Апатты мектептер азаймай тұр
Апатты мектептер азаймай тұр

Қазақстанда мектептер «Білім күніне» дайын емес! Салалық министрлік мәліметінше, 129 білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұл – түбегейлі жөнделуі қарастырылған мектеп­тердің 40 пайызы ғана. Қалған 60%-ында немесе 194 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұл деректер Премьер-ми­нистр Асқар Ма­миннің төра­ғалығымен өткен Үкіметтің оты­рысында жария етілді. Жиында белгілі болғанындай, жалпы алғанда, елімізде 716 мектеп күр­делі жөндеуді қажет етеді екен. Алайда әзірге тек 323 мектепке ғана бюд­жет­тен қаржы бөлінген. Олардың жарты­сы­нан астамы білімге шөліркеген шәкірт­терге есігін айқара ашуға әзір болмай, күні бүгінге дейін құрылыстың шаң-тозаңына бө­гіп жатыр. Өзге мектептердің де сәулеті мен сән-салтанаты келісіп отырғаны ша­малы: 6 678 білім ордасына ағымдағы жөн­деу жүргізуге тура келгені анықталды.

Бір ғажабы, оқушыларды бірнеше ауы­сыммен таң азаннан кеш қарайғанша оқы­туға мәжбүр мектептер саны азаю ор­нына тіпті көбейіп кетіпті. Мәселен, БҒМ бас­шысы бол­ған Ерлан Сағадиев өткен жы­лы Қазақстанда үш ауысымды 118 мек­теп барлығын хабарлады. Олардың көбі Алматы (27), Ақтөбе (24), Ақмола (12), Аты­рау (11), Түркістан (10) об­лыс­­тарында шоғырланған. Өзге өңірлердің еншісінде де бірлі-жарымы бар болған.

Министр бұл проблеманың шешілмеуінің себебі ретінде халық басының өсуін және көші-қон үдерістерін атады. Ол 2017 жы­лы елордаға еліміздің өзге өңір­лерінен шамамен 80 мың адам, оның ішінде 17 мыңдай бала кө­шіп келгенін мысалға келтірді. Бұл бас қалада 15 жаңа мектеп салу қажеттілігін тудырған. Бірақ соншасы тұрғызылмағандықтан, білім шенеуніктері ол балаларды қолданыстағы онсыз да лықа толған мектептерге тықпалау жолымен шешкен. Біреуде ащы кекесін тудыруы мүмкін, бірақ Қазақстан астанасының өзінде оқушылар сыймағандықтан, есіктің аузына дейін және мұғалім үстелімен қатарласа парта қойып тастаған мектептер жетеді.

Үкіметтің кешегі отырысында жаңа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жариялаған дерекке жүгінсек, мемлекетімізде үш ауысымдағы мектептер саны биыл 128-ге дейін жетіпті. Олар­дың ең көп көлемі Алматы (34) облысында, Шымкент қаласында (19), сондай-ақ Ақтөбе (14), Аты­рау (14), Ақмола (11) өңірлерінде тіркелуде. Және бұл сан алда елеу­лі түрде артпақ.

Ал шатырынан су ағып, қа­бырғасы қақ жарылып, құлағалы тұрған мектептер саны 2018 жылы 44 болған. Олардың көбі – Түр­кістан (12), Жамбыл (7), Атырау (6) және Батыс Қазақстан (4) об­лыс­тарында.

Бұл жағдайды жауапты шен­ділер мен әкімқаралар қанша­лықты түзей алды? Қазір 31 апат­ты мектеп қалыпты. Олардың басым көпшілігі – Түркістан (7), Батыс Қазақстан (5), Атырау (5), Жамбыл (4), Қостанай (3) облыс­тарында. Бұл ретте үш өңірде мәселе шешіле бастағаны, ал БҚО мен Қостанай жақта керісінше, ушыға түскені аңғарылады.

