Стамбұл төріндегі әл-Фараби үйі
Стамбұл төріндегі әл-Фараби үйі
423
оқылды

2 тамызда Түркияның Стамбұл шаһарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Әл-Фараби үйін ашты. Жобаны ҚазҰУ Стамбұл қалалық әкімдігімен бірлесе отырып, Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ және Түркиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды.

Шараның салтанатты ашылуына Стамбұл қаласы әкімінің орынбасары Шенгүл Арслан ханым, Стамбұл университетінің ректоры Махмұт Ак, ТҮРКІСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, танымал түркі қайраткері, атақты киноактер Сердар Гөкхан, Түркия қазақтары қорының төрағасы Пазыл Топлы, Түркиядағы Қазақстан Республикасы елшілігі мен Стамбұлдағы ҚР Бас консулдығының өкілдері және еуропадағы қазақ диаспорасы қатысты. Сонымен қатар Түркі Әлемі этнографиялық мұражай-кешенінде өткен салтанатты шараға түрік, татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, әзірбайжан және басқа да түркі ұлттарының зиялы қауымы келіп Ұлы ойшылдың үйінің ашылуына куә болды.

Салтанатты ашылу шарасында қазақ және түрік елдерінің мемлекеттік әнұраны орындалып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова бастаған қазақстандық өнерпаздардың ән-жыр шашуымен басталды.

Шараны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов ресми құттықтау сөзімен бастап ашты. Ол өз сөзінде: «Әл-Фараби бабамыздың асыл мұрасын зерттеп, зерделеп, дәріптеуде және бабамыздың мұражай-үйін ашуда жан-жақты қолдау көрсетіп отырған баршаңызға, атап айтқанда: Стамбұл қаласы мэриясына және қала мэрі Экрем Имамоглу мырзаға, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Құлтайұлы Әміреевке, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлына, ТЮРКСОЙ Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке, БҰҰ Өркениеттер Альянсы Түркия Ұлттық үйлестіру комитетінің президенті Бекір Қарлығаға, Түркі әлемі мәдени орталығының бұрынғы директоры Кемал Каптанер мырзаға алғысымыз шексіз» - деп, жиылған жұрттың алдында ұйымдастырушылар атынан ерекше ілтипатын білдірді.


Ыстамбұл қаласы әкімінің орынбасары Шенгүл Арслан ханым өз құттықтау сөзінде «Ұлы Әл-Фараби, тек Шығыс әлемі үшін ғана емес, Батыс елдері үшін де айтулы оқиға. Ол тек түркі дүниесінің ғана емес, барша адамзатқа ортақ мақтаныш. Ғұламаның ғылыми мұраларын зерттеу, насихаттау, оларды келешекке жеткізу борышымыз. Енді осы үйі арқылы Әл-Фарабиді, оның мол мұрасын күллі түркі жұрты жақын танысатын болды. Сондықтан да осы жобаға ұйытқы болып, жүзеге асырған Ғалым Мұтанұлы бастаған Қазақстан ұлттық университеті ұжымына ерекше алғысымды білдіремін» деп, ағынан жарылып, Университет басшысына «Стамбұл» атты альбом сыйлады. Өз кезегінде Ғалым Мұтанұлы қазақы салтпен Шенгүл ханымның иығына камзол жауып, Әл-Фараби кәдесыйын естелікке сыйға тартты.

Ғ. Мұтанов сондай-ақ, университет атынан Әл-Фараби үйінің Стамбұл шаһарында ашылуына ерекше еңбек сіңірген Түркі Әлемі этнографиялық мұражай-кешенінің бұрынғы және қазіргі басшыларын «Әл-Фараби» медалімен марапаттады.

Марапаттау рәсімдері аяқталған соң, мәртебелі қонақтар Әл-Фараби үйінің алдына қаз-қатар тізіле алқызыл таспаны қиып, мұражай үйдің ішін тамашалауға асықты.

