Студенттік жылдарда жанымнан екі елі ажырамаған ең жақын достарымның бірі Шәкизада еді. Оқуға түскен күннен бастап, диплом алғанға дейін бірге жүрдік. Кейін де байланысымыз үзілген емес. Таныстығымыз 1970 жылы шілде айында басталды. Абитуриент едік. Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан келген қарапайым, ақкөңіл жігіт мен сияқты мектепті жаңа бітіріп келген бозбалаларды өзімен тең көретін. Әскерден жақында келген екен. Айтар әңгімесі көп. «Үш жүзден астам мақала жаздым» деді бір күні.
Бәріміз таңғалдық. Емтихан қабылдаған мұғалімдер де «дап-дайын журналист қой мынау» деп риза болыпты оған. Алғашқы екі пәннен «5» деген баға алғанда Шәкизадаға қызықпаған адам қалған жоқ. Кейінгі екі пәннен де сынақты сәтті тапсырған. Сонымен ол журфактың 101-группасына, мен 102-группасына қабылдандым. Абитуриенттік күндерде бір-бірімізге бауыр басып қалған екенбіз, кейін ажырамастан бірге жүрдік. Алғашқы жылы жатақхана жетіспегендіктен жалдамалы пәтерде тұруға тура келді. Онда да бірге тұрдық. Жақтақханадан орын берілгенде де жұбымыз жазылған емес.
Шәкеңнің жүрген жері – күлкі-базар. Қасында жүрсең, көңілің көтеріліп, жаның жадырайды. Әсілі, мен де оған ұнаған болуым керек, сабақтан шыққан бойда дереу тауып алады. Шәкең бірінші курстың өзінде-ақ жазғыштығын айқын дәлелдеді. Мақалалары сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне жиі шығатын. Кейде редакцияларға барамыз. Есімдері елге таныла бастаған қаламгерлерді көріп, қуанып қайтамыз. Төртінші курста Шәкең талайдың арманы болған «Лениншіл жасқа» әдеби қызметкер болып қабылданды.
Шәкеңнің журналистік мамандықтағы мықтылығы туралы әріптестері айтып та, жазып та жүр ғой. Сондықтан оған көп тоқталғым келмей отыр. Досымның адами қасиеттері, мінезіндегі ерекшеліктері, күлкі тудыратын аңғалдығы туралы айту қызық шығар деп ойлаймын. Айтпағым, екінші курстан кейін үйленіп, шаңырақ көтерушілер көбейе бастады. Мен – асабамын. Курстастарға кезек келгенде:
– Сөз қазақтың Сергей Киров атындағы (қазір әл-Фараби атында) мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің үшінші курс студенті, запастағы ефрейтор, ұзындығы 40 метр «Журналист» қабырға газетінің редакторы, республикалық «Лениншіл жас» газетінің штаттан тыс тілшісі, әскерде десант болып, парашютист ретінде 25 рет аспаннан секіріп, туған ауылына 75 сом ақшамен оралған Шәкизада ибн-Құттаяқов әл-Қармақшы мырзаға беріледі, – деп микрофон арқылы мәнерлеп хабарлаймын. Шәкең мәз болады. Мынау болайын деп тұрған жігіт екен ғой деп қонақтар бастарын шайқаса, достарымыз қыран-топан күлкіге қарық болады. Келесі тойларда сөз беруді кешіктіріп жатсам, мені шақырып алып, «анау күнгідей етіп дұрыстап хабарлап, тезірек сөз берші маған» деп ескертіп қояды. Онысы өзіне әдемі жарасады.
Шәкизада ибн-Құттаяқов әл-Қармақшы деген есімді сол кезде менің біраз достарым қызық көріп айтып жүретін. Бір күні туған жерім Түркістанға келсем, осыны естіген Өмірбай Сәуірбаев деген ақын ағам: «Менің де аты-жөнімді Шәкизада досыңдікіндей етіп берші» дейді. Әкесінің аты Балғабай болатын. Онда сіз Өмір-Сәуір ибн-Балғауын әл-Түркістани болыңыз дедім. Біраз жыл осылай атап, күліп жүрді.
