Пневмония коронавирусқа теңелді
Пневмония коронавирусқа теңелді
128
оқылды
– Пандемия  ахуалы туралы барлық ақ­па­рат қанша жерден ащы болса да, оны қо­ғам білуге тиіс. Жариялылық пен өзара се­нім болғанда ғана біз бірлесе отырып бұл ін­детті тезірек жеңеміз! – деп жазды Мем­ле­кет басшысы Қ.Тоқаев Twitter  парақша­сында. Нәтижесінде, жаһанға шың елінен тара­ған SARS-CoV-2 індетіне шалдыққандар са­ны республикамызда жүз мыңнан әлде­қай­да асып түсуі де ғажап емес. Дегенмен  мем­лекет әділдік пен ақиқат үшін осыны жа­сауы керек. Оның үстіне мұның практикалық маңы­зы да бар: Үкіметтің, соның ішінде Ден­сау­лық сақтау министрлігінің барлық іс-қи­мы­лы «Қазақстанда  COVID-19 дертіне 66 895 адам шалдықты, оның 60 пайыздан астамы не­месе 40 256  адам  айықты» деген жаңсақ са­нақ­қа құрылған. Бұдан бөлек, пневмония диагнозы қойылғандықтан коронавирусқа  ұқсас аурудан көз жұмған дәрігерлердің отбасыларына лайықты сақтандыру төлемі төленбей қалуда. ДСМ дерегінше, 2020 жылғы 1 қаңтардан 15 шілдеге дейінгі аралықта пневмониямен 234 187 адам ауырған. Одан 3 327 адам  қай­тыс  болды. Бұл ретте дәрі-дәрмек, тіпті ең қара­пайым парацетамол; өкпені жасанды жел­дету аппараттары; интенсивті терапия және жансақтау палаталары; білікті медициналық кадрлар бойынша өткір тапшылық туын­даған Қазақстанда 70 мыңдай корона­вирус­пен ауырғандардың тек 375-і ғана өмірден өтті дегенге халық сенбейді. Ресми ақпаратты өңірлерде адам жерлеу санының көбейгені, мүрде қоятын жер жетпей жатқаны туралы қазақстандықтар хабарлаған деректер, әлеу­меттік желілердегі бейнебаяндар жоққа шы­ғ­арады. Мемлекет басшысы Үкіметке COVID-19 көрсеткішін нақтылау туралы міндет қой­ғанын хабарлады. Себебі халық жаңа індетке ұқсас басқа кеселден де өле бастады. – Үкіметке пандемияның статистикасын бі­різдендіру міндеттелді. Азаматтардың ден­саулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Белгісіз пневмониямен ауырғандарды КВИ хаттамасымен емдеп жатқанын дәрі­герлер ашық айтады. Бірқатар ғалым кейбір жағдайда өкпе қабынуы дертіне ұшырады  дегендердің шынында коронавируспен ауыратыны туралы байламын білдіруде. Тек диагностикасы дұрыс қойылмаған көрінеді. Президент тапсырмасына орай, Денсау­лық сақтау министрі Алексей Цой енді Қа­зақстанда коронавирус және пневмония бойынша статистика біріктірілетінін мә­лімдеді. «Мемлекет басшысы КВИ пандемия­сының статистикасы бойынша түпкілікті айқындалуды жүктеді. Коронавирус ин­фек­циясының жалпы қабылдаған статистикалық есебіне қоса, бұдан былай пневмонияға назар аударылатын  болады. Осыған бай­ланысты COVID-19 және өкпе қабынуы­ның деректерін барынша айқын ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі статмәлі­меттерді қалыптастырудың жаңа тәсілдерін бекітті. ДДСҰ-ның Еуропадағы өңірлік  бюросымен техникалық  тұрғыда кеңесе келе, коронавирус инфекциясы оқиғаларын кодтауда және есепке алуда ауруларды халықаралық классифи­кация­лаудың жаңа кодтарына көшу туралы шешім қабылдадық. Осылайша, зертханада расталған COVID-19 саны ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсет­кен, бірақ КВИ-дің клиникалық індет ны­шан­дары бар оқиғалар санымен бірік­ті­ріледі», – деді А.Цой.  

Айхан ШӘРІП