Марс бәйгесінде кім жеңбек?
Марс бәйгесінде кім жеңбек?
288
оқылды
20 шілде күні Біріккен Араб Әмірліктері 1,3 тонналық спутникті аспанға аттандырды. Ол Марс атмосферасы мен климатын зерттеу керек. Планета улы газға толы. Әрине, аппаратты таза араби өнім деп айту қиындау. Себебі зымыран АҚШ-тікі, ал спутник Жапониядан ұшты. Алайда жобаны жүзеге асырған, қаржыландырған дубайлықтар. Hope, яғни үміт деп аталған спутник 500 млн шақырымды басып өтіп, Қызыл планетаға 2021 жылы ақпан айында жетіп баруы тиіс. Жоспар осындай. Әрине, Дубай АҚШ, Қытай, не Ресей емес. Технологиялық әлеуеті шектеулі. Бірақ Hope-ны ұшыруға дубайлық инженерлер 6 жылын жұмсаған. АҚШ мамандары қолдау көрсеткен екен. Дубай дайын ақшаға дайын технологияларды сатып алуына болар еді. Алайда олар АҚШ университеттерімен әріптестік орнатып, өзінің ғарыш аппаратын жасақтап шығаруды жөн көрген. Әрине, алда әлі 7 ай мерзім бар. Сондықтан арабтар спутник істен шығып, жарты жолда қалуы мүмкін деген тәуекелді де жоққа шығармайды. Білетіндер бұл істің басы-қасында 33 жасар елдің Дамыған ғылым және технология министрі Сара Әміри жүр дейді. Жобада істейтін қызметкерлердің 34 пайызы әйелдер екен. Жалпы, бұл Дубай үшін тек ғылыми ғана емес, кезекті имидждік жоба болуы ғажап емес. Әмірлік басшылығы жоғары технология саласында ірі жетістіктерге жетіп, араб аймағындағы үздік жастарды өзіне тартуды көздегендей. Басқаша айтса, Дубайды арабтың Силикон алқабы ету мақсаты тұруы да мүмкін. Ал Марсқа аттану кезегі енді Қытайға келіп тұр. Олар жақында Хайнань аралындағы ғарыш айлағына «Чанчжэн-5» зымыранын жеткізген. Бұған дейін сол жерге  «Тяньуэнь-1» спутнигі әкелінген еді. Қытайдың жоспары бойынша, зымыран спутник алып көкке 23 шілде мен 5 тамыз аралығында ұшуы тиіс. Ал спутник өз кезегінде Марсқа 7 айда жетуі мүмкін. Дубайлықтар ұшырған Hope-мен бір уақытта баратын секілді. Егер араб зонды атмосфера мен климатты зерттесе, қытайлық аппарат Марс орбитасын айналып, сонда қонып, планета қыртысында қозғалуы тиіс. Осы арқылы олар атмосфераны, рельефті, географиялық, магниттік өрістің ерекшеліктерін зерттеуді көздеп отыр. Зерттеу жұмыстары сәтті өтсе, Марс пен Күн жүйесінің пайда болуы, эволюциясы жайында құнды ақпарат алуға мүмкіндік туады. Ал негізгі мақсат – «Марста өмір белгілері бар ма, келешекте қоршаған орта  адамдар  өміре сүре алатындай өзгеруі мүмкін бе?» деген сұрақтарға жауап табу. Аталған миссиядан-ақ Қытайдың көздегені ұзақмерзімді стратегия екенін түсіну қиын емес. «Тяньуэнь-1» (Tianwen-1) – Марсты зерттеуге арналған Қытай бағдарламасы. Оның миссиясы жоғарыда  айтылды. Қызыл планетаны зерттеуді Қытай  2009 жылы Ресеймен бірге бастады. Алайда 2012 жылы планетааралық Фобос-Грунт аппараты  Жер орбитасынан шыға алмай, сәтсіздікке ұшы­раған соң қытайлықтар өз ғарыш бағдарламасын жасауға кірісті. Қазіргі жоспар бойынша, парашютпен Марсқа қонған аппарат топырақ құрамын да зерттеуі тиіс. Жалпы, Қытай ғарыш технологиясында Ре­сейді басып озып, АҚШ-тың көшбасшылығына таласа