Қайсарлық, тектілік қаннан. Болмысында парасат биігінен түспеген, ортасына беделі артқан, бойындағы білімін ел-жұртына арнаған Қаратай Адамбаев нағыз өз заманының асыл азаматы еді. Білімге ерте құлаш ұрды. Ана тәрбиесі, аға ақылы, бауырлар қамқорлығы оны табындылыққа, өжеттілікке, қайсарлыққа тәрбиеледі. Өмірдің ащысы мен тұщысын ерте татып, ерте есейді. Ғажап ғұмыр кешу үшін жанкештілік ету сірә да еңбекпен келетіні оу бастан белгілі қағида ғой. Еңсеңді тік ұстап, азаматтық, адамгершілік болмысыңды еңселеу, еңбекпен өтеу – өзіңнің ғұмырлық соқпағыңды айқындау шығар. Ал бұл жолда «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен 12 медальдің иегері Қаратай Әбдірахманұлы еңбек адамының, ел адамының, отаншылдықтың озық өнегесін көрсетті. Оны көзкөргендер әлі күнге аңыз етіп айтады. Осылайша, Қаратай Адамбаевтың жолы даңғылға айналды.
Қаратай Әбдірахманұлы еңбек жолын 1943 жылы Сарысу ауданы Байқадам ауылындағы орта мектепте директордың хатшысы қызметінен бастайды. 1944 жылы Сарысу аудандық комсомол комитетінің бөлім басшысы, хатшысы, 1945 жылы облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы болса, 1946 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы мұғалімдер даярлайтын училищені сырттай оқып бітіргесін облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Ақ жол») газетінде корректор, меншікті тілші болып қызмет атқарады. 1952-1957 жылдары Алматыдағы зоотехникалық мал дәрігерлік институтын ойдағыдай бітіріп, ғалым-зоотехник мамандығын алып шығады. 1957-1959 жылдары Талас аудандық шаруашылықтарында бас зоотехник, директордың орынбасары болса, 1959-1980 жылдары аралығында, яғни табаны күректей 21 жыл Мойынқұм ауданында ауыл шаруашылығының әр саласында басшылық қызметтерді атқарды. 1959-1965 жылдары «Мойынқұм» қой совхозында директор, 1965-1980 жылдары Мойынқұм ауылшаруашылығы басқармасының бастығы және аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін қатар атқарды. 1980 жылы Жамбыл облыстық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының директоры болып тағайындалса, 1984 жылдан бастап Меркі аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауылшаруашылық-өндірістік бірлестігі басшысы қызметін атқарды.
Қаратай Адамбаевтың әр жылдары жазған естеліктері, күнделігіндегі айшықты жазбалары туған елінің ертеңіне алаңдаушылық, болашағынан үлкен үміт күтерлік пайым-пікірлермен таңбаланған. Қаратай Адамбаев өткен ғасырдың елуінші жылдары облыстық «Сталин жолы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде еңбек етті. Ал қаламгерлікке құштарлығы тіпті ерте кезден басталса керек. Ол өзінің болашағын осы саламен де байланыстырып үлгерген-ді. Алайда ағасы Балтабайдың ақылымен ол ауылшаруашылық саласына келді. Өйткені бала кезінен аурушаң болып өскен інісінің денсаулығына алаңдаған Балтекең Қаратайдың ауылшаруашылығында жүрсе таза ауа жұтып, денсаулығын түзеп, талай іске ұйытқы боларына демеу болды. Сөйтіп, ол бүкіл саналы ғұмырын осы саланың өркендеуіне арнады.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Жамбыл облысының тарихында жаңа аудан – Мойынқұм ауданы ірге көтерді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Айтбай Назарбеков тағайындалды. Жаңа ауданның шаруасы шаш етектен еді. Бұрыннан сыйлас, сырлас Айтбай мен Қаратай иық тіресе еңбек етіп, облыс орталығынан шалғай жатқан ауданның өркендеуіне тынбай тер төкті. Әрине, еңбек еленді. Мойынқұм өркендеді. Бұл Қаратай Адамбаевтың нағыз жұлдызды кезеңі еді. «Мойынқұм ауданында 21 жыл қызмет атқарған Қ.Әбдірахманұлы артына адам айтса нанғысыз ғажап із қалдырған тау тұлға, абзал азамат «Алтын кездік қап түбінде жатпас» демекші, оның ауданға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Құлазыған қу мекен Бетпақдала атанған Мойынқұмда мал, егін шаруашылығын дамытуға күш салды, яғни ауданның алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі болды. Бірлік–Мойынқұм–Ұланбел асфальт жолын, әр ауылға апаратын тас жолдар тарту, мәдениет үйлерін, мектеп, балабақша, ауылшаруашылық кешендерін салу, электр жарығын тартуға үлес қосты. Сол кездері шыққан Еңбек Ерлері Жазылбек Қуанышбаев, Ділдаш Итбасов, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев сынды майталман шопандардың жұлдыздары жанып, атақ-даңқы республика, Одаққа танылуына жол ашты. Мал санын көбейту үшін Қ.Адамбаев сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровпен кеңесе отырып, 40 жыл ел басқарған Д.Қонаевтың қабылдауында да болғаны бар. Соның арқасында «Заготскоттан» «Мойынқұм» совхозына 16 000 қой беріліп, геологиялық барлау партиясы 150 метр тереңдіктен ауызсу тартып, Шу арқылы көпір де салынды. Қ.Адамбаев жұмыс істеген жылдары аудан ауылшаруашылығы саласы бойынша өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді» деп еске алады Мойынқұм ауданының Құрметті азаматтары Н.Есілбаев, Ж.Қажамұратов, Ә.Тоқсанбаев.
Иә, расында, сырын талай жылдар белесінде ішіне бүгіп жатқан, бұған дейін көпшілікке құпия болып келген Сарыарқа, Бетпақдаланың сырын ашу Қаратай Адамбаевтың еншісіне тиді. Мыңыраған ақтылы қой, төрт түлікті иен далада өргізді. Құмды, шөлейтті өлкені санаулы жылдар ішінде адам танымастай сулы, нулы жайылымдарға айналдырып, қыстың аязы мен жаздың аптап ыстығында мал соңында жүрген шопандар үшін жаңалықтар жасады. Бұл Мойынқұмның даңқын аспандатпаса, еш төмендеткен жоқ. Тіпті Қаратай Адамбаев Сарыарқа, Бетпақдаланы ел игілігіне жаратуда белгілі ғалым Кәрім Мыңбаев, Социалистік Еңбек Ері, академик Уфа Ахмедсафиннен кейін өзіндік тұжырымын жасаған ғалым десем артық айтпағандық болар. Бұл бағаны ел берді. Қарекең «Дала академигі» атанды.
1988 жылдан бері республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанған Қаратай Адамбаев ақсақал шағында да аттан түскен жоқ. Меркі аудандық ардагерлер кеңесін ұзақ жыл басқарып, ұрпақ тәрбиесіне, тіл, діл жайында пікірлерін басылым беттерінде тұрақты түрде жариялап отырды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
1984 жылы Меркіге қоныс аударған Қаратай аға аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауылшаруашылық-өндірістік бірлестігі басшысы қызметін қоса атқарды. Талай жылдар белесінде жинаған тәжірибесінің арқасында аудан басшылығымен ақылдаса отырып, ауылшаруашылық кешендерін салуға, ауылдың өсіп-көркеюіне, малшылар мен диқандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсара түсуіне белсенділік танытып, қыруар жұмыс атқарды. Кез келгеннің аяғы жете бермейтін шалғайдағы құмға монша, медпункт, қонақүй, балалар оқитын интернат, пошта соғып, Сорғобыға, тауда Ойранды арқылы Сандыққа дейін, одан әрі Қара қыстаққа жолдар, сондай-ақ құдықтар қазылып, шопандарға арнап үй мен қора жай салынды. Осы кезеңде ғой меркілік шаруалардың «Адамбаев келіп адам болдық» дейтіні.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де Қаратай Адамбаевтың тағдырын шарпып өтті. Ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров пен Мерке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ермек Сауранбаевтың жақтасы деген желеумен жазықсыз жапа шектті. Қалай дегенде де Мәскеудің әділетсіз әмірінің зардабын шеккен тұста да ол туған халқының лайықты ұлы, перзенті екенін таныта білді. Қайсарлық танытты. Әділдіктің ақ туы желбірейтін күннің туатынан сенді.
1988 жылдан бері республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанған Қаратай Адамбаев ақсақал шағында да аттан түскен жоқ. Меркі аудандық ардагерлер кеңесін ұзақ жыл басқарып, ұрпақ тәрбиесіне, тіл, діл жайында пікірлерін басылым беттерінде тұрақты түрде жариялап отырды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Асыл аға шаңырағы шаттыққа кенелген отбасының ұйытқысы еді. Қаратай ағаның асыл жары Апуза Мүтәйқызы – өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында жоғары білімі бар санаулы қазақ қыздарының бірі. Ол өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнады. Азаматын ардақтады, елінің құрметіне бөленді. Саналы ұрпақ тәрбиеледі. Көптің ардақтысына айналған қос жақсының төбесі көрінсе төңірек түгел төріне шығарды. Апуза Мүтәйқызы бүгінде немере шөберелерінің қызығын қызықтап, ұрпағына қариясының өнегесін айтудан жалыққан емес.
Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Айтулы мереке Қаратай Адамбаев ағымыздың 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Облыс шаңырақ көтерген жылдардан бергі белестерде өңірдің даму, өркендеу жолында талай азаматтардың айшықты қолтаңбасы қалғаны анық. Қасиетті құт қонған мекен – Жамбыл облысының тарихында есімі алтын әріппен жазылған Қаратай Адамбаевтың азаматтық еңселі жолы, өз қолымен жазған өмір тарихы әлі де кейінгі ұрпаққа насихаттала бермек.
Жамбыл облысы