«Қазір тәулігіне 1500-1600 адам жұқтырып жатыр. Осы айдың үш аптасында төсек орны 30-34 мыңнан 47-49 мың инфекциялық және провизорлық орындарға көбейді. Төсек орын қоры 19003-ке артты, оның ішінде қосымша 5 003 инфекциялық төсек орны дайындалды. Бұл науқастарға медициналық көмек көрсетуді қолжетімді етті» дейді министр.
Министрдің айтуынша, қазір коронавирус жұқтырған және пневмониямен түскен науқастарды ауруханаға жатқызуға орын жеткілікті көрінеді. Бұрынғыдай емес, провизорлық стационарларда да 20 пайыз төсек орны босаған. Карантин енгізілгенге дейін бұл көрсеткіш 91 пайыз болса, қазір дерт жұқтырғандар үшін стационарда орын жеткілікті. Бұл да көңілге жұбаныш.
Премьер-Министр Асқар Мамин тамыз айының соңына дейін аурухананың бәрін өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етуді тапсырды.
Үкімет отырысында: «Баяндамалардан байқағанымыздай, эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақтану деңгейіне шыққаны байқалады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі тәулігіне – 2,1 пайыз. Ал кей өңірлерде одан да аз. Мысалы, Шымкентте – 1 пайыз, Қызылорда облысында – 0,9 пайыз, Түркістан облысында – 0,8 пайыз, Ақтөбе облысында – 0,5 пайыз. Қазіргі басты міндет – барлық өңірде ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету», – деді Асқар Мамин.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сапалы әрі қолжетімді толық көлемдегі медициналық көмекті, әсіресе ауылдарда қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылдау керек екенін де ескертті.
Премьер-Министр: «Біріншіден, Денсаулық сақтау, Индустрия министрлігі және әкімдіктер тамыздың соңына дейін өңірлердегі ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында коронавирусқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын және кадрлармен жасақтасын», – деп тапсырды.
Ел дағдарып, науқастар қиналып, жатын орын жетіспей, дәрі-дәрмек тапшылығын сезініп кеткен еді. Мемлекет басшысы қатаң карантин талаптарын енгізгелі жағдай тұрақталып келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда бұған дейін күнделікті жедел жәрдем қызметіне тәулігіне 4 300 қоңырау түсетін болса, қазір 2 000-ға дейін азайған. Пневмониямен ауруханаға түсетіндер саны 3-20 шілде аралығында 33 пайызға төмендеген. Бір ай бұрын стационарлардың 99 пайызы бос болмаса, қазір барлық стационардың жүктемесі – 57,8 пайыз. Аурухана алдында кезек күтіп, төсек-орын жетіспей жататын күндер артта қалған.
Қарағанды облысында да науқастану көрсеткіші деңгейі төмендеді. «Соңғы екі аптадағы талдау жалпы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын көрсетіп отыр. Қазір пациенттердің күнделікті шығарылуы ауруханаға жатқызу көрсеткішінен жоғары. Ауруханалардағы орын жүктемесі 50 пайызға дейін төмендеді. Мысалы, екі апта бұрын бұл көрсеткіш 80 пайыз болған еді. Жедел жәрдем шақыру жағдайы соңғы аптада үш есе төмендеді», – дейді Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек.
Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 20 шілде күнге дейін облыс бойынша коронавирус жұқтырған 2 736 адам тіркелген. Оның 48,1 пайызы – симптомы бар аурулар және 52 пайызы – симптомсыз. Облыста вирусты өкпе қабынуын жұқтырған 1 600 адам ем алып жатыр, оның 1 283-і – Ақтөбе қаласының тұрғындары. Бүгінде провизорлық, инфекциялық ауруханаларда 1 200-ден аса бос орын бар.
«Соңғы күндері облыста вирусты өкпе қабынуымен ауырып, емханаларға жүгініп, жедел жәрдем шақырып жатқандар азайып келеді. 18-інен бастап аурушаңдық деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады. Егер шілденің алғашқы күндерінде тәулігіне 240-250 шамасында адам түскен болса, 18 шілдеде 72 адам, 19 шілдеде 80 адам, соңғы тәулікте 59 адам өкпе қабынуымен тіркелген. Соңғы аптада аурушаңдық деңгейі бес есе азайды. Күн сайын емханалар бойынша мониторинг жүргіземіз, соңғы күндері бірде-бір ауру тіркелмеген емханалардың бар екенін айтқымыз келеді», – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.
Шымкентте медициналық көмекке жүгінетін азаматтар санының азаюына байланысты жеңіл атлетика спорт кешеніндегі 360 орындық күндізгі стационар жабылған еді. Қалада ЖРВИ мен пневмониямен ауырғандар санының күрт өсуіне байланысты қала әкімдігі 15 күн бұрын спорт кешенінен күндізгі стационар ашқан болатын. Стационарда алғашқы бірнеше күнде 500-ден 700-ге дейін тұрғын емделді. Қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастаған. Соңғы бес күн ішінде стационарға келушілердің саны күніне 25 адамға дейін азайды, яғни күнделікті стационарға әр емханадан екі-үш емделуші ғана келген екен.
Ал Түркістан облысында тұмау мен өкпе қабыну белгілерімен жедел жәрдем шақырушылар саны азайған. Өңірде маусым айында медициналық жедел жәрдем орталығына орта есеппен 3 000-ға жуық қоңырау түскен болса, қазіргі таңда шақыртулар саны 1 800-ге дейін төмендепті.
Алдыңғы шепте жүрген мамандарға қорғаныс құралдарын сатып алу үшін Үкімет қорынан 7,2 миллиард теңге бөлінді. Министр Цойдың айтуынша, қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында және провизорлық стационарларда 1 958 жасанды тыныс алдыру аппараты бар. Алдағы уақытта әкімдіктермен бірге қосымша 4 183 аппарат сатып алынбақ. Оның 3 105-і отандық тауар өндірушіден болмақ.
«Елімізде бір реттік үш қабатты медициналық масканың бағасы 28 пайызға арзандады. Тамыз айын қосқанда алғы шептегі қызметкерлердің жеке қорғаныс құралдарының резерві қалыптасты. Үкімет резервінен бұл мақсатта 7,2 млрд теңге бөлінді. Осы жұмыстар аясында 41 млн маска, 27 млн қолғап пен 379 мың қорғаныс костюмі және 1,2 млн ПТР-тест сатып алынады», – дейді Денсаулық сақтау министрі.
Жағдай тұрақталып келеді дегенімізбен де, бірден тоқмейілсуге тағы болмайды. Әлі де карантин шараларын қатаң ұстанып, қауіптің алдын алған жөн. Әр адамның өмірін сөйтіп қана құтқарып қала аламыз.