Құрылыс бір сәтке де тоқтамады
Құрылыс бір сәтке де тоқтамады
169
оқылды
 

Абаттандыруға 5 миллиард  теңге

Биыл Шымкент қаласында 305 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ойын және спорт алаң­шалары жаңартылмақ. Оған республикалық және жергілікті қазынадан 5 млрд  теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Бүгінде 232 аула­ға абаттандыру жұмыстары басталған. Оның ішінде Нұрсәт шағын­ауданындағы тозығы жеткен 57 аула да бар. Бүгінде мұнда аталған аулалар абаттандырылып, заманауи үлгідегі балалар алаң­шалары мен жаттығу тренажерлары орна­тылып жатыр. Бұл жұмыстар «Бай-болашақ» ЖШС-мен бірігіп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізілуде. Сонымен қатар ауданда жергі­лікті бюджет есебінен тағы 8 аула абаттандырылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов  шағынаудандағы құрылысы жүріп жатқан абат­тандыру жұмыстарын тексеріп, жергілікті халықпен кездесіп тұрады. Тұрғындар аулаларының абаттандырылып, балалар алаң­шаларының бой көтеріп жатқаны­на ризашылығын білдірді. Измир көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің абаттандыру жұмыстарымен танысқан қала басшысы, аудан әкіміне абат­тандыру жұмыстарының жоба­сына автотұрақ кеңістігін кеңейту жайын қарастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, құрылыстың қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызбай жүр­гізілуін,  сонымен қатар сапаға аса мән беру керегін тапсырды. Қазіргі таңда аудан аумағын­дағы Нұрсәт, Тұран, Мирас шағынаудандары мен Достық, Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Қайнарбұлақ саяжайында жаңадан 10 ашық спорт алаң­шалары орна­тылып жатыр. Он­дағы құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес «Алем Строй-1» ЖШС тара­пынан жүргізілуде. ayla jondey Сонымен қатар әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан 2 гүлзарда абаттандыру, қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Д.Қонаев даңғылы мен Ғ.Иляев көшесі қиылысындағы гүлзарды көріктендіру жұмыстарының жобасы қолға алынған. Нысан аумағында көгал алаңы толықтай жаңар­тылып, веложол мен жа­рық шамдар және орындықтар орнатылмақ. Сондай-ақ  мұнда келешекте қылқан жапырақты ағаш көшеттері мен декоративті гүлдер отырғызылмақ. Осынау нысандар Шымкент қаласының өзіндік келбетін айшықтап, қала тұрғындары үшін демалатын аймаққа айналатын болады. Айта кетейік, жалпы әл-Фараби ауданы аумағында 13 саябақ пен 18 гүлзар, 17 ескерткіш және 11 субұрқақ бар.  

296 шақырым ішкі орам көше жөнделеді

 Абаттандыру шараларымен қатар, ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірнеше көше тұрғындар игілігіне ұсыныл­ды. Мегаполистегі орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген төрт аудандағы 11 ішкі орам көше ел игілігіне берілді. Яғни, ұзындығы 11,15 шақырым жол жөндеуден өтті. Атап айтқанда, Абай ауданын­дағы Таңқурай, Агропром, Тарақтас, Болашақ, Ермекбаев пен Сейтов көшелеріне орта­ша жөндеу жүргізілді. Ал Еңбек­ші ауданындағы  Бойт ата, Абри­косовая, Қараменде батыр көше­сі жөнделсе, әл-Фараби ауданындағы  Саттарханов көшесі, Қаратау ауданында Байжігітов көшелерінің  құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. jol jondey Бұған дейін төрт аудан бойынша 12 ішкі орам көше­нің құрылысы аяқталып, тап­сырылған болатын. Жалпы биыл қаладағы 296 шақырым ішкі орам көшелерде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұдан бөлек, 112 шақырымды құрайтын көшелерге шағал тас төселеді. Бұдан бөлек қалада магис­тралды жолдардың 75 ша­қырымын­да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы мен айналма жолының қайта құру жұмыстары қамтылған. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады. Басқарманың мәліметінше, ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр. Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары автомобиль жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға тапсырылмақ. Мәселен, қалада магистралды А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары жүргізіліп келеді. Оның жалпы ұзындығы – 31,6 шақырым. Сегіз  кезеңнен тұратын  жол құрылысының болжамды құны – 23 млрд теңге. Ал Қонаев көшесі жалғасының құрылыс ұзындығы 21 шақырым болса, оның құны 36 млрд теңге болып отыр. Бұдан бөлек, әл-Фараби көшесі жалғасының құрылысы жүруде. Оның ұзын­дығы – 7,6 шақырым, құны – 3,6 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп күті­луде.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы