Қырғыз елінен тағы бүлік шықты. Бұл жолы Алмазбек Атамбаевты ұстамақ болған әскерилер мен экс-президент жақтастары арасында қақтығыс болды. Ахуалға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ұстанымын жеткізді. Президент көрші елдегі жағдайдың жуық арада заң аясында шешімін табатынына сенім білдірді.
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тағы парақшасында бұл жайлы: «Қазақстан Президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді» деп хабарлады.
Айырқалпақты ағайын бұл жолы неге бас көтерді? Көрші елдегі жағдайға байланысты саясаттанушылардың пікірі қандай? Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз еліндегі саяси дағдарысқа қатысты ұстанымын қуаттады.
Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Қырғыз еліндегі жағдай – сенімді саяси жүйе қалыптаспағанының көрінісі. «Осыдан екі жыл бұрын әлгі Атамбаевтың Қазақ басшылығына қатысты айтқан ауыр сөздеріне өшігуге де болар еді. Алайда байсалды саясат басымдықты жекелеген тұлғаларға емес, халыққа, оның амандығы мен игілігіне бергені қашан да дұрыс. Екіншіден, Қырғызстандағы кезекті шиеленіс бұнда толыққанды тұрақтылық, сенімді саяси жүйе қалыптаспағанын көрсетеді. Бұл революция болғанның ертеңіне жаймашуақ күн орнай салады деушілерді ойландырған жөн. Қарап отырсақ, Қырғызда революция болғаннан бері 14 жыл өтіпті. Онысы екінші революцияға ұласты. Қаншама адам жапа шекті. Ахуал орнығу орнына айырқалпақты ағайын солтүстік пен оңтүстік болып бөлініп тоз-тозы шықты. Орталық биліктің әлсіздігінен түрлі кландар, қылмыстық топтар мен радикалды діни ағымдар салтанат құрған. Еңбекке қабілетті әрбір екінші азамат шетелде малайшылықпен жүр. Демек, елдегі түйткілдерді жарылысқа жеткізбей дер кезінде шешіп отыру, саяси дәстүр мен мәдениет қалыптастыру маңызды. Мұны, ең алдымен, билік түсіну керек. Өз елінен қашқан Қырғыздың бір президенті Ресейді, екіншісі Беларусты паналағаны, енді тағы бірі сотты болуы сабақ алатындай-ақ тәжіри-бе» дейді Расул Жұмалы.
Қырғыздағы жағдайдан сабақ алу керек деген пікірді саясаттанушы Ерлан Саиров та қолдап отыр. Оның айтуынша, реформа, өзгеріс қажет, алайда ең бастысы елдің тұтастығы мен жұрттың татулығы бұзылмауы тиіс.
«Өзгеріс пен тұрақтылықтың арасындағы теңгерімді сақтау маңызды. Жұрт саяси нигилизм мен охлократияға қарай сырғымауы керек. Бүкіл әлемде атқарушы, заң және сотқа қатысты билік институттарын қалыптастырып, дамыту қажет. Халық пен ұлттың тағдыры билік тағына отырған жекелеген тұлғалардың қисын-сыз істерінен жапа шекпеуі тиіс. Тіпті олар ұлттың алға басуына таудай үлес қосса да, қателесуі бек мүмкін. Тек институттар ғана жаңылыспай, субъективті пікір ұстанады» дей келе, Қазақстан да эволюциялық процеске ілесіп, билік институттарын дамыту керек дегенді баса айтты.
Тарихшы Берік Әбдіғали болса, бұл жағдайды көрші елдегі демокартияға деген теріс түсінік қалыптасқанымен түсіндірді. «...Кезінде қырғыз елін азамат соғысынан аман алып қалу мақсатында Бакиевті Минскіге ұшырып жіберуге себепкер болған едік. Бұл жолы да Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздің атынан өз алаңдаушылығын білдірді. Әрине, бұл – Қырғызстан мемлекетінің ішкі мәселесі. Бірақ көрші елде теріс үрдіс қалыптасып келеді – демократиялық жолмен сайланған президенттері еліне қиянат жасауы, сосын оның қудалануы... Сонда демократияның мәні неде? Халықтың бақылауы қайда? Мүмкін осылай-осылай келесі президенттері тиіс-ті қорытынды жасап, еліне адал қызмет
етер», – дейді Берік Әбдіғали.
Айта кетейік, 7 тамыз күні кешкісін Қырғызстанның арнайы жасағы экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау бойынша арнайы операция бастады. Қой-Таш ауылындағы үйінде жүргізілген операция нәтижесінде экс-президент жақтастары мен әскерилер арасында қақтығыс болып, жалпы саны 80-ге жуық адам түрлі деңгейде жарақат алды, 1 адам қаза тапты. Қазіргі уақытта Атамбаев құқық қорғау органдарына өз еркімен берілді.
Серік САДЫР