2017 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен республикада Ұлттық аударма бюросы құрылды. Оның негізгі миссиясы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мемлекеттік бағдарлама аясында «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру.
Қазақстанның Ұлттық аударма бюросының директоры, электронды білім беру саласындағы Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы әрі жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, еліміздің ұлттық жоғары оқу орындарына арналған шетелдік оқулықтар таңдап алынған. Қазіргі таңда осы жоба аясында аударылған алғашқы оқулықтар айналымға түсіп те жатыр. Жоба бойынша гуманитарлық ғылым саласындағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару қарастырылған. Оқулық саны 100-ден де артық болуы мүмкін. «Ұлттық аударма бюросы» жоба шеңберінде тарих, философия, әлеуметтану, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент және кәсіпкерлік салалары бойынша әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылатын үздік оқулықтар қазақ тіліне аударады.
Жақында әріптесіміз Бағдат Қожахметов Бейжің қаласынан әлеуметтік желідегі жазбасында Қытай елінің халқы ауызша Путунхуа диалектісі мен жазбаша Байхуа үлгісімен түсіністік табатынын жеткізді. Байхуаны Қытай мен Тайвань, Сингапур тағы басқа бірқатар елдер қолданады екен.
Қытайлықтар Байрон, Шекспир, Толстой немесе Абай шығармаларымен қалай танысады? Орыс пен қазақ тілін білетіндер аз. Әлемдік классиктердің көбі қытай тіліне аударылмаған. Қарапайым қытайлықтар әлемдік мәдениеттен қалай хабардар болады?
Қытай үкіметі әлемдік әдебиет жауһарларын өз тіліне аударудың шығынсыз әрі тиімді тәсілін ойлап тауыпты. Бұл жұмысқа шетелдік студенттерді тартыпты. Белгіленген тәртіп бойынша әр студент әлемдік әдебиет марғасқаларының кітабын аударуға міндетті. Мәселен, Бағдат Қожахметовтің қызы Теодор Драйзердің «Гений» романын аудару арқылы дипломдық жұмысын қорғайды екен. Олар, осылайша, аударма саласындағы олқылықтың орнын толтырып жатқанға ұқсайды. Бағдат та «Неге бізге Қытайдың осы тәсілін қолданбасқа?» деген сауал тастапты.
Расында, неге қолданбасқа? Бір есептен қазақ тіліне аударылатын туындылар саны артады. Екінші жағынан студент үйреніп жатқан тілін мүлтіксіз меңгереді. Үшінші жағынан шетел тілін меңгеріп жатқан студенттеріміз қазақ тілін де мейлінше жақсы білетін болады.
«Сапасы қандай болады?» деген күдік те болуы мүмкін. Аударма олқы соғатын болса, онлайн нұсқада тиісті түзетулер енгізу аса қиындық тудырмайды. Сондықтан жақсы тәсілді жатсынбаған дұрыс!