Бақылауды бәсеңсітіп алған
Бақылауды бәсеңсітіп алған
5,141
оқылды
«Соңғы кезде бірқатар аудан, қала әкімдері коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жұмыстарын босаңсытып алды. Бақылауды бетімен жі­берген. Әрине, оған кейбір облыстық бақылаушы құрылым  басшыларының сырқаттанып қалуының да әсер еткенін жоққа шығаруға болмады. Дегенмен жауапкершіліктің ұмыт қалуы мен бейқамдықтың да кесірі тигені анық. Белгісіз себептердің сал­дарынан жедел  штабтың жұмысы тоқтап қалып,  инфекциялық және провизорлық бөлімдердің жұмыс алгоритмі бұзылған. Жекелеген жағдайларда коронавируспен ауырған азаматтармен байланыста болған, «қызыл аймақта» мін­деттерін атқарған медицина мамандарының  қоғамдық көлікпен жұмысқа қатынап, отбасы ортасына оралып жүргені де анықталды. Аудан, қала әкімдерімен өткізген селектор жиыны барысында Талдықорған, Текелі қалалары мен кейбір аудандарда осындай жағдайлардың болғанын анықтадық. Бұл– ең алдымен әкімдердің, Ден­саулық сақтау басқармасы бас­шылығының тарапынан кеткен олқылықтар,  медицина мекемелері бас дәрігерлерінің санитарлық нормаларды өрескел бұзуға жол бергенінің салдары. Осының барлығы және басқа да факторлар, әсіресе Талдықорған мен Текелі қалаларында індеттің жылдам артуына себеп болды. Бұл қалаларда коронавирустың өсімі сәкесінше 11-12%-ға  жеткен», –  деді Алматы облысы әкімі өзінің жазбасында. Өңір басшысы барлық аудан, қала әкімдеріне халық арасында вирустың одан әрі таралуына жол бермеудің тиісті шараларын дереу  қабылдауды, облыс тұрғындарына тиісті деңгейде ем жасауды ұйым­дастыруды, стационарларды қажетті төсек санымен, дәрі-дәрмекпен, барлық қажетті құ­рал-жабдықтармен, соның ішінде ӨЖЖ аппараттарымен қамтуды тапсырды. Қысқа мерзім ішінде халық үшін ПЦР талдау жасайтын тағы бірнеше қосымша зертханалар ашу жүктелді. Осы жұмыстардың жай-жапсары мен  нәтижелері туралы жедел штабты күнделікті хабардар етіп отыру ескертілді. Мұндай шараларды қабылдауға қажетті барлық мәселелер шешілген. Облыстық бюджет қайта қаралып, барлық қажетсіз бағдарламалар қысқартылып, мұқтаж адамдарға медициналық көмек көрсетуге және медицина мамандарын қолдауға қажетті көлемде қаржы бөлінді. Жалпы, коронавируспен күрес шараларының өзіне ға­на жергілікті бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаржы қарас­тырылды. Сондықтан дәрі-дәрмек пен төсек-орын тапшылығы, құрал-жабдықтар жетіспеушілігі болмауы тиіс.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы