Екі топқа бөлінген мәскеулік дәрігерлер орталық аурухананың қабылдау бөлімінен бастап барлық бөлімдер жұмысына зер салып шықты. Шамалған ауылындағы аурухананың провизорлық бөлімі мен Қаскелең қаласындағы инфекциялық бөлім жұмысын көріп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстар мен кеңестерін білдірді. Мәскеудегі бас хирургтың орынбасары Руслан Майер қазақстандық әріптестерінің жұмысына қатысты барлық кеңес ұжымға және басшылыққа жеке жеткізілгенін айтты. Қарасай ауданының бас дәрігері Мәулен Малғаждаровтың айтуынша, 300 адамға арналған провизорлық бөлімде 328 науқас емделіп жатса, 80 орынды инфекциялық бөлімде 45 адам ем-дом шараларын қабылдауда. Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Байжұманов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Ж.Бекшин, Іле ауданы әкімінің орынбасары С.Ерекешев бастаған мәскеулік кеңесшілер Іле аудандық ауруханасын да аралады. Аудандық аурухананың емханасында 120 науқасқа арналған провизорлық бөлім жасақталса, іргелес орналасқан «Бану» ЖШС-на қарасты ғимаратта тағы 130 адам емделетін провизор науқастарды қабылдауда. Ал коронавирус инфекциясы анықталған адамдар Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Шелек ауылындағы жұқпалы аурулар емханасына жөнелтіледі. Емдеу мекемесінде бүгіндері 8 өкпені жасанды желдететін аппарат, 4 рентген қондырғысы, 1 компьютерлік томография бар. Дәрі-дәрмек тапшылығы да азайған. Ауданда бүгіндері COVID-19 белгісімен 206 адам тіркелген екен. Олардың 75-і симптомды деп танылып, жұқпалы аурулар емханасында ем қабылдаса, 131 науқас ашық белгісі жоқ науқас ретінде үйлерінде емделіп шыққан. Ресейліктер мұнда дәрігерлердің қауіпсіздік киімдерін ауыстыратын орындарынан бастап, науқастарды қабылдау, олардың жай-күйін анықтау, емдеу тәсілдерін тағайындау, ем қолдану жұмыстарына дейін мұқият танысты. Жұмыс барысында құрамында реаниматолог, эпидемиолог және терапевт мамандары бар мәскеулік сарапшылар жергілікті дәрігерлерге кеңес беріп, ескертпелерін де айтты.
– Ресей мен Қазақстанның денсаулық сақтау саласы ұқсас болғандықтан қонақтар тарапынан емдеу тәжірибесі бойынша елеулі сын-ескертпелер айтылған жоқ, – дейді бас дәрігердің орынбасары Айдар Әскербекұлы. – Иә, ұйымдастыру жұмыстарында жекелеген олқылықтар кездеседі. Бірақ олар жалпы жағдайға әсер ететіндей маңызды емес. Көбінесе адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтамайтыны, қатерлі індетті жұқтырмаудың бар амалдарын жасамайтыны сөз болды, – дейді ол.Денсаулық сақшыларының Ресейден келген әріптестері Еңбекшіқазақ ауданына да атбасын бұрды. Бұл өңірде де коронавирус індетімен белсене күрес жүріп жатыр. Ақ халатты абзал жандарда тыным жоқ. Азаматтық парызын ойдағыдай өтеу үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде. Ресейден келген мамандар да жергілікті дәрігерлердің іс-қимылына осылай баға берді. Аудандық аурухананың бас дәрігері Жамиля Әбеуова көрші елден келген әріптестеріне бәрін көрсетті. Қойылған сұрақтарға тыңғылықты жауап берді. Бүгінгі таңда аудандық ауруханада вирус жұқтырған 374 адам емделіп жатыр. Олар түгел төсек-орындармен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Медициналық құрал-жабдықтар кедергісіз жұмыс істеп тұр. Қазір 150-ден астам адам аурудан айығыпты. Дегенмен күн сайын 20-ға жуық науқастың жаңадан түсетіні алаңдатады. Жетісуға келген ресейлік мамандар тобы Мәскеу қаласынан, Мәскеу облысынан және басқа да федералдық аймақтардан жасақталған. Олардың құрамында эпидемиологтер, инфекционистер, пульмонологтер, басқа да білікті дәрігерлер бар. Олар мұндағы емдеу тәсілдерінің өздеріне ұқсас екенін, өрескел кемшіліктің байқалмағанын айтты. Емдеу талаптарының ойдағыдай орындалып жатқанына тоқталды.
Б.АБАҒАН, Алматы облысы