– Республикалық бюджет есебінен жаңадан 115 мектеп, жергілікті бюджет қаражатына 79 мектеп салынуда. Алайда бұл көрсеткіш бәрібір жеткіліксіз. Демографиялық өсім мен көші-қон үдерісіне байланысты қажет­тілік өсуде. Мысалы, бір Алматы облысының өзінде үш ауысымды 30-дан астам мектеп бар. Алдағы 1 қыркүйектен бастап, бұл өңірде 50-ден астам мектеп үш ауысымда оқытуға көшкелі тұр. Нұр-Сұлтан қаласында да жыл сайын балалар қатары 20 мыңға өсуде. Бұлардың барлығын оқушылық орынмен қамту үшін жекеменшік мектеп­терді ашу өте маңызды. Сон­дықтан мектептерді жан басына қарай қаржыландыруды енгізу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл жекеменшік мектептер санын көбейтуге ықпал етеді, – деді А.Аймағамбетов.

Бұған дейін жекеменшік білім ордаларының саны елімізде 121 болса, биыл 146-ға жеткен. Жыл соңына дейін ақылы тағы 23 мек­теп ашылады деп күтілуде. Оларға баратын шәкірттердің оқу ақысын белгілі бір көлемде мемлекет бюд­жеттен субсидиялайтын болады.

Айта кету керек, 2017 жылдың басында білім беру мәселелеріне арналған Үкімет отырысында сол кездегі Ұлттық экономика ми­нис­трі Тимур Сүлейменов 2018 жылы үш ауысымды оқыту проб­лемасы шешілетінін мәлімдеді.

– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, үш ауысымды оқытуды 2018 жылы толық жою және мектептердің апатты ғима­раттарын пайдаланудан бас тарту қарастырылған. Осы мақсаттарға 2016 жылы 57,4 миллиард теңге бөлінді және ол қаржыны жер­гілікті атқарушы органдар толы­ғымен жұмсады. 2017 жылы бұл бағытқа тағы 80 миллиард теңге бөлінеді, – деген еді бас эконо­мист. Ұқсас ақпаратты сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те ұсынған.

Миллиардтардың бәрі иге­рілді, құрылыс компания­ларына аударылды, әлдекімдер қалтасына түсті. Алайда Үкіметтің уәдесі сол бойы орындалмады. Әрине, шенеуніктер мәселені шешуден бас тартып отырған жоқ. Тек министрлердің халыққа беретін сөзінің сағыздай созылғыштық қасиеті барлығы қынжылтады.


Кейіндері Үкімет алдына үш ауысымды және апатты мектеп­терді 2020 жылға дейін жою мін­деті қойылды. Дегенмен сарап­шылар атқарушы билікке келесі жылы бұл меженің бағынарына шүбәланады. Жақында, 15 шіл­деде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласында түйіні тарқатылмай отырған түйткілдерге тоқтала келе, «апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мә­селесі әлі де өзекті» екенін ес­керт­ті. Оның үстіне ел Прези­дентінің пайымдауынша, білім беру ұйым­дарының материалдық-техни­калық базасының нашар жабдық­талуы «жағдайды ушық­тырмаса, жеңілдетіп тұрған жоқ».

Үкімет басшысының орын­басары Гүлшара Әбдіқалы­қо­­ваның айтуынша, Қ.Тоқаевтың бұл тапсырмасын орындау үшін 2020 жылдан бастап мектептер құрылысын және оларға күрделі жөндеу жүргізуді қаржы­лан­ды­рудың жаңа әдістемесі қолда­нысқа енгізілмек. Онда мектеп жасындағы балалардың санына байланысты жан басына шаққан­дағы қаражатты өңірлерге аудару көзделеді. Яғни, бюджет қаржысы әр оқушының соңынан еріп жү­реді. Сонымен қатар мектептерді салу кезінде мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік (МЖӘ) тетігі қолданылатын болады.

– Жергілікті атқарушы орган­дар мектептерді күрделі жөндеуді толығымен қаржыландырмайды. Бұл жыл сайын апатты мектеп­тер­дің өсуіне алып келеді. Қазақ­стан­дағы білім ордаларының 44 пайы­зы 1980 жылға дейін салын­ған. Осы ескере отырып, әкімдік­тер­ден күрделі жөндеуді тиісті қаржы­ландыру көлемін ұлғайту жолда­рын қарастыруды сұрай­мын. Биыл 323 мектепке күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі. Бұл жалпы қажеттіліктің 45 пайы­зын ғана құ­райды, – деді Үкімет отыры­сын­да БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов.

