Ақмола облысының туризм басқармасы Instagram парақшасында карантинге байланысты екі аймақтың жабылатынын мәлімдеді.
«Ақмола облысы туристік бизнес өкілдеріне ескертеміз. Карантин шараларының күшеюіне және туристік орындарда демалушылардың жауапкершілігінің төмендігіне байланысты 24 шілде сағат 00:00-ден бастап 3 тамызға дейін Ақмола облысының туристік аймақтары жабылады» делінген басқарманың мәліметінде.
Туристік аймақтың айналасына блокпостар қойылып, көлік кіруіне тыйым салынады. 24 шілдеге дейін қонақүйге келіп, жайғасып үлгерген адамдар демалыс базасының ішінде қала береді. Курорттағы адамдар маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтауы тиіс. Отельдерлер осы уақыт аралығында бронь қабылдамайды.
«Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін санаторийлер мен курорт нысандары санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, жұмысын жалғастыра береді. Жағажай, сауна мен бассейнді жалға беру қызметі тоқтатылады. Жағалауда орналасқан қайық стансалары, сауда және ойын-сауық нүктелері жабылады. Сондықтан жағдайға түсіністікпен қарап, осы уақыт аралығында демалыс орындарына барудан бас тартуыңызды сұраймыз» делінген ресми хабарламада.