Абаттандыруға 5 миллиард теңге
Биыл Шымкент қаласында 305 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ойын және спорт алаңшалары жаңартылмақ. Оған республикалық және жергілікті қазынадан 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Бүгінде 232 аулаға абаттандыру жұмыстары басталған. Оның ішінде Нұрсәт шағынауданындағы тозығы жеткен 57 аула да бар. Бүгінде мұнда аталған аулалар абаттандырылып, заманауи үлгідегі балалар алаңшалары мен жаттығу тренажерлары орнатылып жатыр. Бұл жұмыстар «Бай-болашақ» ЖШС-мен бірігіп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізілуде. Сонымен қатар ауданда жергілікті бюджет есебінен тағы 8 аула абаттандырылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов шағынаудандағы құрылысы жүріп жатқан абаттандыру жұмыстарын тексеріп, жергілікті халықпен кездесіп тұрады. Тұрғындар аулаларының абаттандырылып, балалар алаңшаларының бой көтеріп жатқанына ризашылығын білдірді. Измир көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің абаттандыру жұмыстарымен танысқан қала басшысы, аудан әкіміне абаттандыру жұмыстарының жобасына автотұрақ кеңістігін кеңейту жайын қарастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, құрылыстың қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызбай жүргізілуін, сонымен қатар сапаға аса мән беру керегін тапсырды. Қазіргі таңда аудан аумағындағы Нұрсәт, Тұран, Мирас шағынаудандары мен Достық, Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Қайнарбұлақ саяжайында жаңадан 10 ашық спорт алаңшалары орнатылып жатыр. Ондағы құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес «Алем Строй-1» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Сонымен қатар әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан 2 гүлзарда абаттандыру, қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Д.Қонаев даңғылы мен Ғ.Иляев көшесі қиылысындағы гүлзарды көріктендіру жұмыстарының жобасы қолға алынған. Нысан аумағында көгал алаңы толықтай жаңартылып, веложол мен жарық шамдар және орындықтар орнатылмақ. Сондай-ақ мұнда келешекте қылқан жапырақты ағаш көшеттері мен декоративті гүлдер отырғызылмақ. Осынау нысандар Шымкент қаласының өзіндік келбетін айшықтап, қала тұрғындары үшін демалатын аймаққа айналатын болады. Айта кетейік, жалпы әл-Фараби ауданы аумағында 13 саябақ пен 18 гүлзар, 17 ескерткіш және 11 субұрқақ бар.296 шақырым ішкі орам көше жөнделеді
Абаттандыру шараларымен қатар, ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірнеше көше тұрғындар игілігіне ұсынылды. Мегаполистегі орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген төрт аудандағы 11 ішкі орам көше ел игілігіне берілді. Яғни, ұзындығы 11,15 шақырым жол жөндеуден өтті. Атап айтқанда, Абай ауданындағы Таңқурай, Агропром, Тарақтас, Болашақ, Ермекбаев пен Сейтов көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді. Ал Еңбекші ауданындағы Бойт ата, Абрикосовая, Қараменде батыр көшесі жөнделсе, әл-Фараби ауданындағы Саттарханов көшесі, Қаратау ауданында Байжігітов көшелерінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Бұған дейін төрт аудан бойынша 12 ішкі орам көшенің құрылысы аяқталып, тапсырылған болатын. Жалпы биыл қаладағы 296 шақырым ішкі орам көшелерде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұдан бөлек, 112 шақырымды құрайтын көшелерге шағал тас төселеді. Бұдан бөлек қалада магистралды жолдардың 75 шақырымында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы мен айналма жолының қайта құру жұмыстары қамтылған. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады. Басқарманың мәліметінше, ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр. Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары автомобиль жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға тапсырылмақ. Мәселен, қалада магистралды А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары жүргізіліп келеді. Оның жалпы ұзындығы – 31,6 шақырым. Сегіз кезеңнен тұратын жол құрылысының болжамды құны – 23 млрд теңге. Ал Қонаев көшесі жалғасының құрылыс ұзындығы 21 шақырым болса, оның құны 36 млрд теңге болып отыр. Бұдан бөлек, әл-Фараби көшесі жалғасының құрылысы жүруде. Оның ұзындығы – 7,6 шақырым, құны – 3,6 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп күтілуде.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы