Үш министрлік ықпалындағы оқу жылы
Үш министрлік ықпалындағы оқу жылы
132
оқылды
 

Мұғалім мен оқушыға арналған тариф

Қашықтан оқыту жүзеге асқа­лы бері Цифрландыру министрлігі сыннан көз ашқан жоқ. «Қала­ғандарың осы ма?» дегендей ми­нистр Үкімет отырысында жаңа тарифтің жайын қозғады. Тариф жайында сәл кейінірек, алдымен интернет сапасы туралы сөз қозғайық. Министрдің айтуынша,  елі­міз­де  4 649 елді мекен интернетпен қамтылған. Бұл жалпы халық­тың 97%-ын құрайды. Биыл 250-ден астам тұрғыны бар ел­ді мекендерге талшықты-оптикалық желілер, мобильді және радиотехнологиялар арқылы интернет жеткізу жобасын аяқтау қажет. Егер осы жобалар іске асса, ел тұрғындарының интернетпен қамту деңгейі 99,3%-ға жетеді. Сол үшін 20 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі салынып жатыр. Ал мұғалім мен оқушыға ар­налған тариф қашықтан оқыту форматына көшуге, шалғай ауылдарда электронды қызметті пайлануға мүмкіндік береді. Тарифтің жай-жапсары туралы Цифрландыру министрі түсіндіріп берді. «Ұялы байланыс оператор­ларымен бірге мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы тарифтік жоспар әзірлеу мәселесі пысықталды. Бұл тарифтік жоспар  мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырауларды, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі белгілеген отандық білім беру ресурстарына лимитсіз қосылуды қарастырады», – деді Асқар Жұмағалиев Үкімет отырысында. Демек, аталған тариф бойын­ша мұғалім мен оқушы еркін сөйлесіп, порталдарға лимитсіз кіре ала­ды. Білім министрі белгілеген ресурстар дегені – Daryn.online, Bilimland, Kundelik.kz және тағы басқалар.  Яғни, платформаға өткенде сіздің тең­геріміңізден ақы алмайды деген сөз. Жаңа тарифтің қашан іске қосылып, толық дайын болғанын Цифрландыру министрлігі ха­бар­лайды. Жоба соңы сиыр­құйымшақтанып кетпесе, жауап­ты орган ата-ана мен оқушының алғысын  алары анық.  

Кезекші сыныптар қалай жұмыс істейді?

Бұдан бұрын Асхат Айма­ғамбетов шалғайдағы қауіп жоқ өңірлерде  орналасқан шағын мектептерде әдеттегідей дәстүрлі оқуды ұйымдастыруға мүмкіндік барын айтқан. Оның үстіне ата-аналардың өтініші бойынша қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Әрине, бұған пандемия жағдайы бәсеңдеп, сақтық шарасы талап­қа сай болуы керек. Жалпы, бала­лардың мектепке баруы кезең-кезеңмен жүзеге асады. Осы орайда, бастауыш сынып­тардың қашықтан оқуы туралы ел арасында дау туған-ды. Кейбір ата-аналар мектепке жіберетінін айтса, біреулері білім ордасына мүлде жібергісі келмейтінін айтқан еді. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова 1-4-сынып оқушыларының кезекші топта қалай оқитынын түсіндіріп берген. «Атамекен» ҰКП өткізген онлайн жиналыста вице-министр көпшілік сауалына жауап берді. Оның айтуынша, өтінім бойынша мектептерде кезекші сыныптар ашу жөнінде шешім қабылданған. Мұндай сыныптарда сабақ офф­лайн және онлайн форматта өте­тін пәндер тізімі анықталған. Мәселен, бастауыш сыныпта сауат ашу, жазу, математика, тіл пән­дері оффлайн форматта өтеді. Ал музыка, сурет сияқты қосымша сабақтарды онлайн режимде оқи­ды. Сәйкесінше, бұл бастауыш сынып оқушысының сапалы білім алуына жағдай жасайды. «Елімізде екі ауысымды, үш ауысымды мектептер бар екенін, онда бала саны көп екенін білеміз. Бір күні – бірінші топ, ертесіне екінші топ оқиды. Мұндай әдісті Сингапур ұсынып отыр. Кезекші сыныптар ата-аналардың өтінімі бойынша құрылады. Кезекші сыныпта бір ғана сыныптың бала­ларын оқытуды ұсынып отыр­мыз», – дейді Шолпан Қаринова. Вице-министрдің нұсқауын­ша, баласының мектепке баруын қалаған ата-ана өтініш жазады. Мұндай сыныптарда 10-15 оқу­шы оқиды. Кезекші топтар санитарлық шараны қатаң сақ­тауы тиіс. Жалпы, елімізде 3,2 млн оқушы қашықтан білім ала­ды. Шалғай ауылдардағы 127,5 мың бала шағын жинақты мектепте оқиды. Жағдайдың қал­пына келуіне қарай мектептер бірте-бірте қашықтан оқу мен дәстүрлі оқыту жүйесін қатар алып жүреді. Эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін бірінші кезекте бастауыш сынып оқушылары  мектепке барады.  

Ескерусіз қалмайтын тапсырма

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IV тоқсандағы компьютер жайы мен интернет сапасына сын айтқан-ды. Білім ордалары балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40%-ы  іске жарағанын атап өтті. Білім ми­нистрлігі мен өңір әкімдеріне тез арада проблеманы шешуді тапсырды. Мұны министр Айма­ғамбетов те мақұлдады. Респу­б­ликада 21 балаға 1 компьютерден келетінін, алдағы уақытта 5 балаға бір компьютерден тиетін жағдай жасау керегін нұсқады. «Бізде ескірген компьютер көп. Оқушыларға уақытша бере тұруға болатын компьютер аз. Сондықтан қазір 36 мыңнан ас­там компьютер сатып алынды. 1 қыркүйекке дейін өңір әкім­дері қосымша компьютер са­тып алады», – деді Асхат Айма­ғамбетов. Ал мұғалімдерге арналған қа­шықтан оқытудың қыр-сырын үйрететін курс 20 шілдеден бас­тап іске асады. Министрдің айтуынша, сабақ беру әдістемесі, киберпедагогика, жаңа жағдайда балалардың оқу үлгерімін бағалау мен сабақ беруге қатысты білік­тілікті арттыру  курсы өтеді. «Оқу әдістемесі мен техно­логиясына сай сыныпта сабақ беру мен қашықтан сабақ бе­ру­дің айырмашылығы өте көп. Сол себепті алдымызда әріптестеріміздің кәсіби білік­т­і­лігін арттыру мәселесі тұр. 20 шілдеден бастап мұғалімдер еңбек демалысын аяқтап, жұ­мысқа шыға бастайды. Сол кезде осы курстан өтеді», – деді Білім министрі. Жауапты органның жос­пары дайын. Қызу жұмыс жү­ріп жатыр. Әрі  қарай ахуал эпи­демиологиялық жағдайға қарай өрбиді. Айқыны – 1 қыр­күйектен бастап оқушылар қа­шықтан білім алады.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