Гонконг – Қытай құрамындағы арнайы әкімшілік аудан. Сонау 1842 жылы Британия оны жаулап алып, Нанкин келісімі бойынша өз құрамына қосқан. Алайда 1898 жылы келісім қайта жасалып, аралды ағылшындар 99 жылға жалға алады. Аталған құжат қазіргі Қытаймен емес, Цин империясымен жасалса да, Британия өз міндеттемесінен бас тартпады. Келісім бойынша, Гонконг 1997 жылы Қытайға қайтарылу керек еді. Солай болды да. Дегенмен Британия құрамында болған аралды оңайлықпен бере салған жоқ. Себебі 99 жылда арал әлемнің ең бай қаржы орталықтарының біріне айналып үлгерді. Оған қоса, британдық құқық пен ереже орнаған демократиялық, ашық қоғам құрылды. Яғни, жоспарлы экономикадағы коммунистік Қытайға мүлде кереғар еді. Ал 1997 жылы жасасқан жаңа келісімге сай, арал 50 жылға, яғни 2047 жылға дейін автономия құқығына ие болып, заң шығару, полиция, ақша айналымы, миграция саласын өзі басқаруы керек болған. Бұдан бөлек, тәуелсіз субъект ретінде халықаралық ұйымдарда Қытайдан бөлек өкілдігін сақтап қалған. Осылайша, «бір ел, екі жүйе» принципі басшылыққа алынды.
Басқаша айтқанда, 1997 жылдан бері Гонконг ресми түрде Қытай құрамында болғанымен, де-факто егемен ел болды десек, артық емес. 1990-жылдардың соңында Қытай экономикасы әлсіреген, халқы кедей, халықаралық аренада салмағы жоқ ел болатын. Бәлкім, сондықтан да аталған шартқа келіскен шығар. Алайда 20 жыл өткен соң көрші ел түлеп шықты. Қуат жинады. Экономикасын нығайтты. Армиясы да осал емес. Мүмкін, осы факторлар өз жерінде өз билігін жүргізуге итермегелен шығар. Қысқасы, Пекиннің 2047 жылды күткісі жоқ. Олай деуге негіз бар. Былтыр Гонконг басшысы Кэрри Лам арал территориясында күдіктілерді ұстап, экстрадиция жөнінде келісім жасалмаған елдерге жіберуге рұқсат беретін заң жобасын ұсынғанда 9 маусым күні миллионға жуық гонконгтықтар көшеге шықты. Соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Олар бұл бастаманың артында Пекиннің ұзын құрығы тұр деп қауіптенді.
Қытай Гонконгты құқықтық тұрғыда «жаулаудың» келесі кезеңіне биыл тағы көшті. 30 маусым күні Қытайдың жоғарғы заң шығару органы – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиыны Гонконгтың ұлттық қауіпсіздігі туралы заң қабылдады. Ол өз күшіне бір күннен соң, яғни 1 шілдеде енді. Бұл күні 1997 жылы Гонконг Қытай құрамына қайтарылған еді. Басқаша айтса, Пекин арнайы осы күнге заңның қабылдануын орайластырды. Қытайдың бұл әрекеті биыл Түркия президенті Ердоғанның Айя София музейінің қайта мешіт ретінде ашылуын 15 шілдеге белгілегенін еске түсіреді. Себебі Түркияда 15 шілдеде 4 жыл бұрын әскерилер төңкеріс жасамақ болған. Саясаткерлер арнайы даталарды да өз мүддесіне қолданғысы келеді.
Заң «Гонконгтың ұлттық қауіпсіздігі туралы» деп аталса да, Қытай мүддесін көздейтіні анық. Неге? Өйткені заңның келесі мақсаттары бар: ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін әрекеттердің алдын алу, елді бөлетін, терактілерді ұйымдастыратын, оларды жүзеге асыратындарды жазалау. Әрине, енді Гонконг бостандығы үшін күресетін азаматтарды аталған баппен айыптап, жазалауы мүмкін. Бұған дейін Гонконг кең автономия құқығын пайдаланып келген еді. Енді заңға сай, Қытайдың қауіпсіздік органдары «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» бойынша міндеттерін атқару үшін бұл аралда өз өкілдіктерін ашуға құқығы бар. Осылайша, Қытай бір заңның аясында «еркін арал тұрғындарын» құқықтық тұрғыда буындырып жатыр.
Пекиннің мұндай әрекеттеріне ең алдымен қарсы шыққан Ұлыбритания болды. Лондон гонконгтықтарға өз азаматтығын ұсынбақ. Әрине, аралдағы 7,5 млн халық Еуропаның арғы бетіндегі тұманды басқа аралға көшіп бара қоймас. Бірақ брит болуға асыққан азиялықтар аз емес. Гонконгта бұған дейін Британия паспортын алғандар болған. Солардың көшіп келуіне рұқсат беруі мүмкін. Жалпы, Британияның бұл қадамын көпшілік күтпеді. Себебі Еуропаның өзге мемлекеттеріне қарағанда Ұлыбритания бұрынғы өзінің колониясындағы тұрғындарды жақын тартпаған. Оларға есігін айқара ашпаған. Есесіне, Франция, Испания, Нидерланд, Португалия экс-колония халқына азаматтығын таратпаса да, көкірегінен итермеген. Ал бұл жолы Британия 150 жылдай қарамағында болған гонконгтықтарды қамқорлығына алмақ. Осыған ұқсас ұсынысты Австралия үкіметі де жасады. Олар Гонконг тұрғындарының өз еліне көшіп келуіне қарсы емес.
Ал АҚШ жоғарыдағы заңға орай екі құжат қабылдады. Біріншісі – аталған заңды қабылдаған Қытай азаматтарына қарсы санкция жариялайтын заң. Оны АҚШ сенаты бекітті. Екіншісі – Гонконгты ерекше мәртебесінен айыратын президент өкімі. Енді Америка аралды еркін аймақ деп танымайды, сәйкесінше ондағы компанияларға мол мүмкіндік бермейді, жоғары технологияларды сатпайды. Өйткені олар Қытайға өтіп кетуі әбден мүмкін. Екінші жағынан Д.Трамп Гонконг секілді нарықтағы бақталасынан құтылғанына риза секілді. Twitter-терінде солай жазыпты.
Ресми Пекин де қарап қалмады. «Біз де АҚШ-қа қарсы жауап санкцияларын жариялаймыз», – деді. Олар мұны Қытайдың ішкі ісіне араласу деп бағалады. Сырттай қарасаңыз, державалардың кезекті текетіресі. Қос ел бір-біріне бірнеше санкция жариялап, шығын келтіріп жүр. Алайда көп өтпей амалдап, келісіп жатады. Тек Гонконг секілді шағын ел мен аралдар құрбан болып қала береді.