Бір жағы – баладай, бір жағы данадай

Бір жағы – баладай, бір жағы данадай

Студенттік жылдарда жанымнан екі елі ажырамаған ең жақын достарымның бірі Шәкизада еді. Оқуға түскен күннен бастап, диплом алғанға дейін бірге жүрдік. Кейін де байланысымыз үзілген емес. Таныстығымыз 1970 жылы шілде айында басталды. Абитуриент едік. Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан келген қарапайым, ақкөңіл жігіт мен сияқты мектепті жаңа бітіріп келген бозба­лаларды өзімен тең көретін. Әскерден жақында келген екен. Айтар әңгімесі көп. «Үш жүзден астам мақала жаздым» деді бір күні.

Бәріміз таңғалдық. Емтихан қабылдаған мұғалімдер де «дап-дайын журналист қой мынау» деп риза болыпты оған. Алғашқы екі пәннен «5» деген баға алғанда Шәкизадаға қызықпаған адам қалған жоқ. Кейінгі екі пәннен де сынақты сәтті тапсырған. Соны­мен ол журфактың 101-груп­пасына, мен 102-груп­пасына қабылдандым. Аби­туриент­тік күндерде бір-бірімізге бауыр басып қалған екенбіз, кейін ажырамастан бірге жүрдік. Алғашқы жылы жатақхана же­тіс­пегендіктен жалдамалы пәтер­де тұруға тура келді. Онда да бірге тұрдық. Жақтақханадан орын берілгенде де жұбымыз жазылған емес.

Шәкеңнің жүрген жері – күлкі-базар. Қасында жүрсең, көңілің көтеріліп, жаның жады­райды. Әсілі, мен де оған ұнаған болуым керек, сабақтан шыққан бойда дереу тауып алады. Шәкең бірінші курстың өзінде-ақ жазғыштығын айқын дәлелдеді. Мақалалары сол кездегі «Ленин­шіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне жиі шығатын. Кейде редакцияларға барамыз. Есімдері елге таныла бастаған қалам­герлерді көріп, қуанып қайтамыз. Төртінші курста Шәкең талайдың арманы болған «Лениншіл жасқа» әдеби қызметкер болып қабыл­данды.

Шәкеңнің журналистік маман­дықтағы мықтылығы тура­лы әріптестері айтып та, жазып та жүр ғой. Сондықтан оған көп тоқталғым келмей отыр. Досым­ның адами қасиеттері, мінезіндегі ерекшеліктері, күлкі тудыратын аңғалдығы туралы айту қызық шығар деп ойлаймын. Айтпағым, екінші курстан кейін үйленіп, шаңырақ көтерушілер көбейе бастады. Мен – асабамын. Курс­тас­тарға кезек келгенде:

– Сөз қазақтың Сергей Киров атындағы (қазір әл-Фараби атында) мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің үшінші курс студенті, запастағы ефрейтор, ұзындығы 40 метр «Журналист» қабырға газетінің редакторы, республикалық «Лениншіл жас» газетінің штат­тан тыс тілшісі, әскерде десант болып, парашютист ретінде 25 рет аспаннан секіріп, туған ауылына 75 сом ақшамен оралған Шәкизада ибн-Құттаяқов әл-Қармақшы мырзаға беріледі, – деп микрофон арқылы мәнерлеп хабарлаймын. Шәкең мәз болады. Мынау болайын деп тұрған жігіт екен ғой деп қонақтар бастарын шайқаса, достарымыз қыран-топан күлкіге қарық болады. Келесі тойларда сөз беруді кешіктіріп жатсам, мені шақырып алып, «анау күнгідей етіп дұрыс­тап хабарлап, тезірек сөз берші маған» деп ескертіп қояды. Онысы өзіне әдемі жарасады.

Шәкизада ибн-Құттаяқов әл-Қармақшы деген есімді сол кезде менің біраз достарым қызық көріп айтып жүретін. Бір күні туған жерім Түркістанға келсем, осыны естіген Өмірбай Сәуірбаев деген ақын ағам: «Менің де аты-жөнімді Шәкизада досыңдікіндей етіп берші» дейді. Әкесінің аты Балғабай болатын. Онда сіз Өмір-Сәуір ибн-Балғауын әл-Түркіс­тани болыңыз дедім. Біраз жыл осылай атап, күліп жүрді.

