Орталық Азияда екі ел қалдық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Мәдениет және спорт министрлігіне БҒМ-мен бірлесіп, әліпби жобасын ғалымдармен егжей-тегжейлі талқылау туралы тапсырма бергені есте. – Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына 2 жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр!, – деп жазды Қ.Тоқаев 2019 жылғы 21 қазанда Twitter парақшасында. Ал 2019 жылғы желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы ретінде Германияға тұңғыш сапары қарсаңында Deutsche Welle телерадиокомпаниясына берген сұхбатында ол ел басшылығы қарауына берілген латынша әліпби нұсқаларын «сәтсіз» деп бағалады. – Қазақ тілінің латынша қарпінің 3 нұсқасы ұсынылған-тын. Менің ойымша, үшеуі де сәтсіз. Сондықтан тиісті ведомстволарға латынша әліпбиге қайта оралуды, ғылыми көзқарас танытуды, сөйтіп 2025 жылға қарай осы проблеманы шешуге асықпай, жан-жақты «қаруланып» келуге тапсырма бердім, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол осы бастаманың Ресейден теріс айналуға бағытталмағанын баса айтты: себебі Қазақстандағы орыс тілі кириллицада қалады. Қ.Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді өркендету, қазақ тілін реформалау үшін осы істі бастағанын еске салды. Оның өзге тілдерге қатысы жоқ. – Ғалымдардың айтуынша, латын тілі қазақ тілін шетелде, әсіресе түркі әлеміне танымал ете алады. Түрік тілі өткен ғасырдың басында-ақ түбегейлі түрде латыншаға көшіп алды. Дәл осы жолға Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан да түсті. Орталық Азия өңірінде тек Қырғыз республикасы ғана кириллицаны сақтауға табандауда. Одан өзге Моңғолия әзірге кириллицада жазады, – деді Президент. Латын графикасындағы қазақ алфавитінің бұған дейінгі нұсқасын 2018 жылғы ақпанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бекітті. Ол 32 әріптен тұрады және онда дәйекше-апострофтар жоқ. Ал қазақ тіліне тән 6 дыбыс диактриттік белгілер – акуттар арқылы берілген.Латынша әліпбиде үлкен сөздік шығады
Әліпбиді қайта қарау процесі жаһанды жайпаған коронавирус пандемиясына тап келді. Соның кесірінен бұл іс тоқырады ма? Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың мәліметінше, талқылау және пікір алмасу газеттер көмегімен – оффлайнда, интернет көмегімен онлайн форматта жалғасын тапқан. Жаңа алфавитті жетілдіру аясында БАҚ-та 580-нен астам материал жарық көрді. Жекелеген таңбалар бойынша 116 материал жарияланды. Бұған дейін латын графикасындағы жаңа әліпби мәселесімен тек мәдени ведомство ғана айналысқан. Тиісінше, өз блогына келіп түскен осы бағыттағы халық ұсыныстарын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақтоты Райымқұлованың ұжымына жолдайтын. Алайда финалда қос министрлік тізе қоса қимылдауы тиіс. – 2020 жылғы 2 маусымда Орфографиялық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтіп, сонда әліпби жобасы ғылыми тұрғыдан қайта зерделенді. Содан кейін әдістемелік тұрғыдан қаралуы үшін әліпби жобасына берілген ұсыныстар Білім және ғылым министрлігіне жолданды. Енді қос министрлік жұмысты бірлесе атқаратын болады. Жетілдіру жұмыстары толық аяқталған соң, түпкі нәтижесі Үкімет жанынан құрылған Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына ұсынылады, – деді министр А.Райымқұлова. Ұлттық комиссия аясында 4 жұмыс тобы – Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және Техникалық сүйемелдеу топтары әрекет етуде. Жұмыс топтарының қатысуымен бірнеше кеңейтілген отырыс өткізілді. Ол жиындарда әліпбидің бірқатар нұсқасы, кейбір әріптердің жазылуы мен пернетақтада орналасуына қатысты мәселелер пысықталған екен. Бұған қоса, қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сай, «Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі жаңа үлкен түсіндірме сөздігін» әзірлеу көзделген. Оған ғалымдар келесі жылы кіріспек. Жоба 2021-2023 жылдары нысаналы түрде қаржыландырылады деп күтілуде.Қоғам қайсысына қарсы?
Ғалымдардың ғана емес, қарапайым халықтың да ұсыныс-тілектері, сын-ескертпелері – өте құнды. Бұқара пікіріне құлақ асу – аса маңызды. Негізінен, әліпбиді жетілдіруде тілдің табиғаты, әріптердің қолданылу жиілігі, халықаралық тәжірибе, техникалық жағынан қолданылу тиімділігі ескерілуде. Министрлік және жұмыс топтары қоғам тарапынан латын графикасына негізделген 30-дан астам салмақты жобаны қарастырды. Жаңа қазақ жазуының тең авторы атанып, тарихта қалуға құлшынғандардың, яғни жоба ұсынушылардың сапалық құрамы да әртүрлі: арасында тіл мамандары мен филологтер, тіпті жаратылыстану мен техника ғалымдары да, сонымен бірге жеке азаматтар мен кәсіпкерлер де бар. Оның ішінде 9 жобаны ғалымдар авторлардың тікелей қатысуымен саралады. Жоба авторларына ресми түрде ғылыми-сараптамалық қорытынды берілді. Экономикалық зерттеуші, блогер Айдос Тайбекұлы да осы іске атсалысыпты. Ол Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қоғам талқылағаннан өзгеше нұсқаны тықпалап отыр деген пікір айтады. «Өткенде «Тіл-Қазына» латын графикасындағы әліпбидің финалдық бір нұсқасын жариялады. Дегенмен ол лингвист-ғалымдардың ымыраға келген нұсқасынан түбегейлі өзгешеленеді. Консенсустық вариантты талқылауға қатысқан мамандар да, жұртшылық өкілдері де оң бағалаған болатын. Сол әліпби Мемлекет басшысының назарына ұсынылатын шығар деген сенім болған. Енді «Тіл-Қазына» әліпби нұсқасы министрліктің келісімін алуға жіберер алдында өзгертілгенін, соңынан пост-фактум хабарлауда. Бір қарағанда, екі нұсқа бір-біріне ұқсастай. Десек те, алфавиттің ұстын бөлігі өзгеріске түскен. Мысалы, Уу дауыссыз дыбысын білдіретін Ww жойылыпты. Ымыра нұсқада Ыы – Iı, Йй – Үү, Ии/Іі – İі болған. «Тіл-Қазына» Ыы – Yy, Ии/Йй – İі, Іі – Iı деп ұсыныпты. Жіті үңілсек, бұл нұсқа 2019 жылы қайта пысықтауға жіберілген әліпбидің қателіктерін қайталайды», – дейді А.Тайбекұлы.Ә – Ә, Á, әлде Ā?
Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филолог ғалым Бижомарт Қапалбек БАҚ-та (Abai.kz) жариялаған мақаласында латын әліпбиі бойынша финалға үш жоба шыққанын айтқан болатын. Ғалымдар акуттан (мысалы, á – ә), умлауттан (Umlaut, әсіресе неміс тілдеріне тән, Ää, Üü), макроннан (Ә – Ā) және пернетақтадағы әріптерден тұратын бірнеше нұсқаны пысықтапты. «Акут жүйесі қазақ әліпбиін пернетақтадағы бар таңбаға сыйдыру үшін алынған еді. Енді «1 дыбыс–1 таңба» принципін ұстанудан, пернетақтада бар таңбамен шектелуден кеткен соң акуттың қызметі жай төбе түрту болып қалды. Ал ондай қызметке кез келген ноқат таңба жарап тұр. Соған қарамастан оны осы уақытқа дейін сүйреп жүргендеріне таңым бар. Екінші жоба – умлаут. Бұл да ноқат жүйесі. Әріптің төбесіне, астына ноқат, сызықша қою немесе әріптің өне-бойына қосымша басқа да диакритикалық белгілер қойылады. Бұл белгілер ұлттық дыбыстарға классикалық клавиатурада латын таңбалары жетпей қалған кезде немесе дауысты дыбыстың ашық, қысаң, екпін түсіре айтылуын білдіру үшін алынады», – дейді Бижомарт Сейсенбекұлы. Талқылауға ұсынылған екінші жобада мынадай 4 түрлі диакритикалық белгі қолданылған: 1) Ӓ − Ә, Ӧ – Ө; 2) Ğ – Ғ; 3) Ș – Ш; 4) Ƞ – Ң. Қоғам өкілдері мұны да қиынсынады: көзі нашар көретіндер А мен қазақы Ә-ні ажырата алмай қалады деп қауіптенеді. «А мен Ȁ (Ә) егіз қызды бірдей киіндіріп қойған сияқты. Оларды бірінен-бірін тек төбесіндегі шәпкісін көрсек қана ажырата-мыз», – дейді төл жобасын ұсынушылардың бірі, математик ғалым Қуантқан Ванов. Филолог Б.Қапалбек үшінші нұсқаны қолайлы көреді. «Ноқат басқан кезде ұшып кетсе немесе түспей қалса не болады? «Улы Сталин» болады ғой. Қолмен жазғанда да әр әріптің төбесін түртіп отыру үшін екі қимыл керек (акутқа екі, умлаутқа үш қимыл). Пернетақтадағы 26-ға сыймаған соң, төбесін түрт, астын сыз, әріптің тұла бойына өзгеріс енгіз, бәрібір жасанды таңба шығады. Олар үшін бәрібір қосымша бағдарлама жасалады. Сондықтан мен үшінші жобаны қолдаймын. Ондағы Ә мен Ө, тіпті Ү халықаралық фонетикалық әліпбиде бар. Жетпейтін таңбаны аспаннан емес, осы кеңейтілген латын жүйесінен алу керек. Әрине, Ү мен Ұ-ны кириллицадағыдай қалдыруға болмайды. Қазақтың ү және і дыбыстары латынның u мен і таңбаларымен берілсе, шетел сөздерін тіл жүйесіне икемдеу оңай болар еді: міністір, іністөт, үніберсітет, мүзей секілді», – деді ол. Әйткенмен, үшінші нұсқада оның келіспейтін тұстары да бар көрінеді. «Басқа екеуі секілді үшінші жоба да 31 таңбадан тұрады. Бұл дұрыс емес. Бұрын 42 таңба болған, ақырындап-ақырындап, бірте-бірте 11-і өз үйіріне кетті. Үшеуі қалып қойды (Ф, В, Х). Қазақ тілінің жүйесі үшін бұлар вирус, бөтен. Тіл жүйесі, тілдің ішкі заңдары бұларды керек қылып отырған жоқ. Бұрынғы жобаларда Ц және Ч таңбалары болған. Олар қазір жоқ. Неге? Өйткені оларды саясат сүйреп жүрген еді. Ғылым қабылдамаған соң кетті», – дейді Б.Қапалбек. Ғалымның байламынша, латын қарпіне өту қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарады, озық дамушы елдермен жақындастырады. Жаңа әліпбимен тәрбиеленген жас ұрпақ әлемдік ақпарат кеңістігіне дендей кірігіп, технологияны лезде игереді. Халқымыз әлемнің халықаралық тілі – ағылшын тілін үйренуіне де қуатты серпін береді.Елдос СЕНБАЙ