Төртінші курста Заманбек Әбдешев, Сауытбек Абдрахманов, Шәкизада Құттаяқов бәріміз бір бөлмеде тұрдық. Күн сайын жатар алдында алдымен анекдот, сосын қорқынышты әңгімелер айтамыз. Шәкеңнің кезегі келетін күні жігіттерге «бірінші анекдотқа күлейік, кейінгілеріне үндемейік» деп айтып қоямын. Сонымен бастайды. Уәде бойынша біріншісіне күлеміз. Содан кейін «ы-ы-ы-ы» деп тыңдаған сыңай білдіріп жатамыз да ұйықтап қаламыз. Ертеңіне Шәкең ыза болады, менің анекдоттарыма күлмейсіңдер деп өкпелейді. Оның өзі бір қызық бізге.
Біздің бөлмеде Оспанхан Әубәкіровтің бір кітабы болатын. Бір күні жарықты өшіріп, ұйқыға кірісе басағанымыз сол еді, бір аяғын көтеріп алған Шәкең кітап оқуға кірісіп кетті. «Бөлменің іші қараңғы, қалай оқып жатырсың» десек, «білмеймін, маған осындай қараңғы бөлмеде оқу өте ыңғайлы» деп күледі. Біз де күлеміз оған. Бір кезде әлгі көтеріліп тұрған аяғы талып, шаршап төмен қарай түсе бастайды. «Шәке, аяғың түсіп кетті ғой» деймін мен. «А-а-а» деп қайтадан көтеріп алады. Мінезі баладай, көңілі даладай досымыздың осындай қылықтары көп еді.
Бірінші курстағы мына жағдай әлі есімде. Қызылордалық Шәкизада Құттаяқов және атыраулық Кәрім Бахриденов үшеуміз Кірпіш зауыт көшесінде пәтер жалдап тұрамыз. Бұлар – әскери борыштарын өтеп келіп, оқуға түскен азаматтар. Екеуі әзілдеп: «Біз өмір көріп келдік, сен сарыауыз балапансың, кеше ғана оныншы сыныпта оқып жүрген бала едің, бүгін студентсің, сондықтан өмір дегеннің не екенін түсіну саған әлі ерте» деп үнемі маған қалжыңдап жүреді. Бір күні үшеуіміз Бақытгүл Әлішева (оқу бітіргеннен кейін Қазақ теледидарының дикторы болған) дейтін курстас қыздың туған күнін Алматы маңайындағы ауылдардың бірінде тойлап, қалаға таң атып, күн шыққанда жеттік. Қараша айының соңғы күндері. Жерде қар бар, күн қысқа. Кешке дейін тырп етпестен ұйықтаған үшеудің арасынан бірінші болып кешке таман мен ояндым. От жағып, үйді жылыттым. Іле-шала тамақ қамына кірістім. Сосын, өмір көрген екеуді оятайын деп Шәкизаданың көрпесін тартсам, ол көзін сығырайтып, ояна кетті.
– Тәңірдің тағы бір таңы атты, Шәке. Сабаққа бару керек, тұр, – дедім.
– Сұмдық-ай, 19 сағат ұйықтағанмын ба? – деп сағатына қараған Шәкизада созылып тұра бастағанда, Кәрім де оянды. Сабаққа баратын мезгіл жақындап келеді.
– Сорпаның күрішін жаңа салып едім, әлі пісе қойған жоқ. Күтесің бе, Шәке? – деп қазанның қақпағын ашып жатсам, «қалғаны іште піседі, әкеле бер, – деді де Шәкизада шала сорпаның бір тостағын ішіп алып, заттарын жинастыра бастады.
– Немене, сендер сабаққа бармайсыңдар ма?
– Мен емханаға баруым керек, – деді Кәрім.
– Мені әскери комиссариат шақырған, сонда баруым керек, – дедім мен.
– Жарайды ендеше, мен кеттім, – деп Шәкизада үйден шықты.
– Сен үндеме, бұл қазір бір айналып қайтып келеді, – дедім мен Кәрімге қарап.
Арада бір сағаттай уақыт өткенде ыржиып, Шәкизада келді.
Төртінші курста Заманбек Әбдешев, Сауытбек Абдрахманов, Шәкизада Құттаяқов бәріміз бір бөлмеде тұрдық. Күн сайын жатар алдында алдымен анекдот, сосын қорқынышты әңгімелер айтамыз. Шәкеңнің кезегі келетін күні жігіттерге «бірінші анекдотқа күлейік, кейінгілеріне үндемейік» деп айтып қоямын. Сонымен бастайды. Уәде бойынша біріншісіне күлеміз. Содан кейін «ы-ы-ы-ы» деп тыңдаған сыңай білдіріп жатамыз да ұйықтап қаламыз. Ертеңіне Шәкең ыза болады, менің анекдоттарыма күлмейсіңдер деп өкпелейді. Оның өзі бір қызық бізге.