Төртінші курста Заманбек Әбдешев, Сауытбек Абдрахманов, Шәкизада Құттаяқов бәріміз бір бөлмеде тұрдық. Күн сайын жатар алдында алдымен анекдот, сосын қорқынышты әңгімелер айтамыз. Шәкеңнің кезегі келетін күні жігіттерге «бірінші анекдотқа күлейік, кейінгілеріне үндемейік» деп айтып қоямын. Сонымен бастайды. Уәде бойынша бірін­шісіне күлеміз. Содан кейін «ы-ы-ы-ы» деп тыңдаған сыңай біл­діріп жатамыз да ұйықтап қаламыз. Ертеңіне Шәкең ыза болады, менің анекдоттарыма күл­мейсіңдер деп өкпелейді. Оның өзі бір қызық бізге.

Біздің бөлмеде Оспанхан Әубәкі­ровтің бір кітабы болатын. Бір күні жарықты өшіріп, ұйқыға кірісе басағанымыз сол еді, бір аяғын көтеріп алған Шәкең кітап оқуға кірісіп кетті. «Бөлменің іші қараңғы, қалай оқып жатырсың» десек, «білмеймін, маған осындай қараңғы бөлмеде оқу өте ыңғай­лы» деп күледі. Біз де күлеміз оған. Бір кезде әлгі көтеріліп тұр­ған аяғы талып, шаршап төмен қа­рай түсе бастайды. «Шәке, аяғың түсіп кетті ғой» деймін мен. «А-а-а» деп қайтадан көтеріп алады. Мінезі баладай, көңілі даладай досымыз­дың осындай қылықтары көп еді.

Бірінші курстағы мына жағдай әлі есімде. Қызылордалық Шәки­зада Құттаяқов және атыраулық Кәрім Бахриденов үшеуміз Кірпіш зауыт көшесінде пәтер жалдап тұрамыз. Бұлар – әскери борыштарын өтеп келіп, оқуға түскен азаматтар. Екеуі әзілдеп: «Біз өмір көріп келдік, сен сарыауыз балапансың, кеше ғана оныншы сыныпта оқып жүрген бала едің, бүгін студентсің, сондықтан өмір дегеннің не екенін түсіну саған әлі ерте» деп үнемі маған қалжыңдап жүреді. Бір күні үшеуіміз Бақытгүл Әлішева (оқу бітіргеннен кейін Қазақ теледидарының дикторы болған) дейтін курстас қыздың туған күнін Алматы маңайындағы ауылдардың бірінде тойлап, қалаға таң атып, күн шыққанда жеттік. Қараша айының соңғы күндері. Жерде қар бар, күн қысқа. Кешке дейін тырп етпес­тен ұйықтаған үшеудің арасынан бірінші болып кешке таман мен ояндым. От жағып, үйді жылыт­тым. Іле-шала тамақ қамына кірістім. Сосын, өмір көрген екеуді оятайын деп Шәкизаданың көрпесін тартсам, ол көзін сығы­райтып, ояна кетті.

– Тәңірдің тағы бір таңы атты, Шәке. Сабаққа бару керек, тұр, – дедім.

– Сұмдық-ай, 19 сағат ұйық­та­­ғанмын ба? – деп сағатына қара­ған Шәкизада созылып тұра бас­тағанда, Кәрім де оянды. Сабаққа баратын мезгіл жақын­дап келеді.

– Сорпаның күрішін жаңа са­лып едім, әлі пісе қойған жоқ. Күтесің бе, Шәке? – деп қазан­ның қақпағын ашып жатсам, «қал­ғаны іште піседі, әкеле бер, – деді де Шәкизада шала сорпа­ның бір тостағын ішіп алып, заттарын жинастыра бастады.

– Немене, сендер сабаққа бар­майсыңдар ма?

– Мен емханаға баруым керек, – деді Кәрім.

– Мені әскери комиссариат шақырған, сонда баруым керек, – дедім мен.

– Жарайды ендеше, мен кеттім, – деп Шәкизада үйден шықты.

– Сен үндеме, бұл қазір бір айна­лып қайтып келеді, – дедім мен Кәрімге қарап.

Арада бір сағаттай уақыт өт­кенде ыржиып, Шәкизада келді.

Төртінші курста Заманбек Әбдешев, Сауытбек Абдрахманов, Шәкизада Құттаяқов бәріміз бір бөлмеде тұрдық. Күн сайын жатар алдында алдымен анекдот, сосын қорқынышты әңгімелер айтамыз. Шәкеңнің кезегі келетін күні жігіттерге «бірінші анекдотқа күлейік, кейінгілеріне үндемейік» деп айтып қоямын. Сонымен бастайды. Уәде бойынша бірін­шісіне күлеміз. Содан кейін «ы-ы-ы-ы» деп тыңдаған сыңай біл­діріп жатамыз да ұйықтап қаламыз. Ертеңіне Шәкең ыза болады, менің анекдоттарыма күл­мейсіңдер деп өкпелейді. Оның өзі бір қызық бізге. 