Музей-үй екі бөлмеден тұрады, кіреберіс бөлменің төр жағына Әл-Фарабидің балауыздан жасалған мүсіндік портреті ілініп, астына Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлақ әл-Фараби ат-Түркі деген сөздер және туған һәм қайтыс болған жері, сонымен қатар 870-950 деп, туып қайтыс болған жылдары түрік тілінде жазылған. Портреттің сол жағына Қазақстанның, оң жағына Түркияның жалауы тутұғырға ілінген. Сол жақтағы қабырғада ұлы ойшылдың туған жері Отырардың жанындағы Оқсыз қалашығынан басталып, әлемнің рухани бай қалаларына сапар шеккен бағыты көрсетілген карта ілінген. Оның «Әл-Мәдәниятул Фазилә» атты еңбегінің үзіндісі, арнайы телемонитор ілініп, онда Әл-Фарабиге қатысты фильмдер көрсетіліп тұр. Келесі негізгі бөлменің төрдегі орта тұсына Ұлы ұстаз бен шәкірттің балауыздан жасалған мүсіндік композициясы қойылған. Оның арқалығында Ұлы Жібек жолының басты шаһарларының бірі Көне Отырар қаласы көрініс тапқан. Сонымен қатар мұнда ғұлама ғалымның «Музыканың Үлкен кітабы» еңбегінің көшірмесі және қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде «Көшбасшы болудың 12 қасиеті» жазылған паннолар ілінген. Екі бүйірде тұрған көрнектерде Аристотельден кейін адамзаттың Екінші ұстазы атанған ұлы түркі ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірінен алынған деректер мен құнды тарихи мәліметтер берілген. Сонымен қатар, мүсіндік композициялар, тарихи жәдігерлер, ғалымның еңбектері және адамзат ілімінің бірнеше саласына орасан зор үлес қосқан ойшыл туралы материалдар көрініс тапқан.

Әл-Фарабидің этнографиялық мұражай-үйінің ашылуы 2020 жылы ЮНЕСКО қолдауымен кең көлемде халықаралық деңгейде аталып өтілетін Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналды. Әл-Фараби музей-үйі - әлемнің туристік орталықтарының бірі - Стамбұлдың дәл ортасындағы Түркі Әлемі этнографиялық мұражай-кешенінде орналасқан.

Музей-үйімен жақын танысу үшін көрермендерге арнайы қызықты экскурсиялық бағдарлама әзірленіп, ал түрік оқушылары үшін музей базасында арнайы оқыту-танымдық курсы дайындалған.

Әл-Фарабидің рухани мұрасы: математика, филология, химия, биология, астрономия, философия, медицина, логика, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, әдеп сынды ғылымның барлық дерлік салаларын қамтиды. Оның ғылымды жүйелеп жіктеуі әлемдік ғылыми ойдың одан ары дамуына өз әсерін тигізді. Әл-Фарабидің шығармашылық қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің ренессансына сәйкес келіп, оның еңбектері Батыс пен Шығысты байланыстыратын рухани көпірге айналды.

Қазіргі уақытта өркениеттер қақтығысы шиеленісіп, әлемде диструктивті бағыттағы ұйымдар әрекеттері адамзат өркениетінің дамуына кері әсерін тигізуде. Технология қарқынды дамып, мәдени-рухани құндылықтар әлсіреген жаһандану заманында Ұлы ойшылдың дүниетанымы, оның өркениет жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық, саяси, философиялық көзқарастары қоғамымыз үшін өте өзекті болып отыр.

Әл-Фарабидің есімін иеленіп отырған Қазақ ұлттық университеті, оның шығармашылық мұрасын зерттеп жариялауда, сонымен қатар, әлемдік деңгейде Қазақстан мәдениеті мен Ұлы Даланың жетістіктерін насихаттауда белсенді жұмыс атқарып келеді. Әл-Фарабидің ізгілік қоғамы идеясы негізінде ҚазҰУ инновациялық-технологиялық тұғырнамамен қатар рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделін жасады. Бұл жобаны ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде таныстырып, осы ұйымның қолдауымен оны халықаралық деңгейде жүзеге асыру ұсынылды. Қазақ Ұлттық университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобаны жүзеге асыруда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Мысыр, Болгария және басқа елдердің жетекші университеттерінде Әл-Фарабидің ғылыми-білім беру орталықтарын ашып, табысты жұмыс атқаруда, онда қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі насихатталып, қазақ тілі оқытылып жатыр.

Сондай-ақ орайы келгенде айта кетейік, ҚазҰУ Телерадиокешені ректорымыз Ғалым Мұтанұлының бас болуымен Әл-Фараби мұрасын медиа саласында кеңінен насихаттау мақсатында голландиялықтар түсірген «Әл-Фараби – Екінші ұстаз», түркиялықтармен бірлесіп түсірілген «Әл-Фараби – Өркениет ойшылы» деректі фильмдерін тұңыш рет қазақ тіліне дубляждап, алдын ұлттық арна эфирінен барша қазақ еліне көрсетті. Қазіргі кезде «Танарис» кинокомпаниясымен Әл-Фарабидің өмір жолы мен шығармашылығы жайлы баяндайтын «Ұстаздың оралуы» атты отандық деректі фильм аяқталу үстінде.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Түркияның төрінде Әл-Фараби үйінің ашылуы, Ұлы даланың Ұлы тұлғасы - Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы арқылы түркі һәм қазақ мәдениеті жауһарларын әлемге паш етуге бағытталған тарихтың жаңа белесі деуге болады.

 

Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры, Журналистика факультетінің аға оқытушысы

Алматы-Стамбұл-Алматы