«Астананың» төрт ойыншысы вирус жұқтырған
«Астананың» төрт ойыншысы вирус жұқтырған
285
оқылды
Жуырда ел чемпионатындағы бас клубтың бірі саналатын «Ас­тана» футбол командасының 4 ойыншысы коронавирус жұқ­тырып алды. Ізін ала осы ойыншыларға байланысты кл­уб ұжымы премьер-лига коман­далары арасындағы Қазақстан чемпионатына қатыса алмайтыны жайлы ақпарат тарады. Бұл ақ­паратты клубтың ресми сайтында бас бапкер Михаил Билек те қостаған сыңай танытып, мә­лімдеме жасаған екен. Че­хиялық маманның айтуынша, «Астана-Аренаны» қайта қалпына келтіруге жауапты адамдар сыр­қаттанып жатыр,  салдарынан ста­дионның жұмысы бітпей, барлық жоспар кейінге қалған. – Қазір қиын жағдайдамыз. Соңғы кезде толық құрамда бір жаттығу да өткізбедік. Төрт адам пневмониямен жатып қалды, әрине  олар жаттыға алмайды, қайта қосылғандарын күтеміз. Одан бөлек, стадион дайын емес, сондықтан әр жаттығу кестесін өзгертіп отырамыз. Мұның бә­рі бізге ауыр. Клубтың негізгі құрамдағы төрт ойыншысынан COVID-19 анықтауға тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті. Бә­рі­нен бұрын симптомсыз та­сымалдаушылар осы уақытқа дейін командамен бірге жат­тыққаны қорқытады. Яғни, ауру басқа ойыншылар мен клуб әкімшілігінің арасында таралуы әбден мүмкін, – дейді М.Билек. Футбол клубтарына бай­ланысты мұндай келеңсіздік алғаш рет болып тұрған жоқ. Маусым айында «Шахтер» мен «Атырау» клубтары Қазақстан біріншілігінің қайта басталуына орай ұйымдастырылған жолдас­тық  кездесуін өткізбейтін  болған еді. Сол кезде «Шахтердің» бір­неше ойыншысының матч алдында температурасы көтерілген екен. Бірақ фут­болшылар содан бір күн бұ­рын ғана COVID-19 індетіне тест тапсырып, барлығының нәтижесі жақсы болған. Одан кейін ойыншылардың барлығы қайта тест тапсырғанымен, қорытындысы жария болған жоқ. Бұл тұста тағы бір маңызды жайт бар.  Елімізде «Астана» мен «Тобыл» секілді беткеұстар футбол клубтары жуырда Еурокубок бәсекелеріне жолдаманы сарап­қа  салады. Ол үшін барлық  фут­болшылар  бабында  болуы тиіс.  Ал бұл жағдай оларға кедергі келтіріп отырғаны анық. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының хабарлауынша, тамыздың басында ел чем­пионаты мен Еурокубокқа жолдаманы сарапқа салатын ойындар қайта басталуы қажет. Жоғарыда «Астана» футбол клубы ел чемпионатына қатысудан бас тартуы мүмкін екенін де айтқан болатынбыз. Команда ол үшін кәсіпқой футбол лигасымен келісімшартын бұзуға мәжбүр болады. Бірақ  лига мүшелері клуб тарапынан мұндай шағым келіп түспегенін айтты. – «Астана» футбол клубынан ел чемпионатына қатысудан бас тарту жайлы шағым түскен жоқ. Оның үстіне құрама Еурокубокқа қатысуды жоспарлап отыр. Бұл мәселе бізді де алаңдатады. Сол себепті жақында Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс жолдадық. Ұсыныс бойынша 25 шілдеден бастап  барлық клубтарды Алматы қаласына жинауымыз қажет. Бәрі бір жерде оқшауланады. Алматыда 4 стадион бар, кезегімен ойындарын өткізе берсе дегенбіз. Өйткені клубтар бабында болмаса, мәселе сол кезде ушығады. Еурокубоктан тыс қалуы да ғажап емес. Егер осы ұсынысымызды қос министрлік қабылдамаса, бізде басқа амал жоқ. 3 тамыздан бастап әр қалада жанкүйерсіз матчтарды өткізе береміз, – дейді Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының баспасөз хатшысы Нұркен Мыр­зағалиев. Демек, «Астана» футбол клубы негізгі құрамдағы 4 ойыншының сырқаттанғанына қарамастан  барлық додаларға қатыса бермек. Алайда клуб кәсіпқой футбол лигасына ел чемпионаты басталар уақытты ұзартуды сұрап, өтініш жолдаған екен. Бірақ лига талқыға сала келе, бір команда үшін уақыт­ты шығындай алмайтынын жеткізген. Ал Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Мұратбек Әділбекұлы болса, клуб 4 ойыншы үшін ел чемпионатынан бас тартатын болса, командаға тиген соққы еселене түсетінін айтады. – Еурокубок – басты мәселе.  Өзге елдерде жарыс тоқтаған жоқ. Сол үшін біріншіліктен бас тарту – жансақтық  болмақ. Клуб ұжымы  мұны жақсы түсінеді. Бұл қадамға бара қоймасы анық. Егер солай шешсе, кәсіпқой футбол лигасымен келісімшартты бұзып қана қоймай, шығынға ұшырауы да кәміл, – деді. Елдегі футболшылар ға­на емес, әлемге танымал фут­бол клубтарының даңқты ойын­шылары да вирус зардабын тартты. Сәуір айының басында Еуропадағы атақты деген 20-дан астам футболшының ін­дет жұқтырғаны анықталған болатын. Сол кезде италиялық «Ювентустың» 3 ойыншысы сырқаттанды. Артынша барлығы сауығып, клубтар  жанкүйерсіз матч өткізуді бастап кеткен еді. Қазақстанда футболшылардан өзге, басқа спортшылардан вирус табылған кездер болды. Мысалы, маусым айының орта ширегінде Қазақ күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы Айбек Нұғымаров індет жұқтырып, ауруханаға түс­ті. Сондықтан коронавирус спорттың қай саласына болса да, залалын тигізгені аян.     Түйін: Егер пандемия ауыз­дықталмайтын болса, футболдан 2022 жылғы Әлем чемпионаты да жанкүйерсіз өтуі мүмкін деген болжам бар. Осыдан кейін спорт саласы көп қиындыққа ұшырарына күмән жоқ. Ал футбол клубтары жүлде алудан бұрын, ойыншылардың денсаулығына алаңдап әбігерге түсетіні анық.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