«Қазір тәулігіне 1500-1600 адам жұқтырып жатыр. Осы айдың үш аптасында төсек орны 30-34 мыңнан 47-49 мың инфекциялық және провизорлық орындарға көбейді. Төсек орын қоры 19003-ке артты, оның ішінде қосымша 5 003 инфекциялық төсек орны дайындалды. Бұл науқастарға медициналық көмек көрсетуді қолжетімді етті» дейді министр.
Министрдің айтуынша, қазір коронавирус жұқтырған және пневмониямен түскен науқастарды ауруханаға жатқызуға орын жеткілікті көрінеді. Бұрынғыдай емес, провизорлық стационарларда да 20 пайыз төсек орны босаған. Карантин енгізілгенге дейін бұл көрсеткіш 91 пайыз болса, қазір дерт жұқтырғандар үшін стационарда орын жеткілікті. Бұл да көңілге жұбаныш.
Премьер-Министр Асқар Мамин тамыз айының соңына дейін аурухананың бәрін өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етуді тапсырды.
Үкімет отырысында: «Баяндамалардан байқағанымыздай, эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақтану деңгейіне шыққаны байқалады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі тәулігіне – 2,1 пайыз. Ал кей өңірлерде одан да аз. Мысалы, Шымкентте – 1 пайыз, Қызылорда облысында – 0,9 пайыз, Түркістан облысында – 0,8 пайыз, Ақтөбе облысында – 0,5 пайыз. Қазіргі басты міндет – барлық өңірде ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету», – деді Асқар Мамин.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сапалы әрі қолжетімді толық көлемдегі медициналық көмекті, әсіресе ауылдарда қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылдау керек екенін де ескертті.
Премьер-Министр: «Біріншіден, Денсаулық сақтау, Индустрия министрлігі және әкімдіктер тамыздың соңына дейін өңірлердегі ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында коронавирусқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын және кадрлармен жасақтасын», – деп тапсырды.
Ел дағдарып, науқастар қиналып, жатын орын жетіспей, дәрі-дәрмек тапшылығын сезініп кеткен еді. Мемлекет басшысы қатаң карантин талаптарын енгізгелі жағдай тұрақталып келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда бұған дейін күнделікті жедел жәрдем қызметіне тәулігіне 4 300 қоңырау түсетін болса, қазір 2 000-ға дейін азайған. Пневмониямен ауруханаға түсетіндер саны 3-20 шілде аралығында 33 пайызға төмендеген. Бір ай бұрын стационарлардың 99 пайызы бос болмаса, қазір барлық стационардың жүктемесі – 57,8 пайыз. Аурухана алдында кезек күтіп, төсек-орын жетіспей жататын күндер артта қалған.
Қарағанды облысында да науқастану көрсеткіші деңгейі төмендеді. «Соңғы екі аптадағы талдау жалпы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын көрсетіп отыр. Қазір пациенттердің күнделікті шығарылуы ауруханаға жатқызу көрсеткішінен жоғары. Ауруханалардағы орын жүктемесі 50 пайызға дейін төмендеді. Мысалы, екі апта бұрын бұл көрсеткіш 80 пайыз болған еді. Жедел жәрдем шақыру жағдайы соңғы аптада үш есе төмендеді», – дейді Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек.
Аяулым БЕКТҰР