Мұғалім мен оқушыға арналған тариф
Қашықтан оқыту жүзеге асқалы бері Цифрландыру министрлігі сыннан көз ашқан жоқ. «Қалағандарың осы ма?» дегендей министр Үкімет отырысында жаңа тарифтің жайын қозғады. Тариф жайында сәл кейінірек, алдымен интернет сапасы туралы сөз қозғайық. Министрдің айтуынша, елімізде 4 649 елді мекен интернетпен қамтылған. Бұл жалпы халықтың 97%-ын құрайды. Биыл 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерге талшықты-оптикалық желілер, мобильді және радиотехнологиялар арқылы интернет жеткізу жобасын аяқтау қажет. Егер осы жобалар іске асса, ел тұрғындарының интернетпен қамту деңгейі 99,3%-ға жетеді. Сол үшін 20 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі салынып жатыр. Ал мұғалім мен оқушыға арналған тариф қашықтан оқыту форматына көшуге, шалғай ауылдарда электронды қызметті пайлануға мүмкіндік береді. Тарифтің жай-жапсары туралы Цифрландыру министрі түсіндіріп берді. «Ұялы байланыс операторларымен бірге мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы тарифтік жоспар әзірлеу мәселесі пысықталды. Бұл тарифтік жоспар мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырауларды, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі белгілеген отандық білім беру ресурстарына лимитсіз қосылуды қарастырады», – деді Асқар Жұмағалиев Үкімет отырысында. Демек, аталған тариф бойынша мұғалім мен оқушы еркін сөйлесіп, порталдарға лимитсіз кіре алады. Білім министрі белгілеген ресурстар дегені – Daryn.online, Bilimland, Kundelik.kz және тағы басқалар. Яғни, платформаға өткенде сіздің теңгеріміңізден ақы алмайды деген сөз. Жаңа тарифтің қашан іске қосылып, толық дайын болғанын Цифрландыру министрлігі хабарлайды. Жоба соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе, жауапты орган ата-ана мен оқушының алғысын алары анық.Кезекші сыныптар қалай жұмыс істейді?
Бұдан бұрын Асхат Аймағамбетов шалғайдағы қауіп жоқ өңірлерде орналасқан шағын мектептерде әдеттегідей дәстүрлі оқуды ұйымдастыруға мүмкіндік барын айтқан. Оның үстіне ата-аналардың өтініші бойынша қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Әрине, бұған пандемия жағдайы бәсеңдеп, сақтық шарасы талапқа сай болуы керек. Жалпы, балалардың мектепке баруы кезең-кезеңмен жүзеге асады. Осы орайда, бастауыш сыныптардың қашықтан оқуы туралы ел арасында дау туған-ды. Кейбір ата-аналар мектепке жіберетінін айтса, біреулері білім ордасына мүлде жібергісі келмейтінін айтқан еді. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова 1-4-сынып оқушыларының кезекші топта қалай оқитынын түсіндіріп берген. «Атамекен» ҰКП өткізген онлайн жиналыста вице-министр көпшілік сауалына жауап берді. Оның айтуынша, өтінім бойынша мектептерде кезекші сыныптар ашу жөнінде шешім қабылданған. Мұндай сыныптарда сабақ оффлайн және онлайн форматта өтетін пәндер тізімі анықталған. Мәселен, бастауыш сыныпта сауат ашу, жазу, математика, тіл пәндері оффлайн форматта өтеді. Ал музыка, сурет сияқты қосымша сабақтарды онлайн режимде оқиды. Сәйкесінше, бұл бастауыш сынып оқушысының сапалы білім алуына жағдай жасайды. «Елімізде екі ауысымды, үш ауысымды мектептер бар екенін, онда бала саны көп екенін білеміз. Бір күні – бірінші топ, ертесіне екінші топ оқиды. Мұндай әдісті Сингапур ұсынып отыр. Кезекші сыныптар ата-аналардың өтінімі бойынша құрылады. Кезекші сыныпта бір ғана сыныптың балаларын оқытуды ұсынып отырмыз», – дейді Шолпан Қаринова. Вице-министрдің нұсқауынша, баласының мектепке баруын қалаған ата-ана өтініш жазады. Мұндай сыныптарда 10-15 оқушы оқиды. Кезекші топтар санитарлық шараны қатаң сақтауы тиіс. Жалпы, елімізде 3,2 млн оқушы қашықтан білім алады. Шалғай ауылдардағы 127,5 мың бала шағын жинақты мектепте оқиды. Жағдайдың қалпына келуіне қарай мектептер бірте-бірте қашықтан оқу мен дәстүрлі оқыту жүйесін қатар алып жүреді. Эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін бірінші кезекте бастауыш сынып оқушылары мектепке барады.Ескерусіз қалмайтын тапсырма
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IV тоқсандағы компьютер жайы мен интернет сапасына сын айтқан-ды. Білім ордалары балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40%-ы іске жарағанын атап өтті. Білім министрлігі мен өңір әкімдеріне тез арада проблеманы шешуді тапсырды. Мұны министр Аймағамбетов те мақұлдады. Республикада 21 балаға 1 компьютерден келетінін, алдағы уақытта 5 балаға бір компьютерден тиетін жағдай жасау керегін нұсқады. «Бізде ескірген компьютер көп. Оқушыларға уақытша бере тұруға болатын компьютер аз. Сондықтан қазір 36 мыңнан астам компьютер сатып алынды. 1 қыркүйекке дейін өңір әкімдері қосымша компьютер сатып алады», – деді Асхат Аймағамбетов. Ал мұғалімдерге арналған қашықтан оқытудың қыр-сырын үйрететін курс 20 шілдеден бастап іске асады. Министрдің айтуынша, сабақ беру әдістемесі, киберпедагогика, жаңа жағдайда балалардың оқу үлгерімін бағалау мен сабақ беруге қатысты біліктілікті арттыру курсы өтеді. «Оқу әдістемесі мен технологиясына сай сыныпта сабақ беру мен қашықтан сабақ берудің айырмашылығы өте көп. Сол себепті алдымызда әріптестеріміздің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі тұр. 20 шілдеден бастап мұғалімдер еңбек демалысын аяқтап, жұмысқа шыға бастайды. Сол кезде осы курстан өтеді», – деді Білім министрі. Жауапты органның жоспары дайын. Қызу жұмыс жүріп жатыр. Әрі қарай ахуал эпидемиологиялық жағдайға қарай өрбиді. Айқыны – 1 қыркүйектен бастап оқушылар қашықтан білім алады.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