бас­тағандай. Al-amal 1 Марсты көздеген аламан бәйгеге Жапония да қосылды. Елдің JAXA ғарыш агенттігі биыл жыл басында Марстың табиғи спутниктері – Деймос және Фобосты зерттеуге зонд жібермек. Алайда 2024 жылы MMX миссиясы (Martian Moon Exploration) жоғарыда аталған қос табиғи спутниктен жер қыртысын әкелуі тиіс. Көп емес, 10 грамм ғана. Осы онжылдықтың соңына қарай, 2029 жылы. Яғни, жапондықтар араб пен қытай сынды келесі жылы жете қаламыз деп асығып отырған жоқ. Егер аталған мақсатқа қолдары жетсе, олар планетаның өзін зерттеуге көшпек. Ал Жапония неге бірден Марсты емес, оның табиғи қос спутнигін зерттемек? Ондағы мақсат – ол жақта ғарыш базасын салуға мүмкіндік тууы мүмкін. Сондай-ақ ғылыми мақсат та жоқ емес. Марсты айнала ұшқан Деймос және Фобостың пайда болу тарихы да қызық. Жалпы, ол екеуі Жердің табиғи спутнигі Ай секілді (диаметрі 3 500 шақырым) алып ғарыш денесі емес. Олардың диаметрі 27 және 14,5 шақырым ғана. Яғни, базаны салуға мүмкіндік туса да, ат шаптырым жерге іргесін қаға алмайды. Ал кезінде АҚШ-пен Айға, ғарыш кеңістігіне таласқан Ресей бұл жолы Марсқа асығар емес. Нақтырақ айтса, онда бара қоятын жоспары жоқ. Бұл жөнінде Роскосмос басшысы Д.Рогозин хабарлаған.  Әзірше олар  2021 жылы Ай-25 аппаратын Айға жіберумен шектелмек. Ал 2030 жылы Айға қонуды көздеп отыр. Тек Еуропамен бірге «ЭкзоМарс-2020» жобасына қатыспақ. Алайда биылғы коронавирусқа байланысты зонд ұшыру жоспары тағы 2 жылға шегеріледі. Бәлкім, барлық мәселе қаражатқа тіреліп тұрған шығар. Себебі қазір Ресейдің экономикасы 2014 жылдан бергі сансыз санкциялардан соң шатқаяқтап қалғаны мәлім. Өзге елдер ғарыштағы алыс қашықтыққа спутник жіберіп, технологиялық дүмпу жасап жатқанда Ресей бюджетінің қысқалығына байланысты тек Марстан ғана емес, ғылыми-технологиялық дамудан да қол үзіп қалатын сияқты. Әрине, Марсқа жету мақсатын АҚШ та өзі алдына қойып отыр. Ол үшін арнайы «Марс-2020» (Mars 2020 Rover Mission) бағдарламасы даярланған. Алайда бұл Илон Масктың емес, NASA-ның жобасы. Жоспар бойынша, ол 20 шілде ұшып, 2021 жылдың ақпан айында Қызыл планетаға жетіп баруы тиіс болатын. Бірақ  ұшырылу  мерзімін 30 шілдеге шегеріпті. Дубай, Қытай және АҚШ аппараттарының  бір уақытта ұшырылып, бір уақытта қонуды көздеп отырғандары қызық жайт екен. Жоба аясында Perseverance аппараты планетаға қонып, оның беткі қыртысын зерттеуі тиіс. Оған қоса, Mars Helicopter Scout кіші тікұшағы да ұшырылмақ. Сонымен, жақында Дубай Марсқа жету міндетін алған спутнигін көкке ұшырды. Шілде не тамызда АҚШ пен Қытай алақанын ысқылап отыр. Бірі – Қызыл планетаның ауасын зерттегісі келсе, екіншісі – топырағын тінтіп көрмек, келесісі онда адам жіберуді ойлап жатыр. Бұл ғылыми-технологиялық  жарыс па, әлде ғылымды себеп қылған саяси бәсекелестік пе, әзірге анық емес. Өткен ғасырда КСРО мен АҚШ ғарышқа бұрын жетуге таласқан еді. Сырттай қарасаңыз, сол бір тарихи кезең қайталанып жатқандай. Тек бұл жолғы нысан – Қызыл планета Марс.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА