар Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және жергілікті туристік кластерді дамыту жөнінен елдегі көшбасшылар қатарына шыққанына назар аудартқан болатын. Қосман Қайыртайұлының еңбегі арқасында Ақмола облысы астананың тірегіне айналды: өзінде егін салып, мал өсірмейтін елордамыз астан еш тарыққан жоқ. Астананы тұрғызудағы үлесі. Елорда әкімінің орынбасары ретінде Қ.Айтмұхаметов қала инфрақұрылымын дамытумен және оның тіршілігін қамтамасыз етумен, құрылыс мәселелерімен айналысты. Бұдан бөлек, ол энергетика, сумен қамту, газбен қамту кәсіпорындарының жұмысын үйлестірумен шұғылданды. Қоршаған ортаны қорғау, қала тіршілігін қамтамасыз ету бағыттарындағы өңірлік бағдарламалардың орындалуына жауап берді. Бұл кез елордадағы ең қауырт шақ еді. Қазақстан бүкіл ТМД, түркі әлемі және мұсылман елдері арасында тұңғыш рет EXPO-2017 жаһандық көрмесін өткізуге дайындалып жатты. Халықаралық мамандандырылған көрме 2017 жылы абыроймен өткені мәлім. Жалпы, 2014 жылдың қарашасынан 2019 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта елорданың бет-бейнесінде ғаламат өзгерістер жүріп, қалабасының орынбасары ретінде Қ.Айтмұхаметов жетекшілік еткен салаларда жақсы жетістіктерге қол жетті. Ол сол жетістіктердің куәгері ғана болған жоқ, өзі бел ортасында жүрді. Бір ғана мысал келтірелік. Қосман Қайыртайұлы келген тұста Астанада әлеуметтік маңызды нысандардың көбі электр және жылу энергиясын есептеуіш құрылғылармен жабдықталмаған екен. Бүгінде бұл жайт абсурдтай көрінеді. Бірақ сол кезде бұл проблеманы шешу қажет еді. Нәтижесінде бір жыл ішінде қаладағы 1 154 көппәтерлі тұрғын үйге жылу есептеуіш құрылғылар орнатылып шыққан. Осылайша, астаналық тұрғын үй қорының тиісті құрылғылармен жабдықталуы 75%-ға жетті. Қазіргі кезде ондай аспабы жоқ үйлер елордада санаулы ғана. Ол әкімнің орынбасары болған тұста 150-ге жуық түрлі ірі нысан қолданысқа беріліпті. Оның ішінде Тұңғыш Президенттің қоры мен кітапханасы, Қазақстанның ұлттық мұражайы, Жекпе-жек сарайы, Мұз сарайы, Ботаникалық бақ, Marriott, Ритц Карлтон, Four Seasons секілді заңғар әрі салтанатты қонақүйлер бар. Түркістанды тұрғызуы. Қ.Айтмұхаметов Елбасы Жарлығымен жаңадан құрылған Түркістан облысын қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірді. Сондай-ақ Түркістан шаһарын еліміздің ғана емес, күллі түркі жұртының мәдени орталығына, рухани ордасына айналдыру бағытында күндіз-түні аянбай қызмет еткенін көпшілік жақсы біледі. Жаңа шаһарды тұрғызуға ол елордадан арнайы келді. Ел басшылығы оның бас қаланы салудағы тәжірибесі мен ерекше еңбекқорлығын ескерсе керек. Өңір активінің еске алуынша, келген бойда білек сыбана кірісіп, өте аз уақытта жаңа Түркістанды жандандыруға барын салды. Елбасы қасиетті шаһарға сапарлап келгенде мұны атап айтып, баршаға алғысын білдірген. Бүгінде Түркістанда бой көтерген небір әсем де маңызды нысандарда құрылыс саласының майталман маманы Қосман Қайыртайұлының қолтаңбасы жатқаны анық. Арыстағы жарылыс. 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында алапат жарылыс болып, айдың-күннің аманында тұтас шаһар төбеден жауған снарядтардың астында қалғанда да Қосман Айтмұхаметов бірінші күннен оқиға орнына аттанып, жарты жылдан астам уақыт сонда болды. Осы кезеңде өзі де әбжіл қимылдап, қаланы қалпына келтіру жұмыстарына қарқын берген облыс әкімінің бірінші орынбасарын арыстықтар жақсы танып алды. Мақтааралдағы су тасқыны. Өзбекстанның Сардоба су қоймасында бөген жарылып, арқыраған дария Қазақстанның Мақтаарал ауданын су астында қалдырғанда ұлардай шулаған халық өңір әкімдігіне келеді. Бұл жерде де жергілікті билік Қосман Қайыртайұлының білікті ұйымдастырушылық қызметіне жүгінді. Келушілер алдына шығып, мақтааралдықтардың арыз-мұңын мұқият тыңдаған ол бас қалада жүрген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке жұрттың көзінше қоңырау шалып, ұялы телефонының динамигін қосып, әкім аузынан мемлекет қабылдайтын шешімді елге жеткізіпті. Биліктің халық шағымына құлақ асқанын, түйінді мәселенің түйткілі тарқайтынын білген халық риза болып тараған көрінеді. Партия жұмысын ілгерілетуі. Қосман Қайыртайұлы «Nur Otan» партиясының көрнекті өкілі болды. Ол облыс әкімі қызметін атқарған тұста «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы болып, еліміздің көшбасшы партиясының өңірдегі іс-қимылын үйлестірді және өрістетті. Қосман Айтмұхаметов партия аясында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, жергілікті жұртшылықпен жиі кездесіп, бұқараның түйткілді мәселелерінің түйінін тарқатуға ықпал етуге әзір тұратын. Түркістан облысындағы партия филиалының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Қосман Айтмұхаметовтің іскерлігін былай еске алады: «Бірде қоғамдық қабылдау өткіздік. Бес-алты адам үйлердің құрылысына көмек сұрап, Түркістанға шағымдана келіпті. Қосман аға барлығын мұқият тыңдады. Арада бір күн өткен соң телефон соғып, тұрғындардың мәселесін түгел шешіп тастағанын айтып тұр. Бұл – азаматтың бірсөзділігін, нақты шешім қабылдай алатынын, жауапкершіліктен ешбір жалтармайтынын дәлелдейді», – дейді ол. Ол кісінің тынымсыз еңбегінің төркінінде нағыз патриотизм мен елімізге, халқымызға деген шынайы қамқорлығы жататын. Игілікті ісі халықтың көңілінен шығып, үлкен ілтипатқа бөленіп жүруші еді. Сөзімен емес, нақты ісімен халықтың құрмет-қошеметіне бөленген, парасаттан терең тамыр тартқан, елге сіңірген еңбегі сан тарам салалы бұтақтардай жан-жаққа жайылып, болмыс-діңіне нәр жиған саялы бәйтеректей тұлғалар болады. Қосман Айтмұхаметовтің есімі де ел есінде қазақтың бәйтерек болмысты азаматы ретінде сақталары сөзсіз.
Айхан ШӘРІП