Құрыш білекті құрылысшыларға құрмет
Құрыш білекті құрылысшыларға құрмет
422
оқылды

Талдықорғанда құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Басты мамандығы құрылысшы әрі ұзақ жылдар осы салаға жетекшілік еткен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, үздік құрылысшыларды марапаттады.

«Құрылыс пен сәулет өнері – адамзат пен бірге жасасып келе жатқан ежелгі кәсіптердің бірі әрі бүгінгі заманымыздың маңызды саласы. Осы салада еңбек ететіндер құрметті мамандықтың мәртебесін асырып келеді. Қоғам өзгеріп, дамыған сайын құрылысшы атты құрметті мамандыққа деген қа­жеттілік пен сұраныс артып келеді. Соған сәйкес құрылыс индус­триясы да дамып, жетіле түсуде. Осы орайда құрылыс саласында еңбек етіп жүрген сәулетші, жо­балаушы, инженер, тас қалаушы, сылақшы сияқты тағы басқа көп­теген кәсіп иелерінің әрқайсысы экономикамыздың дамуына, әлеу­меттік жағдайдың жақсаруына зор үлес қосып отырғанын айрықша атап өткен жөн. Соңғы жылдары Алматы облысында құрылыс саласы қарқынды даму үстінде. Басқаны айтпағанда, облыс орталығы Талдықорған қаласының келбеті, сәні мен сәулеті артып, ерекше көз тартады. Облыс аума­ғындағы сәнді әрі сәулетті ғима­раттар, қолайлы жолдар, жаңадан бой көтерген шағынаудандар, жасыл желекті саябақтар – осының бәрі де сіздердің еселі еңбек­те­ріңіздің арқасы. Оның игілігін бүгінде халық көріп отыр. Сол үшін сіздерге барша жетісу­лық­тардың атынан ризашылығымды білдіремін» деді А.Баталов өзінің құттықтауында.

Облыс басшысы өңірдегі құры­лыс саласының даму бағыттары, соның ішінде «Нұрлы жер», «7–20–25», «Бақытты отбасы» мем­лекеттік тұрғын үй бағдарла­ма­ла­рының орындалуы, әлеуметтік нысандар тұрғызу, жол жөндеу мен салу, инженерлік инфрақұры­лым­дарды дамыту шараларына да егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

Биыл құрылыс саласына 101,3 млрд теңге бөлініпті. Осы қаржының ішінде 784,5 мың шар­шы метр тұрғын үй салуға қа­рас­тырылған қаражат та бар. Жос­парлы жұмыстар арқасында осы көлемнің 364,8 мың шаршы метрі бірінші жартыжылдықта пай­далануға берілді. Республикалық және жергілікті бюджеттен қар­жылай қолдаудың арқасында 8 білім беру мекемесі, 10 денсаулық сақтау нысаны, 4 денешынықты­ру-сауықтыру кешені, ішкі істер ор­гандарының 18 нысаны пайдала­нуға беріледі. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасында айтылған студент жастарды жатақханамен қамту тапсырмасына сәйкес об­лыста 1 930 орынды жатақ­ха­налар құрылысы жоспарланған.

Халықты орталықтандырылған ауызсумен қамту барысында да үлкен жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы көр­сеткіш 91%-ға жеткізіледі. Соны­мен бірге, өңірдегі 20 ауданның 15-інде тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жүргізілуде. Соның ішінде облыс орталығы Тал­дықорған қаласын газдандыру 2020 жылы аяқталып, 55 мың абонент көгілдір отынға қосылады.

Облыс әкімі өңір құрылысшы­ларының былтыр жаңадан құ­рылған Райымбек ауданын көр­кейтуге, биыл апат садарынан қираған Арыс қаласын қалпына келтіруге үлестерін қосып жат­қанын да тілге тиек етіп, барша құрылысшыларға мықты денсау­лық, толағай табыс, еңбекте жетіс­тіктер тіледі. Құрылыс саласының үздік мамандарын марапаттады. Бір­қатар мемлекеттік меке­ме­лердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлеріне «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі, Индустрия және инфрақұ­ры­лым­дық даму министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғысхаттары табысталды.

Алматы облысының Құрметті азаматы Оралбек Жақиянов, «Алматы Prodaction Construction & Invest» ЖШС атқарушы директоры Нұрсұлтан Жұмабек, «НСК Аста­на Құрылыс» АҚ президенті Қай­рат Сандықпаев, «Талдықорған жолдары» ЖШС техникалық өндіріс бөлімінің жас маманы Алмас Ақжалбеков әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, лебіздерін білдірді.

 

Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы