Ел ішінде соңғы екі-үш аптада қаза болғандардың саны күрт өсті. Бүкіл әлемді жаулаған COVID-19 жасты да, қартты да, бай мен кедейді де аяр емес. Бүгінгі күнде елімізде шамамен 66 895 адам коронавирус індетіне шалдықса, оның 375-і қайтыс болды.Елді жайлаған пандемиямен қатар пневмонияға шалдыққандардың да саны өсуде. Шілде айының басында пневмониядан 700-ге жуық адам көз жұмды. Дегенмен ел арасында коронавирус салдарынан 1600-ге жуық адамның қаза болғаны жайында қауесет те бар. Бірақ ресми мәліметтер оны көрсетпейді.Алайда күнбе-күн адам өлімі көбейіп жатқандай. Тіпті, жерлеу агенттіктері жерлеп үлгермей жатыр. Нұр-Сұлтан мен Алматы мәйітханасындағы кезек саны да көбейген. Кеңсай мен елорда іргесіндегі зираттарда жер қалмай бара жатқаны тағы бар. Осының анық-қанығын білу үшін қала сыртындағы Қараөткел (Ильинка) ауылындағы зират басына бардық.Дегенмен мола басында адам қарасы қалың емес. Жақында жерленіп, қабірі қаланбаған бейіт жетерлік.
– Біз қырылып жатырмыз. Осы бір-екі күнде саябырсыды. Бұл Алланың қарасқаны болар. Оның алдында күніне 12 адамнан жерлеп кеттік. Кем дегенде күніне 10 адамды жерледік, – дейді шырақшы Аман Көшербаев. Оның айтуынша, бұрын күніне біреу не болмаса үш күнде бір адам жерлеген. Кейде аптасына бір ғана адамды жер қойнына тапсырған. «Қазір дертпен қаза болғандарды герметикалық қапқа орап, жәшікке салып әкеледі. Оның бетін ашып, жуындырмайды. Ашпастан, қозғамастан бірден көмеді. Жақындарынан 5-6 адамнан артық келмеді» дейді шырақшы.Сол жерде қабір қазып жүрген жігіттердің бірі соңғы уақытта көз жұмғандардың азая түскенін растады. «Қазір күніне бір-екеуден ғана қазатын болдық. Әйтпесе, оның алдында күнде жер қазып кетіп едік» деді ол. Есімін айтқысы келмеген жігіт Қосшыдағы зиратта да жұмыс істейтінін айтты. Ол жақтағы жағдайды сұрастырғанымызда жерленгендердің көп болмағанын жеткізді.– Ол жаққа қазуға үш күнде бір, кейде аптасына бір барамын. Құдай сақтасын, онда көп адам жерленбеді, – дейді қабір қазушы. Жұмысының ақысын ашып айтпаса да, келісуге болатынын білдірді. Алматыдағы христиан моласында да келісімге келуге болады. Бастапқыда 50 мың теңге сұрап тұрған қабіршіге арағын алып берсе, 35 мыңға түскен екен.
Ал үйден зиратқа жеткізу құнына келсек, көліктің бағасы әрқалай. Мәселен, катафалка 25 мыңнан басталып 50 мыңға дейін бар. Қосымша әр шақырымы үшін 150-180 теңгеге есептеледі. Ал ерордадағы жерлеу әдебіне сай қызмет көрсететін агенттіктердің бағасы әртүрлі. Зиратқа жеткізетін көлік, қабірі, көмілуі жиынтық ретінде 40 мыңнан басталады. Православ жерлеу рәсімнің ең арзаны – 75 мың теңге. Катафалкінің өзін жалдау қала ішінде 22 мыңнан басталады. Онда ол көліктің ескі-жаңасына, маркісіне байланысты екен.
Людмила Юрьевна басқаратын жерлеу агенттігінен де тыныштық кеткен. Егер мемлекет бір жағынан шығыспаса, жағдай қиындай түседі дейді. «Мәселе СЭС-тің протоколында. Басында мырышпен көмсін деді, кейін табытпен қоятынын айтты. Халық шатасып бітті. Қайтыс болғандардың саны көп болғандықтан, зират қызметкерлері үлгермей жатыр. Мемлекет көр қазу жағын шешуге көмектессе екен» дейді жерлеу агенттігінің басшысы Людмила Пучерова.Нұр-Сұлтан қаласы аумағына жақын Қараөткел-1 зиратына барғанымызда онда да топырағы кеппеген бейт көп екен. Біреуді жерлеп, ақтық сапарға шығарып салып жатқандарды көрмедік. Моладан шығып келе жатқанымызда 50-60 жас шамасындағы ерлі-зайыптыны көріп қалдық. Әйелдің айтуынша, жеңгесінің басына келіп, Құран оқытып кетпекші болған. 63 жастағы жеңгесі коронавирустан 6 шілде күні қаза болған. Араға бір апта салып, жеңгесінің туған інісі осы дерттен көз жұмған. Жерлеуіне төрт адамнан артық қатысуға болмайды деген соң қазаға бармаған екен.
«Қаза болғандардың мәйіттері ауысып кетті дегенді естігеніміз бар. Жеңгеміздің мәйітін алғанда ұлы ашып көрмекші болған. Оған да арнайы рұқсат алуы қажет екен. Сол рұқсатты алып, дәрігерлер көзінше пакетті ашып, көрсетті. Қаза болғаны жайында куәлігін алу үшін ағамыз 2-3 күн кезекте тұрып, әрең алған» дейді Зағира (аты өзгертілген). Осы жағдайдың жай-жапсарын сұрау үшін Алматы және Нұр-Сұлтандағы мәйітханаға қоңырау шалдық. Олар сауалымызға толық жауап бермегенімен, кезек едәуір азайғанын атап өтті.Зират басына барғанымызда еңсесі түскен шырақшы мен жұмысшыларды көрдік. Олар өлім-жітімнің көбейгеніне, ел жағдайына қапалы. Жағдайдың тезірек оңалып, ғаламның басындағы қара бұлттың сейілгенін күтіп жүр.