– Сабақ қайда? – дедім.

– Қайдағы сабақ? Таң атты деп мені алдап жіберіпсің, кеш енді батыпты ғой.

– Оны қайдан білдің?

– Үйден шыға бергенім сол еді, көршінің балалары көшеде сырғанақ теуіп жүр екен. Бұлары несі, таңертең ойнамаушы еді ғой деп, №32 автобустың аялдама­сына барсам, көлікке мініп жат­қан адамдарға қарағанда түсіп жатқан адамдар көп. Таң атты ма әлде күн батты ма? – деп сұрайын десем, денің дұрыс па деп айта ма деп ұялдым. Қой, не болса да, шамалы шыдай тұрайын, егер жарық көбейсе, таңның атқаны, ал егер қараңғылық көбейсе, кештің батқаны деп біраз күттім. Сөйтсем, қараңғылық қоюланып бара жатыр. Сосын қайтып келдім, – дейді ішек-сілесі қатқан Шәкизада.

«Өмір көрдім деп мақтана бересің. Соған қарағанда өмірді мен көрген сияқтымын. Әйтпесе, әскерден келген дап-дардай жігіт мектептен енді шыққан сарыауыз балапанның «таң атты» дегеніне сеніп, кешкілік мезгілде сабаққа бара ма?» дедім. Осыдан бас­тап ол маған «өмір көріп кел­дім» деген сөзді айтпайтын болған.

Еңбек жолым Қазақ теле­дидарында сәтті басталып еді, бірақ ұзаққа созылмады. «Жалғыз баласың, ауылға қайт» деп анам Түркістан қаласына қайтарып алды. Аудандық газетке жұмысқа тұрдым. Республикалық басы­лым­дарда қалған Шәкизада Құттаяқов, Сауытбек Абдрах­манов, Ерғали Сағатов, Несіп Жүнісбаев, курсы бөлек болған­мен, студенттік жылдарда қатар­лас жүрген Жанболат Ауыпбаев сияқты достарым оқта-текте іссапармен Оңтүстік өңірге келіп қалады. Кездесеміз, студенттік жылдарды еске аламыз.

Шәкең бесінші курста жүрге­ні­мізде «Лениншіл жастың» редак­циясында қалжыңдасып оты­рып, телефон арқылы бір қыз­бен танысыпты. Бұл 1975 жыл­ғы қыстың соңғы кезі еді. «Саған сол қызды көрсетемін, таныстырамын» деп мені мейрам­ханаға шақырды. Қыздың есімі Дариға екен. Қасында құрбы­сы бар. Төртеуміз жақы­нырақ танысып, әзіл-күлкімен әдемі отырдық. Көктемде, сәуірдің соңғы аптасында Шәкизада мен Дариға бас қосып, Алматыда үй­лену тойларын өткізді. Әлі есімде, «Лениншіл жас» газетінің жақсы-жайсаңдары жиналып, бірі өлең оқып, енді бірі ән салып, домбыра тартқан. Асаба Аян Нысанәлин ағамыз болған. Ұжым басшысы, белгілі қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз бата берген.

Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздігін жариялап жатқан кезде менің аңсарым Алматыға ауа берді. Сөйтіп, тез арада қоныс аударуға тура келді. Алматылық болғанымызға ерекше қуанған достарымның бірі Шәкизада мен Дариға еді. Ол кезде Шәкең Президенттің баспасөз қызметін­де істейтін. Мен 1993 жылдың басын­да «Қазақстан» телерадио ком­паниясының «Шарайна» ақпараттық-сараптамалық бағдар­ламасына қабылдандым. Шәкең маған ақыл-кеңесін айта­ды, бағыт-бағдар береді. Теле­журналистика саласында қандай жетістікке жетсем, оған Шәкең­нің үлесі бар деп есептей­мін.

«Өмір деген өрекпіген бір ағын, әркім одан сыбағасын даулайды» демекші, тіршілік өте күрделі нәрсе ғой. Оны әркім әрқалай өткізеді. Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болып жатады. Шәкизада мен Дариғаның өмірлері ұзақ болма­ды. Өкінішті. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Қуанатынымыз, артта­рында ата жолын жалғасты­ра­тын ұрпағы бар. Алла соларға ұзақ та мағы­налы ғұмыр берсін.

 

Тілеуқабыл МЫҢЖАСАР,
Алматы облысының
Құрметті азаматы