Ол күрделі жөндеу 194 мек­­тепте аяқталмағанына назар ­ау­дарт­ты.

– Ақмола, Алматы, Атырау облыстарында жөндеу жұмыс­тарының аяқталмау қаупі болды. Премьердің тікелей тапсырмасы бойынша бұл мектептерге қо­сымша жұмысшылар тартылды. Олар бүгінде 2-3 ауысымда жұмыс істеуде. Жалпы, өзім біраз мек­тепті аралап, қарадым. Министр­ліктің бақылаушыларын да жі­бердік. Тұтастай алғанда, жұмыс қарқыны жақсы. Осы мектептер 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұ­мыстарын аяқтайды. Ал, 7 мек­теп­те күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтамау қаупі сақ­талуда. Оның төртеуі – Қостанай облысында, екеуі – СҚО-да, бі­реуі – Жамбыл облысында, – дейді Білім және ғылым министрі.   

Әйтсе де, оның байламынша, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерде балаларды оқыту жалғастырылады.

«Бұл мектептерде оқу процесі тоқтатылмайды. Қажет болған жағдайда оның оқушыларын жақын орналасқан мектептерге жеткізу қамтамасыз етіледі. Ата-аналар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргіздік», – деді А.Аймағамбетов.

Қазақстан бойынша 25 637 ба­ланы мектепке жеткізу үшін 918 ав­тобус пайдаланылады. Негізі, егер мектеп ауылдан 3 шақырым­нан қашықта орналасса және елдімекендер арасында тау, өзен-көл секілді табиғи тосқауылдар тұрса, онда жергілікті билік оқушыларды автобуспен апаруды жолға қоюы шарт. Әйткенмен, бұлай жасауға көп жерде көлік тапшы. БҒМ дерегінше, Түркістан облысында – 50, СҚО-да – 44, Ақтөбе облысында – 33, Алматы облысында – 23, Қостанай об­лы­сында – 16, Ақмола облысында – 7, БҚО-да – 5, Қызылорда облы­сында – 3, ал Қарағанды, Атырау, Павлодар облыстарында – бір-бірден, жалпы – тағы 184 мектеп автобусына деген қажеттілік бар.  

Бұл сан бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бірақ 2019 жылы 48 мек­теп көлігі сатып алыныпты: Ақмола облысы – 31, Түркістан об­лысы – 6, Алматы облысы – 3, Ақ­төбе облысы – 2, Атырау об­лы­сы – 2, Қостанай, Павлодар, Қа­рағанды, Қызылорда өңірлері – біреуден.

Вице-премьерГ.Әбдіқа­лы-­қо­ва білім орындары оқушы қа­был­дауға дайын болуы үшін бірнеше мәселе шешімін табуға тиістігін білдірді.

– Жаңа оқу жылының бас­талуына бірер апта ғана қалды. Соған байланысты БҒМ мен әкім­дердің назарын бірқатар мә­селе­лерге аударғым келеді. Бі­ріншіден, соңғы жылдары 1-сы­нып оқу­шы­ларының саны кө­беюде. Тиісінше, оқушы орында­рының жетіс­пеу­шілігі артуда. Ен­деше, оқытудың қауіпсіз жағ­дай­ларын жасау мақ­сатында әкімдер мектеп дирек­тор­ларымен, ата-аналармен бірлесіп, бала­лар­дың бейімделуі, сабақ режимінің санитарлық-эпиде­миологиялық нормаларға сәйкес келуі мәсе­лелеріне ерекше назар аударғаны жөн. Екіншіден, алыс ауылдардан оқушыларды тасы­малдау мәселесі сақталуда. Оған 184 автокөлік же­тіспейді. Бұған да әкімдер назар аударуы қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.