– Сабақ қайда? – дедім.
– Қайдағы сабақ? Таң атты деп мені алдап жіберіпсің, кеш енді батыпты ғой.
– Оны қайдан білдің?
– Үйден шыға бергенім сол еді, көршінің балалары көшеде сырғанақ теуіп жүр екен. Бұлары несі, таңертең ойнамаушы еді ғой деп, №32 автобустың аялдамасына барсам, көлікке мініп жатқан адамдарға қарағанда түсіп жатқан адамдар көп. Таң атты ма әлде күн батты ма? – деп сұрайын десем, денің дұрыс па деп айта ма деп ұялдым. Қой, не болса да, шамалы шыдай тұрайын, егер жарық көбейсе, таңның атқаны, ал егер қараңғылық көбейсе, кештің батқаны деп біраз күттім. Сөйтсем, қараңғылық қоюланып бара жатыр. Сосын қайтып келдім, – дейді ішек-сілесі қатқан Шәкизада.
«Өмір көрдім деп мақтана бересің. Соған қарағанда өмірді мен көрген сияқтымын. Әйтпесе, әскерден келген дап-дардай жігіт мектептен енді шыққан сарыауыз балапанның «таң атты» дегеніне сеніп, кешкілік мезгілде сабаққа бара ма?» дедім. Осыдан бастап ол маған «өмір көріп келдім» деген сөзді айтпайтын болған.
Еңбек жолым Қазақ теледидарында сәтті басталып еді, бірақ ұзаққа созылмады. «Жалғыз баласың, ауылға қайт» деп анам Түркістан қаласына қайтарып алды. Аудандық газетке жұмысқа тұрдым. Республикалық басылымдарда қалған Шәкизада Құттаяқов, Сауытбек Абдрахманов, Ерғали Сағатов, Несіп Жүнісбаев, курсы бөлек болғанмен, студенттік жылдарда қатарлас жүрген Жанболат Ауыпбаев сияқты достарым оқта-текте іссапармен Оңтүстік өңірге келіп қалады. Кездесеміз, студенттік жылдарды еске аламыз.
Шәкең бесінші курста жүргенімізде «Лениншіл жастың» редакциясында қалжыңдасып отырып, телефон арқылы бір қызбен танысыпты. Бұл 1975 жылғы қыстың соңғы кезі еді. «Саған сол қызды көрсетемін, таныстырамын» деп мені мейрамханаға шақырды. Қыздың есімі Дариға екен. Қасында құрбысы бар. Төртеуміз жақынырақ танысып, әзіл-күлкімен әдемі отырдық. Көктемде, сәуірдің соңғы аптасында Шәкизада мен Дариға бас қосып, Алматыда үйлену тойларын өткізді. Әлі есімде, «Лениншіл жас» газетінің жақсы-жайсаңдары жиналып, бірі өлең оқып, енді бірі ән салып, домбыра тартқан. Асаба Аян Нысанәлин ағамыз болған. Ұжым басшысы, белгілі қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз бата берген.
Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздігін жариялап жатқан кезде менің аңсарым Алматыға ауа берді. Сөйтіп, тез арада қоныс аударуға тура келді. Алматылық болғанымызға ерекше қуанған достарымның бірі Шәкизада мен Дариға еді. Ол кезде Шәкең Президенттің баспасөз қызметінде істейтін. Мен 1993 жылдың басында «Қазақстан» телерадио компаниясының «Шарайна» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына қабылдандым. Шәкең маған ақыл-кеңесін айтады, бағыт-бағдар береді. Тележурналистика саласында қандай жетістікке жетсем, оған Шәкеңнің үлесі бар деп есептеймін.
«Өмір деген өрекпіген бір ағын, әркім одан сыбағасын даулайды» демекші, тіршілік өте күрделі нәрсе ғой. Оны әркім әрқалай өткізеді. Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болып жатады. Шәкизада мен Дариғаның өмірлері ұзақ болмады. Өкінішті. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Қуанатынымыз, арттарында ата жолын жалғастыратын ұрпағы бар. Алла соларға ұзақ та мағыналы ғұмыр берсін.
Тілеуқабыл МЫҢЖАСАР,
Алматы облысының
Құрметті азаматы